Ринат Губайдуллин Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС-де бригадир болып еңбек етеді. 2007-2010 жылдары Петропавл қаласындағы экономикалық колледжде қаржыгер мамандығы бойынша білім алып жүрген кезде өзінің туған жердің топырағынан алысқа ұзай алмайтынын сезінген. Сондықтан жас маман елге оралып, отбасын құрып, бүгінде ауылдың үлкендері ризашылықпен қарайтын азаматы болып қалыптасып келеді. Сөзі орнықты, ойы жігерлі жігіт бастапқыда шаруашылық бригадирінің орынбасары болып еңбекке машықтанса, бүгінде “Дайындық” серіктестігі басшысының сенімді оң қолы.
Екі баланың әкесі өзінің отбасылық жағдайын да жақсартып келеді. Былтыр шаруашылық есебінен салынған жаңа үйде қоныстойын тойлап, оның 500 мың теңге төлемін 6 айда жапқан. “Тұрақты жұмысым бар. Балалар үшін балабақша мен мектеп іргеде. Кіндік қаным тамған ауылым жыл санап көркейіп келеді. Осындай жетістіктің жетегінде жүргендіктен басқа нені армандауға болады?!” – дейді Ринат Губайдуллин.
Талғат ТӘНІБАЕВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.
