Адам денесінде пайда болатын аурулардың 80 пайызы иммундық жүйенің бұзылуымен байланысты екен. Мәселен, жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі (СПИД) ауруының қоздырғыш вирусы алдымен ағзаның иммундық жүйесінің өзіне шабуыл жасап, оның бөгде, яғни зиянды заттарды ажырату қабілетін жояды. Былайша айтқанда, ағза өзіне кімнің қас, кімнің дос екенін, ненің зиян, ненің пайдалы екенін ажырата алатын қабілетінен айрылады. Сондықтан ағзаның иммунитеті әлсіреп, осының салдарынан адам көз алдыңызда өшеді. Бүгінде адамзат жеті қабат жердің астындағы кенді игеріп, ғарышта самғап жүргенімен, аталмыш аурудың әлі емін таба алмай отырғаны белгілі. Осыдан-ақ иммунитеттің қаншалықты маңызды екенін бағамдай беріңіз. Осы орайда тән мен рухтың иммунитеті бір-біріне ұқсас екендігін аңғаруға болады. Бірақ тән иммунитетінің әлсіреуі бір адамның басындағы қайғы болса, рухтың қорғаныш қасиетінен айрылуы ұлтқа төнген кесапат екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Бірінші жағдайда медицинаның жетістігімен алдын алуға болады-ау, ал соңғысының иммунитеті әлсіресе, ақ халаттылардың көмегіне жүгіне алмаспыз.
Бүгінде рухани иммунитетіміздің әлсіз екенін мойындап отырмыз. Жасы да, жасамысы да өз-өзіне қол жұмсайды, түрлі діни ағымдардың жетегінде жүргеніміз былай тұрсын, қағымыздан жеріп, жат елде қару ұстадық. Сананы улау, аздыру, адастыру мақсатында жасалған өнімдерге тәуелдіміз, өзге халықтың құндылықтарын дәріптеп, сенім-нанымдарын ұстануға бейімбіз. Неге бұлай? Сананы сарсаңға салатын, өз құндылығымыздан қол үздіртетін ықпалға неге төтеп бере алмай отырмыз? Бір ауыз сұраққа түрлі жауап айтылады. Бірі батыстың ықпалы десе, екіншілері ақша билеген заманның салдары, отбасылық тәрбиенің жоқтығы сынды себептерді атайды. Әрқайсысында да шындықтың үлесі болғанымен, кесімді емес.
Ұлттық сана-сезім дағдарысы қазақты біртіндеп меңдеп, оның ар, ұят, намыс атты ең құдіретті қасиетін аяққа таптатып, ұлттық немқұрайдылыққа бой алдыруына ықпал етіп жатқандығы, оған қалай тойтарыс беруге болады деген мәселе төңірегінде “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай, “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Дильбар Бегалина, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері Болат Мамытбековпен әңгімелескен едік.
– Қазақ бір замандары жеріне қарай пейілі мен ниеті бұзылмаған ел болғанын ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин: “Қазақ халқы – азбаған халық. Ол салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды. Оның ой-пікірі еркін. Оған тек сана-сезімнің қалғып кетпеуі керек”, – деп тайға таңба басқандай айтып кеткен. Бүгінгі таңда ұлттық рухани иммунитетіміз әлсіреп кеткен дегенді жиі естиміз. Жалпы ұлттық рухани иммунитет дегенді қалай түсінуге болады?
Гүлбақша МҰСАБАЕВА:
– Рухани иммунитетіміз арқылы ішкі жан дүниеміздің саулығына, өсіп-өркендеуіне кедергі болатын, ұлтымыздың рухани біртұтастығына зиян келтіретін, сырттан енетін және іштен де пайда болатын барлық қауіпті танимыз, алдын аламыз, бойымызды олардан алшақ ұстаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ішкі-сыртқы факторларға, сана күресіне қарсы тұра алатын қабілетке ие болу деген сөз.
– Ұлттың рухани иммунитетіне қауіп төндіретін, зиян келтіретін сыртқы күштер қандай деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, біріншіден, түрлі діни ағымдар, діни экстремистік ұйымдар. Екіншіден, өзге халыққа тән құндылықтар, сенім-нанымдар. Үшіншіден, таза коммерциялық мақсаттағы, бір қыры рухани соғыстың “сананы улау, аздыру, адастыру” мақсатында жасалған өнер түрлері. Төртіншіден, түрлі соқыр сенімдер.
– Ал осы қауіпке қарсы тұруы тиіс рухани иммунитетімізді қалай нығайтуға болады?
Дильбар БЕГАЛИНА:
– Жалпы халықтың тамыры тереңде болса, ол ішкі және сыртқы жағдайлар қанша әсер етсе де, туын жықпайды, жығылмайды. Ал тамырдың тереңдігі деген не? Ол – біздің тарихымыз. Тарихын білген ұлт өзінің “менін” жоғалтпайды. Сол себепті қазақ ұлтының рухани иммунитетін нығайту үшін тарихымызға түбегейлі бет бұрып, “Мен кіммін?” деген сұраққа толымды жауап алуымыз керек. Бұлай дейтінім, қазақ – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қасарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. Оның тарихы кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген XV ғасырдан ғана басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, ал халықтың қалыптасуы бір басқа. Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қарашаңырағын ата-жұртта сақтап қалған қазақ. Үстіміздегі жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлағалы отырған қазақ халқы “Мен кіммін” деген сауал төңірегінде ізденген болса, тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Біздің діттегеніміз де осы емес пе?! Тарихымызды толық таныған тұста ата-бабамыздың тілін, ділін, дінін ұстанған салт-дәстүрін толық танырымыз анық. Рухани иммунитетіміз осы құндылықтар арқылы нығаяды.
Болат МАМЫТБЕКОВ:
– Дильбар Бостандыққызының пікіріне толық қосыла отырып айтарым, рухани иммунитетті ата-бабамыз иманнан алған. Қазақ “Жарлы болсаң жарлы бол, бірақ арлы бол” дейді. Адамның жарлы, кедей болуы ұят нәрсе емес, арсыз болуы ұят. Ата-бабамыздың “Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы” деген мақалы жылдар бойы ұранымыз болған. Ар, ұят, намыс – ең жоғары қасиет. Бұл сезімдердің көзі – иман. Иманды адамның рухани иммунитеті мықты. “Иманыңның кеткені жиғаныңның кеткені” деген сөз бекер айтылмаған. Қазіргі уақытта жетпей жатқаны ұят пен иман. Осы асылдарға байланып тұрған көптеген қасиеттер адыра қалды. Адамгершілік құндылықтар бір-біріне байланып тұрған шынжыр сияқты, бір жерінен үзілсе, жинау қиын.
– Имандылық жайлы сөз қозғалғанда “Дін – тәрбиенің діңгегі” деп айтамыз. Алайда, қазір жастар дінге бет бұрған кезде үрейлене қарайтынымыз рас. Оған соңғы кезде елімізде лаңкестік оқиғалардың орын алуы, жастардың жат ағымдардың жетегінде кетіп, Сирияда болып жатқан соғысқа аттануы себеп.
Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ:
– Қазір мешітке келетін жамағаттың 80 пайызы жастар. Ата-ана баласына “Темекі шекпе, арақ ішпе” деген ақылын айтады. Ал әке-шешесі жоқ бала бұл тыйымның барлығын істеуі мүмкін. Егер ол мешітке келіп жүрген бала болса, ата-анасының бар-жоғына қарамастан, арақ та ішпейді, темекі де шекпейді, есірткі де қабылдамайды. Ел ішінде мынадай бір нақыл сөз бар. “Балаңызға дінді айтып түсіндірмеңіз, өмір бойы Құдайдан балаңыз турасында сұрап өтесіз” деген. Жат ағымның шырмауына жастар ғана емес, орта және аға буын өкілдері де шырмалып қалып жатады. Бұл – бір індет. Десек те, жастар көбірек арбалады. Өйткені, олардың қоғамға, дінге деген жан дүниесі таза, болашаққа деген үміті зор. Өздеріне қажетті рухани ақпаратты қалай да болсын алуға тырысады. Олардың осындай таза ниеті жат пиғылдылардың қолшоқпарына айналуы мүмкін. Ата-бабаларымыз: “Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің” деп кеткен. Бүгінгі таңда интернет желісі, тағы басқа ақпарат көздерінің әсері күшті. Тіпті, дін жолында жүрген маған да әсер етеді. Бірақ адамның ішкі дүниесінде сырттан келген кеселдерді жоятындай иммунитет болуы керек. Ол болмаса кез келген адам ұрынып қалуы ықтимал. Мәселен, кейбір адамдар аурушаң болады. Дәрігерлер иммунитеті әлсіз адам деп айтып жатады. Сол секілді, бүгінгі таңда бізде жат ағымдарға қарсы тұратын иммунитет аз. Ата-бабаларымыздың өміріне қарап отырсақ, иммунитеттері күшті болғанын аңғару қиын емес. Ал бүгін “университет”, “магистратура бітірді” деп биікке көтерген балаларымыздың өзі жат ағымдардың жетегінде кетіп қалады. Оған бұрын қазағымыз неге кірмеді? Өйткені, сол кісілердің сана-сезімінде жөргекте жатқан кезінен бастап ата-анасы ұлтын, қай дінде екенін, қандай дәстүрді ұстанатындығын, ненің жаман, ненің жақсы екенін айтып отырды. Әлбетте, қазір де айтып отырмыз. Бірақ ол тек тілдің ұшында қалып отыр. Яғни, “Ауызбен орақ орғанның белі ауырмайды” деген секілді тек сөзбен айтып, іспен дәлелдей алмай отырмыз. Бұрындары әрбір ата-ана “шаңырақты сыйла”, “босағаны керме”, “табалдырықта тұрма”, “табаныңды тартпа” дейтін. “Жаман болады” дегенмен өстік қой. Екі ауыз сөзбенен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, жас балаға тыйымдармен-ақ тәлім-тәрбие беріп отырған.
– Сіздердің пікірлеріңіз ата-баба дәстүрінен ауытқып, дінімізді діңгек етпей отырғандықтан, рухани иммунитетіміз әлсіреген дегенге саяды. Кеңес Одағы кезінде елдің ұлттық санасы уланып, “екінші сортты халықпыз” деген түсініктен әлі де арыла алмай отырғанымыз өз салқынын тиігізіп отырған жоқ па?
Болат МАМЫТБЕКОВ:
– Зымиян саясат қазақты ұлттық генофондынан айыру үшін бәріне барды. Сүт бетіндегі қаймағын қалқып алып, сарысу араласқан аталасын атқа мінгізіп, сен мінсізсің деп қопаңдатты. Бұл ұлтқа ұйытқы, жұртқа қорған болатын тектіні тентіретіп, Күдері қожа айтқандай, атадан артық туып ту ұстайтын жетеліні жер жастандырып, тезек ұстайтынды алға оздырды. Тілі мен дінін алашұбар етіп, рухын жоғалту арқылы орыс патшасынан қалған байтағынан түпкөтере айырып, телегей-теңіз байлықты иемденуді көздеді. Жетпіс жыл желкелеген тұста осының біразы орындалды. Қазір де соның зардабын тартудай-ақ тартып келеміз.
Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ:
– Дін тұрғысынан алғанда біз 70 жыл бойы ата-баба құндылығынан қол үзіп қалдық. Неге? Дінді насихаттайтындай аталарымыз болмай қалды. Әр салада жасы 70-80-ге келген зиялы аға буын өкілдері бар. Дін саласында ондай ақсақалдарымыз жоқтың қасы. Беткеұстар діни қайраткерлерімізді отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін кезінде қырып тастады. Сол кезден 1990 жылдарға дейінгі аралықта рухани бос кеңістік жайлаған. Егер сол аға буын аман болып, ұрпақ сабақтастығы сақталғанда, біз мынау сынақтан жеңіл өтер ме едік деп ойлаймын. Дінге қарағанда тіліміздің жағдайы жақсы болған сияқты. Себебі, ақын-жазушыларымыз тұрғанда, тілдің мүлдем жойылып кетуі мүмкін емес. Шұбарланды, бірақ жойылу қаупі болмады. Осы зиялыларымызбен қатар өмір сүрген кейбір діни қайраткерлеріміздің үнін шығармай, басып тастады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дінге көзқарас оң болып, Құран ұстап, білім ала бастадық. Бүгінде діндегі қазақстандық зиялы қауым өкілдерінің жасы 40-тың маңайында. 25 жылдық тәжірибеміз ғана бар. Жаһандануға төтеп бере алатындай күш, резерв, негіз жоқ. Осыдан діни иммунитетіміз әлсіреп кетті. Оны тәуелсіздік алғанымызбен байланыстырудың қажеті жоқ. Ол кезде еліміздің экономикасын өркендету керек болатын. Елбасымыз дінімізді қайтарып берген екен, ендігі міндет ел болып діни әлеуетімізді қайта жандандыруымыз керек.
– Менің ойымша, бұл әлсіздігіміздің көпшілік айтып жүргендей негізгі себебі жаһандану емес сияқты. Әйтсе де, жаһандану кезінде барлық елдер осындай рухани дағдарысты бастан кешіре ме, әлде біздің қоғам сол үрдіске дайын емес пе?
Дильбар БЕГАЛИНА:
– Жаһандану үрдісі кезінде өзімізбен өзіміз томаға тұйық өмір сүре алмасымыз анық. Алайда, өзге елдің мәдениетімен танысқан кезде жұтылып кетпей, олардың жақсы тұстарын алып, өзіміздің ділімізге сай жаңғыртсақ өркениетті ел бола аламыз. Осы жерде, өзге бола алмаймыз, болуға да тырыспауымыз керек екенін айта кеткен жөн. Қазақ орыс, не болмаса неміс бола алмайды, өзгенің қалыбын кигенімізбенен әрқашан жарты болып жүреміз. Жарты жалтақ болады. Себебі, өз орнында нық тұрған жоқ. Бүгінгі таңда біз мәдениеттер тоғысында өмір сүріп жатырмыз деген желеумен өзгеге еліктеуді қоюымыз керек.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА:
– Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы есіме түсіп отыр. Өздеріңіз білесіздер Ұлы Жібек жолы арқылы тауарлармен қатар ортағасырлық сәулет, мәдениет, әуен мен би өнерлері, көркем қойылымдар да жан-жаққа таралды. Иран, соғды, түрік бишілері мен әртістері Қытай хореографиялық мәдениетіне зор үлес қосқан. Ұлы Жібек жолы бойымен дін өкілдері де өз уағыздарын шетелдерге таратқан. Бүкіл Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Үндістаннан, Қытай, Корея, Жапон халықтарына будда, ал Сирия, Иран, Араб елдеріне христиан діндері енген. Еуропа мен Азияны, Шығыс пен Батысты ұштастырған бұл жол түрлі мәдениеттің дамуына ықпал етіп, алыс-жақын елдердің өзара қарым-қатынас жасауына өте қолайлы болды. Қазақ даласында өмір сүрген сол замандағы отырықшы қала тұрғындары мен көшпелі тайпалар адамзат мәдениетінің дамуына әсерін тигізген. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, білім деңгейлері көтерілген. Ал бүгін біз неге жаһандану үрдісін пайдаланып, өзгенің жақсысын өзімізге тартып, жаманынан бойымызды алшақ ұстай алмай отырмыз? Бұл кеңес үкіметі кезінде жабық режімде өмір сүргендігіміздің салдары шығар. Ол кезде кез келген ақпарат жоғары жақ талдап, саралағаннан кейін ғана халыққа жол тартты. Біз ойланбастан жұта бердік. Ал кеңес үкіметі құлағанда, толассыз құйылған ақпаратты баяғы әдетке салып қылғытқанымыз жасырын емес.
– Бір күйінеріміз, еліміздегі қазақтар өзгенің қаңсығына таңсық болып, батысшыл, еуропашыл болып жатса, сонда өмір сүріп жатқан қандастарымыз тамырына тартылып, өзін тануға талпынады. Бізге қарағанда олардың рухани иммунитеті мықты болғаны ма?
Болат МАМЫТБЕКОВ:
– Оған бір мысал келтірейін. Қытайда тұратын қазақтар да өзіміз сияқты қазақ, еш айырмашылығы жоқ. Бірақ естуімше олар ешқашан “сектаға” кірмейді, Будданың “шыны мүсініне” барып табынатын біреуі жоқ. Ұрлықты да өте сирек жасайды, мардымсыз ақша үшін екінші біреуді ешқашан қатыгездікпен өлтірмейді, жыныстық нәпсісі үшін бойжетпеген қыздарды ешқашан зорламайды. Барлығы да өте ұлтжанды. Дінін, тілін, ұлттық дәстүрлерін жақсы сақтап келді. Осы уақытқа дейін өзге ұлттармен, әсіресе, қытаймен үйленбеді. Сенбесеңіз, Қазақстан аумағында жүрген кез келген Қытайдан келген оралманнан сұрап көріңіз. Олардың осы тектес жағымды, жақсы қасиетті бойына қалыптастыруына, тәрбие арқылы санасына сіңген “рухани иммунитеті” маңызды рөл ойнауда. Ал біз өз жерімізде жағаны кеңге жіберіп, желік қуып жүрміз.
Дильбар БЕГАЛИНА:
– Тәуелсіз ел болғанымызбен сол кезеңде өмір сүрген аға, орта буынның санасы әлі де осы сезімнен айыға алмай отыр. Мен де мүмкін осындай жандардың бірі болар ма едім, егер әкем дер кезінде тоқтатпағанда. Мен қазақ тілді мектепті тамамдағаныммен жоғары білімді орыс тілінде алдым. Топтағы 57 адамның ішінде үш-ақ адам қазақтілді болды. Сабақ айтуға қымсынатынмын. Себебі, орысша сөзді қате айтсаң, күлетін. Қатты қиналдым. Алдыма орыс тілін жетік меңгеремін деген мақсат қойдым. Орыс әдебиетін жата-жастана оқып, өндірістік тәжірибеден өту үшін орыстілді мектептерге сұранатынмын. Оқуымды орыс тілінде жалғастырмасам, белгілі бір жетістікке жете алмаймын деген ой туа бастады. Тіпті әкеме: “Мені неге орыс мектебіне бермедің?” – деп кейіген сәттерім болды. Осының бәрін көріп, біліп жүрген әкем демалысқа барғанымда қолыма бір бума парақшаларды ұстатты. Бұл “желтоқсан” оқиғасы болған кез еді. Парақшаларда “желтоқсан” көтерілісінің болу себебі жазылған екен. Соны оқығаннан кейін көзім ашылды. Мен қайтадан өзімнің ана тіліме оралдым. Ұлтыма қазақ тілінде қызмет етуге, адал болуға бел будым. Орысша шүлдірлеуімді қойып, қазақтілді мектептерге тәжірибеге бара бастадым. Әкем дер кезінде бетімді ұлтыма қарай бұрмағанда, орыс мәдениетіне мойынсынып кетер ме едім, кім білсін?! Сол себепті айтарым, жастарға оң жол көрсететін аға буынсыз адымымыз қысқа болады.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА:
– Қазіргі таңда біздің жастарымыз Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуға барады. Бұл да біздің рухани иммунитетімізге кері әсерін тигізіп отыр.
– Рухани иммунитетті нығайтуда өнердің алар орны зор екені сөзсіз. Болат Нұрланұлы, өңіріміздегі ұлттық өнердің ордасы болып отырған қазақ сазды-драма театрының актері ретінде пікіріңізді білдірсеңіз.
– Өнердің қосар үлесі зор. Өнер арқылы керемет дүниелерді насихаттауға болады. Осы орайда режиссердің, актердің, суретшінің, әншінің, бишінің иманы болуы керек. Батыста жалаңаш қыздың суретін салуды да өнер деп есептейді. Ал біздің діл мүлдем басқа бағытта дамыған. Білесіздер ме, кезінде қазақ қоғамына балет өнерін кіргізу қиынға соққан. Ешкім баласын балет мектебіне бермеген. “Бұл не сұмдық?” деп шошыған. Сондықтан, балет мектебіне балаларды жетімдер үйінен алған екен. Қазір де қоғам тосыннан келген өнерге шошынып қарайды. Бірақ жат дүниені қоғамға енгізу үрдісі өзгерген, айласы басым. Сол себепті өнерді де сұрыптау керек. Біздің режиссерлер фильм түсірсе, міндетті түрде анайылықты, жабайылықты қосады. Себебі, батыс солай істейді. Біздің өмірімізді Голливуд шешпейді ғой. Мәселен, іргемізде отырған Өзбекстан өзгелердің қаңсығына да, таңсығына да мойынсынбайды. Өзінің ұлттық құндылығын, ар-ұятын сақтап отыр. Жалаңаш киінген әншің де, бишің, актерің де, саясаткерің де халық жауындай қуғынға ұшырайды. Шынында да, ел алдында жүрген адам жалаңаштанса, елді шешінуге үндеп жатқандай көрінеді. Осы бір түсінікті біздің өнер адамдарының санасына жеткізу керек-ақ. Кейде, білмегендіктен, білімсіздіктен де жасауы мүмкін ғой.
Біздің өңірде театрдың өнерін бағалайтын, бағамдайтын, ғибрат алатын, бой, ой түзейтін жастар бар. Саны аз болса да, көңілге үміт ұялатады. Бұған да шүкір. Ең қиыны халықпен жұмыс қой. Адамның санасына сәуле түсіру жұмысы жалпыдан емес, жалқыдан басталады. Театрымызда жылына бірнеше қойылым сахналанады. Алдыңғы буын ағалар баталарын береді, ескертулерін де айтады. Әр жұмыстың өзіндік қателігі болады. Бізге артылған жауапкершілік зор болғандықтан, бір белесті бағындырған сайын, міндетті түрде артымызға қараймыз. “Алдыңнан артың таза болсын” дейтін тәмсіл бар. Себебі, соңымыздан еріп келе жатқан жастар бар. Шамамыз жеткенше театрдың жұмысында осы ұстанымды сақтауға тырысудамыз.
– Тәуелсіздік жылдарының елең-алаң кезінде елдің тұрмысы төмендеп, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманда рухани құндылық күнкөріс тауқыметінің көлеңкесінде қалды емес пе?
Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ:
– Материалдық құндылық пен рухани құндылық бір-біріне қатты әсер етеді. Атамыз қазақ айтады: “Ораза, намаз тоқтықта” деп. Ащы да болса, шындық. Рухани құндылықты жоғары қойғанымызбен, материалдық құндылық онымен қатар жүруі керек. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) “Менің үмметім екі нәрсенің қадірін білмейді: денсаулық пен бос уақыттың” деп айтқан екен. Бізде бос уақыт көп. Кеңес Одағы кезінде жұмыссыз адамды үйде көп отырғызбайтын. “Бірде-бір адам жұмыссыз отырмасын” деген идеология болды. Ал бүгінде жұмыссыздық басым. Мысалы, мен рухани жағынан күшті адаммын. Бірақ мен жұмыссыз қалып, отбасымды асырай алмай қиналсам, мен қайда барамын, кімнен ақша аламын, бұл қиындыққа рухани иммунитетім қаншалықты қарсы тұра алады. Мүмкін, бір жыл, екі жыл шыдармын. Одан кейін морт сынбасыма кім кепіл бола алады? Қазақ халқы амандасқанда “Мал-жан аман ба?” дейді. Неге бірінші малды сұраймыз? Мал отбасын, жанын асырап отыр. Бұл Құранда да бар. Сондықтан да “Түстік өмірің болса, кештік мал жина” деген қазақ ұрпағының да тоқтығын ойлаған.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА:
– Қазір есік алдына шықсаңыз, аулада баладан гөрі көлік көп. Осыдан-ақ өмірдің мәні мен қызығы бала емес, материалдық құндылық екенін түсінуге болады. Сол аулада ойнап жүрген санаулы баланың ата-анасы жұмысбасты болып келеді. “Көп ақша табамын, лауазымымды өсіремін” деп жүрген ата-аналардың барлығы өздерінің “тәрбие беру” деген міндетін ұмытып кетеді. Қолы бос, қараусыз қалған бала ұрыншақ келеді. Ата-анамен емін-еркін сөйлеспеген бала тұйық болады. Тұйық баланың ойында не жүргені белгісіз. Сол себепті, “Бала үш күннен артық тұйықталмау керек”, – дейді психологтер. Себебі, бала үш күннен артық ашылып сөйлеспесе, оның жанын түсіну қиын болады екен. Ұлттың рухани иммунитеті мықты болуы үшін отбасында берілетін тәрбие тәлімді болуы керек. Ата-ана өзінің тікелей міндетін орындаған кезде бала тілдің де, діннің де, ділдің де қадірін түсінеді.
Болат МАМЫТБЕКОВ:
– Мен рухани иммунитеті мықты адам материалдық құндылықсыз қиындыққа төтеп бере алмайды дегенге келіспеймін. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылдағы халық дорбасындағы соңғы дәнін қағып берді, бір таба нанды ауыл тұрғындары бөлісіп жеген. Жоқтықтан адамдар жаппай арын сатып, имансыздық танытқан жоқ. Қазір үйде бір қойдың еті болса да, ол жағдайы төмен көршісіне бөліп бермек түгілі, онымен араласпайды. Себебі, өзімшілміз. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) тойып тамақ жемеген адам. Алайда, әлемге руханияттың дәнін шашып кетті. Диуани Хикметті жазып кеткен Қожа Ахмет Яссауи бабамыз да бай болмаған. Себебі, олар дүниені қажет қылмаған. Материалдық құндылық қажеттілігімізді өтейді, алайда, ол өмірдің мәні бола алмайды. Кейде осы жайлы айтқан кезде: “Ол кездегі адамдар”, – деп басталатын уәждерді естимін. “Ол кездегі адам” деп айтудың өзі қате сияқты. Заман бір, тек адамның ниеті өзгерді. Сол себепті рухани құндылық материалдық құндылықпен қатар жүру керек дегенге келіспеймін. Рухымыз мықты болуы үшін ол бәрінен биік болуы қажет.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
ТҮЙІН СӨЗ: Жоғарыда айтылған пікірлерді саралар болсақ, қоғамды шұбар тілден, алауыздыққа шақырған теріс ағымнан тазартпасақ, адамдық пен адалдықты көк тиынның құнындай көретіндердің көзін ашпасақ, құлқын құмарларды шектей алмасақ, ертеңгі елдігіміз не болады? Осы орайда өзге жұрттардағы жақсы дегенге де ойлы көзбен қарап, жат үлгіні киелі топырағымызға мүлде жолатпауымыз қажет. Бұл күресте біздің сенімді қаруымыз, жол бастар шырағымыз тектілігіміз болмақ. Себебі, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан.