«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РУХАНИ ДАУА ДЕУГЕ БОЛАДЫ

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Ораза – адам үшін рухани дауа іспетті. Адам ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, қартаймай тұрып жастықтың қадірін түсінбегендей ораза ұстамайынша Алланың беріп жатқан сансыз нығметтерінің қадірін жете түсінбейді. Ораза арқылы адам рухани өсіп, тақуалығы арта түседі, Жаратқанның бұйырған әмірлеріне бас июді үйренеді. Басқа құлшылықтар: намаз, зекет, қажылықта рия араласуы мүмкін болса, оразада адам олай жасай алмайды, ол тек шынайы Алла үшін ғана болады.

Ораза ұстаушы адамның оразаны қалай ұстағанына байланысты деңгейлері үш түрлі болады. Бірінші деңгейдегі адамдар таңның атысы күннің батысы тек ішіп-жеумен, төсек қатынасынан тыйылумен шектелсе, екінші деңгейдегі адамдар дене мүшелерімен жасайтын күнәлардан шектеледі: олар өсек-өтірік тыңдамайды, харам нәрселерге қарамайды, ешкімді балағаттамайды, қолымен тек Алланың бұйырған несібесін теріп, аяғымен тек бұйырған жеріне барады. Үшінші деңгейдегі адамдар – жүрегімен ораза ұстайтын жандар, олар дүниелік ойлардан арылған барлық құлшылығын тек бір Алланың разылығына арнаған. Ондай адамдар қиямет күні пайғамбарлардың Алланың жақын пенделердің қатарында болады.

Осы деңгейлерді жеке-жеке саралайтын болсақ, бірінші деңгейдегі адамдарға Алла тағала олардың ниеттеріне байланысты еселерін береді. Аллаһ елшісінің (с.а.у): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі, – деген хадисі бар. Демек, кімде-кім бір мақсатта ораза ұстаса, Алла тағала сол ниетіне қарай мақсатына жеткізеді. Мұндай мақсат ұстаған адамдар Алланың сауабына кенелмейді, өйткені оның ниеті Алланың разылығы болмады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде:  

من لم يدع قول الزور والعمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه وشرابه

“Кімде-кім ораза кезінде жалған сөйлеуін доғармаса, Алла тағалаға оның тамақтан, сусыннан тыйылғанының қажеті жоқ».

Екінші деңгейіне келер болсақ, олар – сыртқы дене мүшелерін харамнан тыйғандар.

1- Көз. Адам баласы көзінің көру қабілеті жақсы кезінде көбінесе бұл өзіне берілген ұлы сыйдың қадірі туралы ойланып та жатпайды. Көру қабілетінің арқасында адам әлемді көріп, нәпақасын тауып, білім алады. Бірақ, көбіне бұл сыйды басқа бір нәрселерге, тыйым салынған істерге, нәпсіқұмарлыққа пайдаланады. Ораза ұстаушылардың бұл деңгейі жанарларын ораза кезінде харам суреттерден, арсыз кинолардан, біреудің харам жеріне көз салудан сақтанғандар.

2-Тіл. Аллатағаланың адам баласына берген шексіз сыйының бірі – cөйлеу қабілеті, яғни тіл. Тіл – адам көкейіндегісін, ой тұнығында жатқан сезімдерін жеткізуші құралы. Оны ұштай білген, еркіне бағындыра алған адам асқақ мұратына жетеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: “Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны тозақтың түбіне лақтырады”, деген. Адамның тілімен жасайтын күнәларының басым бөлігі мыналар: ғайбат, өсек айту, келемеждеу, жағымпаздық, өтірік айту т.б… Сол себепті ораза кезінде мұсылман тіліне қақпақ қою керек.

3-Есту. Ораза кезінде мұсылман құл барлық Алланың бұйырмаған естілуі харам болған өсек, өтіріктен бойын аулақ ұстауы ләзім. Алла тағала Құран кәрімде :

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ

“Олар, өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер” деп айтқан.

4-Қалған дене мүшелері. Аяғы тек қайырлы нәрселерге ғана бастауы тиіс, арақ, шарап, ойын-сауық сияқты күмәнді жерлердің барлығынан аулақ болады. Қолы болса тек халал ризықты ғана тереді, харам ризықпен тамақтанбайды, оны кәдеге жаратпайды. Сол секілді ауызашар уақытында да шамасынан тыс ысырапқа беріліп жемейді. Өйткені тоқшылық адамды неше түрлі ауруларға апарады, оның тарауық оқып, ғибадат жасауына кедергі болады.

Құрметті мұсылман бауырлар! Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде келгендей Рамазан айында тұтқан ораза бізді сабырлыққа, нәпсімізді тәрбиелеуге, қиындыққа шыдас беруге үйретеді. Бұл қасиетті айда тұтқан оразаларымызды Аллаһ тағала қабыл етіп, қиямет күнінде ораза ұстағандар ғана кіретін ар-Райян есігінен кірушілер қатарынан етсін. Әмин!

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

облыстық “Қызылжар” орталық

мешітінің ұстазы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp