«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ АЗЫҒЫМЫЗ

Қазір аласапыран ақпарат дәуірі. Жаңалықты жедел жеткізетін түрлі ақпарат көздері бар. Бірақ біз үшін газеттің орны қашан да бөлек. Өйткені, дәстүрлі баспасөздің өзіндік артықшылығы көп. 

Біз, аға буын өкілдері, өңіріміз­де­гі кез келген саланың тыныс-тір­шілігімен газет арқылы таны­сып отырмыз. Экономика, әлеу­мет пен мәдениет салаларына қатысты мақалаларды оқып, көк­жиегімізді кеңейтіп, жан дүниемізді байытамыз. Мерзімді баспа­сөз – тарихтың куәсі іспетті. 

Мен “Soltústіk Qazaqstan” газетінің байырғы авторларының бірімін. Ұмытпасам, 1949 жылы “Ленин туына” ауылда жұ­мыс істемей тұрған мәдениет оша­ғын сынап “Құлыптаулы клуб” де­ген тақырыпта мақала жаздым. Бұл менің облыстық газетте жа­рық көрген ең алғашқы сыни ма­қалам болатын. Ал аталмыш басылымда 1954 жылы “Алтын заң” деген алғашқы өлеңім жарық көр­ді. Сол жылдары “Ленин туының” бір нөмірінде Әли Мұсаханов, Рах­метолла Уәлиев сынды об­лыс­­қа танымал бір топ ақын-жазу­шының суреті басылды. Осын­дай зиялы қауыммен қатар сурет­ке түсу мен сияқты оқушыға үлкен мәртебе болғаны шындық. Сон­дықтан әдебиетке құштарлығым­ды оятқан редакциямен шығармашылық байланысымды бүгінгі күнге дейін үзген емеспін. Рухани азығыма айналған газет кейде өз уақытында қолыма тимесе көңі­лім құлазиды.
Әр жылдары газет бетінде түр­лі тақырыптарда мақалала­рым мен өлеңдерім жарық көрді. Бас­пасөзде қалам тербеген аз-кем еңбегім ескеріліп, Қазақстан Рес­публикасы Журналистер одағы­ның Құрмет грамотасымен мара­пат­талдым. Мен үшін бұл зор құрметтің белгісі.
Қоғамды ұлы істерге ұйысты­рып, халықты ізгілікке, жанашыр­лық пен әділдікке тәрбиелейтін га­зет ұлттың үні іспетті. Өкінішке қа­рай, жастар қазір газет-журнал, кі­тап оқымайды. Өскелең ұрпақ­тың компьютер, смартфонның же­тегінде кетуі аға буынның үрейін туғызып отыр. Қоғамды газет ар­қы­лы тәрбиелеудің маңызы зор. Сондықтан баспасөзге жазылу науқанында облыстағы жалғыз қазақ басылымына жанашырлық таныту игі іс. Бұл орайда, газетті та­рату, оқырмандардың санын арттыру үшін қоғамдық ұйымдар­мен, мемлекеттік мекемелермен, оқу орындарымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет деп ой­лаймын. Жастармен, оқырман­дар­мен өткен кездесулерде ба­сылымның артықшылығы туралы айтылу қажет. Сонда ғана газет­тің жанашырлары артып, оқыр­мандары көбейе түспек.
Бұқараның жағдайын шынайы жеткізуде әр мақаланы терең зерттеп, саралайтын тілшілер қауымының ең­бегі әрқашан елеулі. Бұрнағы кез­дерде газет бетінде жазылған сын пікірлерге, мәнді ұсыныстар­ға тиісті көңіл бөлінетін. Шыққан материалдарға орай қандай шешім қабылданғанынан қоғам хабардар болатын. Өлеңдерге талдау жасалып, редакция ал­қасы тиісті баға беретін еді. Ре­дакция мүшелері осы мәселелер­ді қайта жаңғыртса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Алаш­тың ұлттық мінбері болып сана­ла­тын бір ғасырлық ғұмыры бар шежірелі “Soltústіk Qazaqstan” газетіне баршамыз қолдау білді­рейік! Газеттің жүз жылдығы қар­саңында ана тіліне жанашыр әр адам басылымға жазылса, қазақ баспасөзінің қарашаңырағына көрсетілген құрмет болар еді.

 

Болат САҒЫНДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp