«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ БАЙЛЫҚ

Мектеп кітапханасы тек оқулықтар таратып, оны оқу жылы аяқталысымен жинап алумен шектелмейді. Сабақ басталысымен кітапхана да жаңа оқу жылына жоспар құрып, балаларға жан-жақты тәрбие бере бастайды.

Атаулы мерекелерге көрме ұйымдастыру – кітапхананың негізгі жұмыстарының бірі. Мектебімізде Қазақстан Республикасының Конституциясының 20 жылдығына орай “Ата Заңым – мақтанышым, қорғаным”, Тілдер мерекесіне арнап “Тілім менің – қасиетім, қазынам” атты көрмелер ұйымдастырылып, 6-сынып оқушыларымен осы тақырыпта іс-шаралар өткізілді. Жоғары сынып оқушылары үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарының көрмесі ұйымдастырылып, олар “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауымен танысты.  

Мектепте өтетін шаралар оқушылардың өз тілдерін дұрыс меңгерулеріне, сөздік қорларын молайтуға, өзге тілдің бәрін білсе де, өз тіліне құрметті қалыптастыруға үйретіп, олардың топ алдында қысылмай, мәдениетті, еркін сөйлеу дағдысын жетілдіреді.

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылды. Жыл кітабына Жеңістің 70 жылдығына байланысты Сайын Мұратбековтің “Жусан иісі” шығармасы таңдалды. Осы іс-шараға 10 “Б” сыныбының оқушылары қатысты. Оқушылар шығарманы жаппай оқып, осы заманмен салыстыра отырып, өз ойларын қызу талқыға салып, көрініс қою арқылы басқа оқушыларға жеткізе білді.

Кітапханашының басты міндеті – кітапты ұсынбастан бұрын бала бойындағы қызығушылықты ояту. Мысалы, баланың жас ерекшелігіне қарай кітап таңдауға көмектесу қажет. Оның кітапқа құмарлығын арттыру үшін сол кітаптың бір қызықты жерінен үзінді оқып, ынталандырған дұрыс. Сонда бала кітапханаға жиі келетін болады. Сондай-ақ, белгілі тақырыпқа орай көрініс қою кезінде бала бойындағы адамгершілік қасиеттер жақсы ашылады және оқушы санасында ұмытылмас із қалдырады. 3-сынып оқушыларымен өткізілген “Әдептілік – әдемілік белгісі” атты шарада шағын көрініс қою арқылы оқиға желісінің баланың есінде ұзаққа сақталуына жағдай жасалды.

Бастауыш сынып оқушыларын кітап оқуға баулудың тағы бір жолы – мазмұнын сурет бетіне түсіру. Оқушылар үзіліс кезінде оқыған кітаптарының мазмұнын айтып үлгере алмайды. Осыған байланысты кітапханада “Мен оқимын, саламын” деген тақырыпта сурет көрмесін ұйымдастырдық. Әр оқушыда “Кітапхана дәптері” бар, олар оқыған кітаптарының тізімін жасап, оның мазмұнын үш-төрт сөйлемге сыйғызады. Бұл баланың сөйлеу мәдениеті мен сөздік қорын молайтады.

Оқушылар қазір “70 жыл ашық аспан астында” атты жас ақындар байқауына дайындалу үстінде. Кітапханада балаларға арналған басқа да іс-шаралар үзбей өтіп тұрады. Соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларының кітап оқуы, оның мазмұнын есте сақтап, баяндау дағдылары артқаны, сөздік қорлары молая түскені жайлы мұғалімдердің жылы лебіздерін естіп жүрміз.

Кітапхана қорында көркем әдебиеттен басқа танымдық энциклопедиялар: “Сен білесің бе?”, “Сұрақ және жауап”, 10 томдық “Қазақстан ұлттық энциклопедиясы”, тағы басқа да журналдар жеткілікті. “Ертегі әлемінде”, “Айгөлек”, “Балдырған”, “Мөлдір бұлақ” журналдарын бастауыштың балалары қызыға оқиды.

“Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады”, – деген екен Мұхтар Әуезов. Кітап арқылы біз өткенге көз жібереміз, жақсысынан тағылым аламыз. Қымбат мұра ретінде бағалаймыз. Түсіне білген адамға кітап сенің досың ғана емес, өмірлік серігің де болады. Өмірде көп нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымызды ешқашан жоғалтпай, келешек ұрпақ асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай беруіне жағдай жасайық.

Үміт ӘБЕНОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы

облыстық дарынды балаларға мамандандырылған

гимназия-интернатының кітапхана меңгерушісі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp