«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РОБОТ ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жазушы Дәнеш Ахметұлының “Робот және алтын асық” атты заманауи ертегілер жинағына ие болды.

Балалар жазушысы Дәнеш Ахметұлы оқырмандар арасында ертегілерімен танымал. Ол халықаралық “Дарабоз” бәйгесінің лауреаты атанған. Қаламгердің “Адал ас”, “Нан мен тұз”, “Қанатты сандықша”, “Бүлдірген қалың шыққан жыл” және тағы басқа кітаптары оқырман жүрегінің төрінен орын алды. Ал жазушының осы жолғы туындысы жаһандану заманында, техниканың дамыған дәуірінде тәрбиеленіп келе жатқан балалардың сұранысын толықтай қанағаттандырады. Кітапқа “Жаңғалақ”, “Айлы түнгі айқас”, “Бөгде құстар”, “Қимас достар” атты ертегілер енгізілген. Қиял-ғажайып ертегілердің басты кейіпкерлері – заманауи техникалар, яғни ұшатын сандықшалар мен роботтар. Мәселен, “Жаңғалақ” ертегісінде Алатау­дың баурайында түрлі техника атаулының құрылтайы өтеді де, теміртізгінді өнерпаздар бір-бірімен жарысқа түседі. Ал “Қимас достар” ертегісінде ұшу алаңына жанармай таситын қарапайым жүк машинасы мен алып лайнердің арасындағы достық туралы баяндалады.
“Робот және алтын асық” ертегісі – қырық өтіріктің жаңа түрі. Бұл ертегіде қалта телефоны, сымсыз рациялар, ұшатын “тәрелкелерді” кездестіреміз. Бас кейіпкер шыр етіп дүниеге келіп, ержеткен соң анасымен сырласып, үйленгісі келетінін айтады. Сөйтіп, ол әлденеше жылдар бойы күтіп жүрген ғашығын тауып, отау құрады. Бірақ олардың балалары болмайды. Зайыбы көк аспанға саяхат жасасақ, бала дегенің өзінен-өзі табылады дейді. Олар қанатын жайып жіберіп, көгілдір аспанға қалықтай жөнеледі. Кенет ер-азамат әйелінен көз жазып қалады. Оны іздеп, Күнге, Айға тіл қатады, бірақ олар жауап бермейді. Ұшып келе жатқан жұлдыздан сұрайды. Ол: “Аспанға емес, төменге қара”, – дейді. Жерге қараса, зайыбы ақша бұлттың үстінде от жағып, шай қайнатып отыр екен. Оларға ұшатын “тәрелке” кезігеді. Ішінен көк киім киген адамдар шығып, сәлем береді. Бұлар роботтар еді. Оқиға осылайша жалғаса береді.
Бұл қызықты кітапты оқыған балалардың бойында туған жерді құрметтеуге, Отанды сүюге деген жақсы қасиеттер қалыптасады.


Майра МАҚЫШЕВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp