Облысымызда “Даму-көмек” бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау дәстүрге айналған. Петропавл қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында “Диқаншы фирмасы” компаниясы екі кәсіпкердің аяғынан нық тұрып кетуіне мүмкіндік жасады.
Бала күннен мүгедек Бағлан Шахметқызы арнайы курсты тамамдаған соң үйінде шаштараз қызметін көрсетіп, шағын бизнесін қолға алған еді. Азын-аулақ табыс тауып, көңілі орныққан шебер ісін әрі қарай жандандыруды көздейді. Алға қойған мақсаты зор. Демеуші компания кәсіпкердің жоспарын жүзеге асыру үшін оған кәсіби құрал-жабдықтар сатып әперді. Қызметінің сапасын арттырып, тұтынушылар қатарын көбейтуге мүмкіндік алған Бағлан Шахметқызы қолдаушыларына ризашылығын білдірді.
Ал Ботагөз Серікбаева Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында тұрады. Тігіншілікті таңдаған ол ұлттық бұйымдар тігуге әуес. Бұл күнге дейін қолмен тігіп келсе, жақында оған демеушісі электр қуатымен жұмыс істейтін тігін машинкасын сыйға тартты.
Амангелді БЕКМҰРАТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген автор.
