«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕСЕЙ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСУ

Осы күнге дейін облысымыздың Ресей Федерациясымен тауар айналымы 302,2 миллион АҚШ долларын құраған. Ал өңіріміздің экспорты 22,2 миллион АҚШ доллары көлемінде екен. Бұл жайлы кеше облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Ресейдің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковпен болған кездесуі барысында айтылды.

Өңіріміздің көршілермен түрлі саладағы қарым-қатынасы туралы жан-жақты әңгімелеген Ерік Хамзаұлы үстіміздегі жылы екі жақтың делегациялары 11 рет кездесіп, 25 құжатқа қол қойғандығын атап өтті. Ресейлік инвесторлар қызығушылық танытса, өңірімізде өңдеуге қолайлы жерлер бар екендігін атап өтті. Мұндай ұсыныс өнеркәсіп саласына қатысты да айтылды.  

Өз кезегінде Михаил Бочарников біздің өңірдің екі елдің арасындағы байланысты нығайтуға зор үлес қосып отырғанын айтты. Шекаралас өңірлердің бір-бірімен әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін тілге тиек еткен елші осыдан біраз уақыт бұрын біздің тарапымыздан шекарада ет өңдеу пункттерін ашу жоспары болғандығын есіне түсірді. Ерік Сұлтановтың айтуынша, бүгінгі таңда Ресей етті тірі салмақпен сатып алуда. Өңірімізде ет өңдеу қолға алынғанымен, шығарылған өнім сұранысты толық көлемде өтей алмай отыр. Облыс әкімі егер осы салаға инвестиция табылса, қолдауға болатындығын жеткізді. Ал Михаил Бочарниковтың бұл мәселеге ерекше назар аударуының да өзіндік себебі бар – Ресейде қара малдың еті тапшы.

Осылай екі елдің шекаралас өңірлерінің бірлесе жүзеге асырып жатқан жұмыстарына қатысты пікірлерін, ұсыныстарын білдірген облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Ресей Федерациясының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников кездесу соңында бір-біріне естелік сыйлықтар табыс етті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp