«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕСПУБЛИКАДА ҮШІНШІМІЗ

Алматы қаласында жалпы білім беретін мектептер оқушылары арасында қазақ тілінде өтетін “Жарқын болашақ” олимпиадасының республикалық кезеңі аяқталды. Аталмыш сайыс халықаралық “КАТЕV” қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Солтүстікқазақстандық сайыскерлер жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.

Ұлтымыздың мәдени, әдеби және рухани қазыналарын насихаттау және ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту мақсатында жыл сайын өтетін “Жарқын болашақ” олимпиадасында облыс намысын 9 оқушы – Петропавл қаласындағы Ж.Тәшенев атындағы №20 орта мектептен Мейіргүл Әбілмәжінова, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттан Айғаным Уланова, Сымбат Абилова, Айдана Сағындықова, Қызылжар ауданының Совхоз орта мектебінен Сұлтан Надиров, Кондратовка орта мектебінен Игорь Уланов, Пеньково орта мектебінен Аяна Дзортова, Уәлиханов ауданы Чехов орта мектебінен Виктория Вюшкина, Тайынша ауданы №5 орта мектебінен Аружан Сүлейменова қорғады.

Сайыста “Тілші-әдебиетшілер” бағыты бойынша Виктория Вюшкина – І орын, “Сөз шеберлері” бағытында Сұлтан Надиров, “Жазушылар” бағыты бойынша Аяна Дзортова, “Жас ғалымдар” бағытында Айғаным Уланова, “Әнші бұлбұлдар” бағытында Игорь Уланов ІІ орын иегерлері атанды.

Республикалық кезеңде үздік командалар анықталып, І орынды – Оңтүстік Қазақстан, ІІ орынды – Алматы, ІІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысы иеленді.

Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 11-сынып оқушыларына 25 грант бөлінбекші, оның тоғызы шет мемлекетте жүрген қандастарымызға, қалған он алтысы осы олимпиадада жүлделі орындарға ие болған түлектерге берілмек. Олимпиаданың ақтық кезеңі 30 сәуір күні Астана қаласында өтеді. Нақты грант иегерлері сол күні анықталады.

Жанна ӘБІШЕВА,

Ж.Тәшенев атындағы №20 орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp