«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РҮСТЕМ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР

“Дамир” шаруа қожалығының жетекшісі Рүстем Мұхамедиевпен мен бірінші рет Қарашілік пен Кішкенекөл арасындағы соқпақ жолда танысқан едім. Қазақтың ен даласында не көп? Сүрлеу-соқпақтар көп. Міне, соның бірімен келе жатып, аздап жолдан шығып кетіп, айдалада егін салып жатқан диқандарға жолықтым. Тоқтап, жол сұрастыра келе, таныстық. “Рүстем Мұхамедиевпін”, – деді ол.

Қулыкөл ауылдық округінің әкімі Қыдырболат Бекбалтин Рүстемді аузынан тастамайтын. Округте қандай да бір мәселе болса, көмек сұрап, осы жігітке барамын деп еді әкім. Өзім де Қулыкөлде халықтың жайын көбірек ойлайтын фермер бар деп естіп, бір жолы әдейі іздеп келіп едім, алайда жолығудың сәті түспеді. Енді, міне, ойламаған жерде кездесіп қалдық. Аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған жігіт екен, бірден ежелгі достай әңгіме тиегін ағытты.

– Қазақпыз ғой, бүгін сәрсенбінің сәтінде (мамырдың 20-сы болатын – авт.) Жаратушыға сыйынып, егіс науқанына шықтық. Күн тамаша, нағыз себетін уақыт. Енді қолайлы күндерді пайдаланып, барымызды салып, белгіленген мерзімде аяқтап шығу керек. Өйтпесе болмайды. Сырт көзге оңай көрінеді. Олай емес. Диқаншылық кәсібі салақтықты көтермейді. Егістіктің әр қадамы өлшеулі, санаулы. Егу барысындағы әдіс-тәсіл, технологияларды қатаң сақтаймын, – деп ойымен бөлісті Рүстем.

Қулыкөл тумасы Рүстем Мұхамедиев егіншілікпен айналысуға 2002 жылы бел буыпты. Ол үшін “Дамир” атты шаруа қожалығын құрған. Сөйтіп, 1500 гектар жерге бидай еге бастайды. Алғашында қандай да болсын атқарылатын шара қиынға түсетіні белгілі. Алайда, ауыл баласының аспаған асуы бар ма, жедел іске кірісіп, ізденіп, үйреніп жүріп диқаншылықтың құпиясын меңгеріп алады. Бүгінгі күні Рүстем Бақытжанұлының иелігінде 3 “К-700” бен “МТЗ-82” тракторы, бірнеше комбайн бар. Қожалықтағы әр жұмысшы өз ісін жетік меңгерген. Барлығы бір ұжым болып қысы-жазы, күндіз-түні жұмыла жұмыс істеуде. Атқарған жұмыстарының қайыры да бар. Ұжымдағы он шақты механизатордың әрқайсысы ай сайын 60-тан 80 мың теңгеге дейін еңбекақысын уақтылы алып тұрады. Сондықтан ауыл тұрғындары Рүстемнің жұмыс орнын ашып, жемісті жұмыс істеп жатқанына дән риза. Егістік және орақ науқанынан кейін қарамағындағы жұмысшыларын шөп, жеммен қамтамасыз етеді.

Ауыл деген көңілі ерекше. Ешбір мереке, думан Рүстем Бақытжанұлынсыз өтпейді. Өйткені, ол ауыл, округ деңгейінде ұйымдастырылатын шараларға демеушілік жасауды дәстүріне айналдырған.

Өзінің жастайынан спортпен айналысып жүргені дене бітімінен байқалады. Дембелше келген азамат хоккей, еркін күрес десе, ішкен асын жерге қояды. Сондықтан спорт шараларына көмектесуге Рүстем бауырымыз әрқашан да дайын.

Бүгінде Рүстем мен жұбайы Гүлмира екеуі – Құдай берген бес баланың ата-анасы. Үлкені Тимур Астанадағы теміржолшылар колледжінің студенті болса, кенжесі Әмірхан – 2 жаста.

Жаны жомарт, қолы ашық, кішіпейіл, байсалды, ақырын жүріп, анық басатын ынтымақты шаңырақтың әрі шаруашылықтың қожасы Рүстем Бақытжанұлы бүгінде қырықтың қырқасына шығып, асулы белестерге құлаш ұрған сәтте. Біз оның заңғар биіктерді бағындыратынына сенеміз.

Болат ӘМРИН.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp