
Менің бойымда газет оқу мәдениетін қалыптастырып, баспасөзге деген махаббатымды оятқаны үшін әкеме өмір бақи қарыздармын. Әкем қарапайым механизатор, шешем сауыншы болғанымен, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар еді. Бала күнімізден бізге “Пионер”, “Балдырған”, “Жұлдыз”, “Лениншіл жас”, “Комсомольская правда”, “Правда”, “Ленин туы” деген газет-журналдарды жаздырып, оқытты. Үйімізде керемет мүлік, жиһаз болмаса да, газет-журнал, кітап аз емес еді.
“Ленин туы” газеті танымал болуыма ықпал етті. Ең алғаш рет бұл газетке қашан шыққаным есімде жоқ. Дегенмен, қазақ мектеп-интернатының бастауыш сыныптарында оқып жүрген кезімде сұхбат бердім. Ол кезде газетке аса құрметті, ардақты адамдар туралы ғана жазылатын.
Кезекті бір байқаудан бас жүлдемен оралғанымды облыс әкімі газеттен оқып, қазіргі Есіл, бұрынғы Ленин ауданының әкіміне мені марапаттау туралы тапсырма беріпті. Сонда маған бір жылқы атап, 8 мың теңге ақшалай сыйлық бергенін әлі ұмытқан жоқпын. Сол ақшаға өзіме және әпкеме екі жұп былғары етік сатып алып, соны студенттік шағыма дейін кигенімді қалай ұмытайын?! Осының бәрі газеттің маған жасаған жақсылығы еді.
“Soltústіk Qazaqstan”-ның қазіргі басшысы Жарасбай Сүлейменовті әкемдей көремін. Ол кісі мені бала күнімнен қанатының астына алып, қамқорлық жасады.
Мен үшін “Soltústіk Qazaqstan” 100 жасқа келіп отырған қария іспетті. Бұл басылымның өзім қазір қызмет істеп жүрген қарашаңырағым – Мұхтар Әуезов атындағы театрдан да жас үлкендігі бар. Сол кездегі де, қазіргі де редакция ұжымына шексіз ризашылығымды білдіріп, басымды игім келеді.
Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі.