Замандас көрнекті орыс ғалымдары “Аққан жұлдыз” деп атаған Шоқан Уәлиханов, шын мәнінде, өзінің небәрі отыз жыл ғұмырында “Қазақ даласының асқан зиялысы” дегендей де баға алып, өз дәуірінен оза туғаны анық еді. Ол өзінің жаратылысынан дарыған зор білімдарлығымен достары түгілі, дұшпандарын да өзіне тәнті етіп өтті.
Шоқан өзінің қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында С. Дуров, Ф. Достоевский, А. Майков, Г. Потанин, П. Семенов-Тянь-Шанский сияқты жазушылармен және ғалымдармен ғана емес, патша армиясының көрнекті қолбасшыларымен, ірі шенді әскери қызметкерлермен аса жақын қарым-қатынастар арқылы достық тілеулестікке бөленді.
Әрине, Шоқан туралы зерттеулер жан-жақты және терең мазмұнды болғанымен, оның, әсіресе, әскери адамдармен жақын байланысы жайлы арнайы жазылғандары аса көп еместігіне көз жеткіздім. Александр екінші патшаның қазақ арасынан шыққан зерделі оқымыстының демократиялық көзқарасын екеуара кездесу үстіндегі әңгімеден және Шоқанның Қашқар сапарынан кейінгі іс-әрекетін жіпке тізгендей аңдып отыратын жандайшаптары арқылы білетінінен хабардар Шоқан достары өте сақтық жасағанын түсінуге болады. Сондықтан Шоқанның достарына жазған хаттары, олардың бір-бірімен жауаптасуы өте құпия жағдайда, пошта арқылы емес, ең сенімді деген адамдардың қолма-қол тапсыруымен жүзеге асырылып отырған.
Сол себепті кейбір адал ниетті адамдар Шоқанның еңбектеріне, іс-әрекетіне сүйсінген бағаларын анық та ашық айта алмаған. Есесіне, Шоқанның Қашқар сапарындағы Ресей үшін Шығыс Қытайдың құпияларын ашып берген барлаушылық қызметінің мән-маңызын төмендетіп, тіпті, көпе-көрінеу күмән келтіріп, сонысымен патшаға жағуды көздеген мысық тілеулі дұшпандары емін-еркін сөйлейтін болғаны белгілі.
Бірақ орыс оқығандарының арасында түрлі саяси көзқарастарымен патшаға жақпай, қазақ даласына, Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты орталықтардан алыс жерлерге жер аударылған орыс оқығандары әскери қызметтегі адамдардың санасына сәуле түсіріп, самодержавиенің зардаптарына көздерін жеткізген.
Ондай әскери қызметкерлер Шоқан оқыған білім ордасы – Кадет корпусында да болған. Шыңғыс Уәлиұлына Шоқанды Кадет корпусына түсіруге ақыл-кеңес берген ежелгі досы Дабшинский бала Шоқанды өз перзентіндей көріп, тәрбиелесе, ол есейгеннен кейін тілеулесіне айналған К. Гутковский, М. Хоментовский, М. Перемышельский және басқа прогресшіл офицерлер өздерінің осындай зерделі де ғұлама жаспен достығын аса жоғары ардақтаған.
Осылардың қолдау көрсетуі арқылы Шоқан орыстың ұлы жазушысы Н. Гогольдің, сыншы В. Белинскийдің демократиялық көзқарастарымен танысқан. Александр патшаның бір ағаттығы – ол және оның айналасындағы адамдар орыстың прогресшіл оқығандарын, сенімсіз әскери қызметкерлерін үлкен орталықтардан аластағанымен, бұратана жерлерде солардың идеяларының тамыр жаюына жағдай жасап бергені.
“М. Ю. Лермонтовтың жолдасы Перемышельский Петербургтен “Современник” журналын жаздырып алатын және өзінің пікірлестерімен орыс баспасөзінің осы демократиялық органын бірге оқитын” деп жазды академик Әлкей Марғұлан (“Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы”. Алматы, “Жазушы” баспасы, 1985 ж., 32-бет).
Шоқанның осы достары ол Кадет корпусын тамамдағаннан кейін Омбының генерал-губернаторы Густав Гасфорттың адъютанты қызметіне орналасуына қол жеткізген. Өзінің ақылды да алғыр қызметшісін генерал-губернатор сыйлай білген.
1858 жылдың 28 маусымында басталған Қашқар сапарынан, Шығыс Қытайдың әскери, саяси-әлеуметтік құпияларын ашып бергеннен кейін орыстың көрнекті әскери қызметкерлері ротмистр Шоқан Уәлихановтың Ресей мемлекетіне жасаған осынау қызметін аса жоғары бағалаған.
Солардың ішінде өзінің ежелгі досы Карл Казимирович Гутковский айрықша ілтипат сезімін білдірген. Бір атап айтарымыз, Шоқанның орыс әскери адамдарымен достық қарым-қатынастарының куәсі – олардың бір-бірімен хаттар алмасулары. Шоқан К. Гутковскийге жүрек түкпіріндегі асыл сырларын бүкпесіз, ашық жазады. Мысалы, ол 1864 жылдың 23 наурызында Омбыдан жазған хатында: “Шынымды айтсам, мен шен алу үшін бара жатырмын. Черняев жақсы адам секілді, бәлкім, шенді аямайтын шығар” деп жазады. Ал оның алдындағы бір хатында: “Бізде Колпаковский қырғыз губернаторы болып сайланады, ал Фридрихсті басқа қызметке ауыстырады деген сыбыстар шығып жатыр. Белгілі дәрежеде бұл әділетті де сияқты. Сіз жақсырақ білуге тиіссіз. Мен өзім бұл сыбыстарға еш таңғалмаймын және Колпаковскийді біздің ханымыз етіп қойса, қуанатын да шығармын…”, – дейді (1863 жыл, 16 қаңтар).
Патшаның жасырын жарлығымен Шоқанға Қашқар сапарынан кейін төленіп тұрған 400 сом айлық жалақы алынып қалғанда, ол қаражат жағынан қиналады. Бұған басты себеп – Шоқанның Александр екінші патшамен болған екеуара кездесуде қазақ даласында сауатсыздықты жойып, ел басқарудың демократиялық жолдарын ұсынуы еді. Бұдан қауіптенген патша Омбының жаңа губернаторы Александр Дюгамельге Шоқанды бақылауды қатаң тапсырады. 1861 жылы осы қызметке тағайындалған А. Дюгамель Уәлихановтар әулетінің қазақ даласындағы беделін жоюдың амалын іздестіріп, Атбасар уезінде аға сұлтандық сайлауға түскен Шоқанның жолын кесу үшін хан тұқымы емес, қарадан шыққан шонжар Ерден Сандыбаевты сайлатады. Ол үшін Ерден мырза Омбының жаңа ояздарына қисапсыз пара бергені аян. Параны алып отырғандар губернатордың сенімді адамдары Кури мен Ивашкевич еді. Ол екеуі Уәлихановтардың қас жаулары болған. Шоқанды қорғаған жан досы Карл Гутковский жалғыз қалып, амалсыздан отставкаға кетуге мәжбүр болады.
Бұл сайлауда Шоқан 25 дауыс алса, Ерденнің жақтастары небәрі 14 адам ғана. Соған қарамастан, Дюгамель Шоқанның қарсыласын сайлатып, Уәлихановқа үлкен моральдық залал тигізеді.
Шоқанның әскери достарының ішіндегі ең елеулілерінің қатарында алдымен генерал Герасим Колпаковский мен Түркістанның генерал-губернаторы Константин Кауфманның есімдері аталады.
Герасим Алексеевич Шоқаннан бұрын Г. Гасфорттың адъютанты қызметін атқарған, адал да ақжарқын, досына жанын беретіндей бауырмал адам болған Константин Петрович те осындай қасиет иеленген адам еді. Шоқан осы аса мәртебелі, жоғары лауазымды адамдармен ажырағысыз достық қарым-қатынаста болған. Көптеген хаттар алмасып тұрған.
Шоқан 1864 жылдың наурызы-маусымы аралығында генерал М. Г. Черняевтің Қоқан хандығына қарсы жорығында, Ташкентті алуы кезінде генералдың көмекшісі болып, жергілікті тұрғындармен келіссөздерде тілмаш қызметін атқарған. Алайда, штабсротмистр Шоқан Уәлиханов Черняевтің жергілікті бейбіт, қару-жарақсыз тұрғындарға жасаған қиянатын, оларды жазықсыз қанға бөктіруін, Әулие-Атаны алған кезде қаланы солдаттарына аяусыз талатқанын көре тұрып, басшысына ашық қарсы шыққан. Осы жанжалдың аяғы үлкен даумен бітіп, Шоқан Черняевтің жасағынан бөлініп, Верныйға кетіп қалады.
Осыдан соң ол Алтынемелдегі Тезек төренің ауылына барып, оның қарындасына үйленеді. Содан көп ұзамай түсініксіз жағдайда қайтыс болады (қазірдің өзінде Шоқанның дүниеден өтуі жайында бір ізді зерттеулер жоқтың қасы – З. Ә.).
Оның бұл қазасы Колпаковский мен Кауфманға қатты батады. Шоқан патша жарлығымен айлық жалақысынан айрылған кезде Г. Колпаковский оған қаржылай көмек көрсетіп тұрған.
Осы Г. Колпаковский Шоқанның Алтынемелдегі қабірінің басына құлпытас орнаттырған. Оған К. Кауфман да өз тарапынан үлес қосқан. Бұл жағдай екі генералдың бір-біріне жазысқан хаттарынан белгілі. Бұлардан белгілі болғанындай, Түркістан генерал-губернаторы фон Кауфман өзінің жетісулық әріптесіне хат жазып, Шоқан қабіріндегі мәрмәр тақтаға орыс және қырғыз (қазақ – З.Ә.) тіліндегі жазуды ұқыпты және қатесіз жаздыруды өтінеді. Ал Г. Колпаковский мәрмәр тасты тауып, орнаттыруды бірінші гильдиялы көпес В. Кузнецовтан өтініп, хатының соңында: “Осы бір жұмысты бітірудің қамын ойлауыңызды сізден сұрау мәртебесіне ие болып отырмын.
Менің нағыз құрметім мен адалдығымды сеніммен қабылдай көріңіз”, – деп жазады. Міне, өр-көкірек патшаның әскери қызметіндегі аса жоғары лауазымды адамдардың Шоқанға деген достық ілтипатының айғағы осындай.
1888 жылғы 8 маусымда Г. Колпаковский Верныйдан (қазіргі Алматы – З.Ә.) Г. Потанинге хат жазып, Шоқанның артында қалған мұраларын бастырып шығару қажеттігін айтады. Ол хатында былай дейді: “Қайырымды тақсыр, Григорий Николаевич!
8 мамырдағы хатында Николай Николаевич Веселовский, егер оған қажетті қаржы, шамамен, 500 сомдай берілсе, сұлтан Шоқан Уәлихановтың шығармаларын бастыруға тамыз айында кірісетінін мәлімдейді”.
Осыдан кейін ол 1889 жылдың 15 маусымында Ғылым академиясының кеңесші-хатшысы Константин Степанович Веселовскийге де хат жазып, Шоқан шығармаларын шығаруға өз тарапынан 300 сом ақша беретінін хабарлайды.
Шоқанның әскери қызметтегі орыс достарының оған деген ықыласы кейінгі ұрпақтарға үлгі болып, рухани күш-қуаттың берекесіз биліктен әлдеқайда әлеуетті екендігіне көзімізді жеткізеді.
ЕСКЕРТУ: осы мақалада келтірілген хаттар “Шоқан Уәлиханов” көптомдық шығармалар жинағынан алынды. Бесінші том, Алматы, 2010 жыл.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.