Дана халқымыздың тағылымды тәмсілінде “Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы”, “Ақыл – жастан, асыл – тастан”, “Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір” деген нақыл сөздер бар. Осы қанатты ұғымдардың астарына терең үңілер болсақ, бүгінгі жас ұрпақтың ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын тұлғаларға, айтулы азаматтарға айналатынын, болашақта ел билігі жастардың қолында болатынын білдіреді.
Сондықтан да болар, халқымыз өрендердің жан-жақты жетілуіне үнемі жол ашып, оң жағдай жасап отырған. Бұл үрдіс, әсіресе, егемен ел атанып, етек-жеңімізді жиғаннан кейін ерекше қарқын ала бастады. Бүгінде жалынды, жігерлі, белсенді жастар қоғамымыздың қозғаушы күшіне айналды. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты екендігі де уақыт көші алға жылжыған сайын шындық болып келеді. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер”,– деген сөзі болашақ бағ-бандарының келешектің кілті екендіктерін тағы бір рет айғақтайтындай.
Жастардың сапалы білім алып, табысы жоғары жұмысқа орналасуларына, ғылыммен айналысып, жеке кәсіптерін ашуына мемлекетіміз мол мүмкіндік жасауда. Оларды оңтайлы пайдаланып, қоғамның кетігіне кірпіш болып қаланған қаршадай азаматтарды көргенде баладай қуанатынымыз да рас. Облыс орталығынан ғана емес, өңіріміздегі барлық аудандарда, ауылдарда жастар ісімен айналысатын ұйымдардың құрылуы, соның нәтижесінде өрендердің тың идеяларын бір төңірекке топтастырып, бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығара жұмыс істеуі де жігерлендіреді. Олардың облысымызда орын алып жатқан әртүрлі игі шаралардың басы-қасында жүрулері, болашақ иелеріне артқан нық сенімімізді көрсетсе керекті. Олар бүкіл әлемді өн бойына сыйғызып тұрған көл-көсір ақпараттың алып айдыны – ғаламторды пайдалана білу арқылы да аңсаған армандарына, мақсаттарына түрен салуда.
Кез келген нәрсенің екі ұшы болатындай, игілігімізге айналған интернеттің де жағымсыз тұстары өрендеріміздің ойларына әсер етпей қоймайды. Ықылым заманнан бойымызға дарып, сіңіп қалған ұлттық құндылықтарымызға, әдет-ғұрыптарымызға, ана тілімізге көрсеткен құрметтің, ілтипаттың көрінісі жастардың бойынан жоғалып бара жатқандай әсер қалдырады. Адамның дара тұлғасын танытып тұратын адамгершілік қасиеттердің, атап айтқанда, жақсылыққа сүйініп, жамандыққа күйіне білу, қайғыны бөлісу, қайырымдылық жасау, қарапайымдылық таныту, үлкенді сыйлап, кішіге ізетпен қарау, мейірбандық сияқты кісіліктің көркем үлгілері азайып барады. Соның нәтижесінде өмірде күтпеген тосын жағдайлар жиі орын алуда. Екі адамның ерлі-зайыпты атанып, ажыраса салуы, өз-өздеріне қол жұмсауы сынды оқиғаларға құлағымыз да, етіміз де үйреніп барады. Мұның барлығы адамгершілік “дәруменінің” жетіспеушілігінен пайда болып отыр. Осындай жағдайда ұлттық мәдени бет-бейнемізді сақтап қалумен қатар, оны дамытудың маңыздылығы және бақытты болашақ үшін атқаратын қызметті күшейту жастар ісімен айналысатын орталық мамандарының негізгі жұмыстарының бірі болуы қажет деп ойлаймын. Жастардың жаһандану жағдайында өздерінің ұлттық, қаймағы бұзылмаған қазақы болмысын жоғалтпау үшін басты қағида: ұлттық кескінімізді, төл, мәдени мұраларымыз бен дәстүрлерімізді сақтау және рухани құндылықтарымызды жетілдіру.
Гүлнұр МҰХАМЕДЖАНОВА,
облыстық әділет департаменті ұйымдастыру-талдау жұмысы
бөлімінің бас маманы.