Петропавлда “ҚазPоботикс – 2018” халықаралық фестивалінің “KazRoboSport – 2018” спорттық робототехника чемпионатының ақтық кезеңі өтуде. Оған Қазақстанның барлық өңірі мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің 300-ге жуық өкілі қатысуда. Оқушылар сарайында өтіп жатқан робофестивальдің ашылу салтанатында өңір басшысы Құмар Ақсақалов жастарға сәттілік тіледі.
“ҚазРоботикс” білім беру және спорттық робототехниканың қазақстандық федерациясы Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шараны Петропавлда өткізуді ұйғарыпты. Ұйымдастырушылар дарынды жастарды жуырда тұсауы кесілген Оқушылар сарайымен таныстыруды да мақсат еткен. Жыл бойы өткен робототехника байқауларының жеңімпаздары ІТ-орталықтың мүмкіншіліктерін зор ықыласпен тамашалады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болашақ табиғи ресурсқа бай елдің емес, заманға сай білімге ие мемлекеттің қолында екенін жиі айтады. Соған сәйкес ұрпағымыздың озық үлгідегі технологияларды меңгере отырып, сапалы білім алуына жол салып келеді. Бүгінгі таңда жастарымыздың халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындарға ие болып, өз білімдерін көрсетуі соның дәлелі, – деді Құмар Іргебайұлы.
Чемпионатқа қатысушылар робоспорттың алты деңгейі бойынша сайысады. Ол үшін теннис орталығында жарыс алаңдары жасалды. Оқушылар жасаған роботтар сумо, биатлон, эстафета және лабиринт сынақтарынан сүрінбей өтуі тиіс. Сайыстың әр түрінен көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанып, облыс әкімінің сыйлығына ие болады.
– Былтыр Ақтөбеде өткен чемпионатта қарағандылық жастар мықты екендерін дәлелдеді. Солтүстік Қазақстан облысының жас робототехниктері де жекелей сайыстардың жеңімпаздары атанған еді. Бүгінде біздің федерация алдында тұрған басты мақсат – өңірлер арасындағы робототехниканы дамыту, – дейді “ҚазРоботикс” федерациясының прзиденті Айжан Жакеева.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.