
Талшық ауылындағы өнер мектебінің тәрбиеленушілері облыстық, республикалық конкурстарда алдыңғы орындардан көрініп, ұстаздарының мерейін арттырып жүр. Мәселен, Гүлшара Іздуалиева жетекшілік ететін Бекзат Темірхан өткен жылы домбыра сыныбы бойынша республикада бірінші орынды иеленсе, биыл 100-ден астам орындаушылар арасында Гран приді жеңіп алды. Бұл – оның табанды да жүйелі дайындығының нәтижесінде келген жеңіс.
Осындай ерік-жігердің және ұдайы жаттығудың арқасында Аружан Ерғалиева (1-орын), Жансая Шерғалиева, Ботагөз Насипат, Жанар Күдиярова, Айнаш Ғаббасова (2-орын), Айдана Төлеубекова, Дарын Дүйсенбай (3-орын) республикалық конкурс лауреаттары атанды. Домбырашылардың “Жігер” ансамблі биыл Астана қаласында өткен республикалық гала-концерттің шымылдығын ашты. “Айтұмар” би ансамблінің орта және кіші құрамының орындауындағы билер Астанадағы Жастар сарайы көрермендерін тәнті етті. Олар сахнаға шыққан бишілер тобын зор қошеметпен қарсы алды. “Айтұмар” би тобы – бүгінде республикалық “Сәлем, Астана!” конкурсының екі мәрте лауреаты.
Мектебіміздің қобызшылары мен “Бұлбұл” вокалдық тобы да өз өнерлерін алғаш рет үлкен сахнада паш етсе, үстіміздегі жылы “Қылқалам” және “Домбыра” сыныбын тамамдаған түлектер куәлік алды. Мәдениет үйінде өткен “Тарихтан – мұрағат, ұрпаққа – ұлағат” атты конкурсқа қатысқан болашақ суретшілер өздерінің қиялдарынан туындаған шығармаларын көрермендер назарына ұсынды. Олардың арасында да жеңімпаздар анықталып, мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болғандар бар.
Аудан әкімі Серікбай Тұралинов пен ата-аналар да ұстаздарды барынша қолдап, жан-жақты көмек көрсетті. Әр баланың бойындағы дарынын ашып, олардың жүрек пен жан үйлесім тапқан өнер әлемінің қылын шертуіне, рухани байып, тазаруына үлестерін қосып жүрген ұстаздар да алғыс пен марапатқа бөленді.
Салтанат МҰҚАНОВА,
өнер мектебі директорының
орынбасары.
Ақжар ауданы.