«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Рәзия ЫДЫРЫСБАЕВА: «ЖУРНАЛИСТ ӘМБЕБАП БОЛУЫ КЕРЕК»

– Биыл облыстық «Qyzyljar» телеарнасының құрылғанына  65 жыл толады. Өңірдегі ең ірі медиаұжымның қазіргі аяқ алысы, ұстанған бағыты қандай?

–  Өңіріміздің  басты телеарнасы 65 жылдық мерейтойын атап өтуде. Солтүстік Қазақстан облысындағы  ең ірі медиа-ұжымның ұстанған бағыты – өңір шежіресін таспалап, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналу. Қазіргідей технология дамыған заманда жұртты қызықтыру, экран алдында ұстап қалу оңай емес. Оған қарамастан, жалпы уақыт талабына, ұлттың рухани сұранысына қарай  түрлі бағдарламалар жарыққа шығып, көрерменнің көзайымына айналып жатыр. 

– Масс-медиа туралы былтыр қабылданған заңға сай 2027 жылға қарай қазақ тіліндегі телебағдарламалардың үлесі 60 пайызға жетуі керек. Облыстық телеарнадағы қазіргі көрсеткіш қандай? Қазақ тілді контенттің үлесін арттыру бойынша нендей жұмыстар атқарылуда?

–  Біз заман үрдісінен қалмай, көгілдір экран бетіне көпшіліктің көңілінен шығатын ақпараттық өнімдерді ұсынып келеміз. Оның ішінде өлкенің тарихынан, тұлғаларынан хабардар ететін «Атамекен» бағдарламасы, мемлекеттік тілді жетік меңгерген замандастарымыз жайында «Мен қазақша сөйлеймін», белгілі журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовтің «Сағыныш» авторлық бағдарламасы сияқты телеөнімдеріміз бар.

Бүгінде эфирдегі өз өніміміз-дің үлесі – 57 пайыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 75 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал тілдік қатынасқа келер болсақ, қазір эфир уақытының 78 пайызы қазақ тілінде.

– Ұжымдағы журналистердің кәсіби шеберлігін арттырып, бі-лімін тереңдетіп, сөйлеу, жазу мәнерін дамытуға қаншалықты мән беріледі?

 – Біз телеарна журналистерін тәжірибе алмасу, шеберлік сыныптарынан өту үшін  «Қазақстан» телерадиокорпорациясына жиі жібереміз. Сонымен қатар корпорация қызметкерлерінен тұратын креативті топтар телеарнамызға келіп  кездесулер өткізеді. Журналистер сөйлеу, жазу мәнерін дамытуға арналған тренингтерге де қатысады.

– Шет елдерде салалық журналистика қарқынды дамыған. Бір ғана саланың тізгінін ұстап жүргендер көп. Ал біздегі мамандардың бәрі бесаспап болғысы келеді. Мұның себебі неде?

–  Бұл құбылыстың бірнеше негізгі себебін атап өтуге болады. Оның ең біріншісі – ақпараттық нарықтың ерекшелігі. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының саны көп болғанымен, салалық журналистиканың қарқынды дамуына жеткілікті экономикалық негіз қалыптаспаған. Шетелде қаржы, медицина, технология, құқық, экология секілді салаларға арналған басылымдар, телеарналар мен блог платформалар бар. Ал бізде жарнамалық нарық пен аудиторияның сұранысы салалық БАҚ-тың тұрақты жұмыс істеуіне жеткіліксіз болып отыр.

Оған қоса бұған қаржылық және кадрлық фактор да әсер етпей қоймайды. Көптеген редакцияларда штат саны шектеулі. Сондықтан журналист бір мезетте бірнеше тақырыпты қамтуға мәжбүр. Бұл – медиа-индустриядағы кадр тапшылығы мен қаржылық мүмкіндіктердің шектеулі екенінің көрінісі. Салалық журналистика жоғары біліктілікті талап етеді, ал оған қажетті уақыт пен ресурстар әрдайым бола бермейді.

Бүгінде қай жерде де универсалдық дағдыға сұраныс жоғары. Қазақстандық БАҚ-та журналистерден тек мәтін жазу ғана емес, видео түсіру, монтаж жасау, фотоға түсіру, тіпті SMM жүргізу сияқты көпқырлы дағдылар талап етіледі. Журналист  түрлі саланы бірдей меңгерсе, соғұрлым сұранысқа ие болады. Салалық журналистика дамуы үшін сол бағытқа тұрақты қызығушылық білдіретін оқырман, көрермен қалыптасуы керек. Мысалы, АҚШ-та қаржы, технология немесе спорт журналистикасы айтарлықтай аудитория жинаса, бізде мұндай тұрақты сұраныс енді ғана қалыптасып келеді.

Дегенмен соңғы жылдары Қазақстанда да салалық журналистикаға бетбұрыс байқалады. Экономика, IT, спорт, мәдениет, медиа және экология тақырыптарына маманданған журналистер көбейіп келеді. Арнайы «YouTube» арналар мен Telegram-каналдар ашылуда. Егер салалық БАҚ-қа сұраныс артса, болашақта бұл бағыт та шетелдегідей қарқынды дамуы мүмкін.

– Бүгінде ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып барады. Уақытының көбін әлеуметтік желіде өткізетіндер бар. Мұндайда дәстүрлі БАҚ-қа қайтпек керек?               

–  Әлеуметтік желілер адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды, ал дәстүрлі БАҚ аудиториясын сақтап қалу және дамыту жолдарын іздеуде. Біздің басты міндетіміз – аудиторияның ақпаратты қабылдау әдеттеріне бейімделе отырып, сапалы және сенімді контент ұсыну. Осы орайда дәстүрлі БАҚ бірқатар стратегиялық бағытқа  назар аударуы керек деп ойлаймын.

Стратегиялық қадамның ең бастысы – цифрлық трансформация. Ақпараттың жылдам әрі ыңғайлы таралуын қамтамасыз ету үшін телеарналар, газеттер мен радиостансалар әлеуметтік желілерде белсенді болуы шарт. Біз тек телеэфирмен шектелмей, мобильді қосымшалар, «YouTube», «TikTok», «Insta-gram» сияқты платформаларда аудиториямен тікелей байланыс орнатуымыз қажет.

Әлеуметтік желілердегі фейк жаңалықтардың көбеюі дәстүрлі БАҚ-тың басты артықшылығын – сенімділікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Тексерілген, шынайы ақпарат тарататын журналистиканың маңыздылығы ешқашан жойылмайды.

– Қызылжарда қызмет етіп жатқаныңызға жарты жыл ғана болды. Өңірге, мұндағы жұмысқа үйреніп қалған шығарсыз.

– Мен Қызылжарға үйренем деген ниетпен келдім. Маған Солтүстік Қазақстан  халқының табиғаты  жақын. Жақында туған күніме орай біраз адамдардың басын қосқанда бір кісі таңғалып: «Қалай 5-6 айда сонша адамдармен тез тіл табысып, араласып кеттіңіз» – дегені бар. Өзімді ашық мінезді, тіл табысып кететін адамдар қатарына жатқызамын. Медиа саласымен қоса профессионалды коуч, бизнес-тренермін. Бұл да өмірде көп көмектеседі.

– Қазір жұртты «арманыңа жеткіземін», «табысыңды еселеймін» деп арбауына түсіріп, қалтасын қағатын «тренерлер» көбейіп кетті. Аңқау елге арамза молда болып жүрген алаяқтардың айылы қайтсек жиылады?

– Бұл – өте өзекті мәселе. Соңғы жылдары өзін «коуч», «психолог», «мотивациялық спикер» деп таныстыратын адамдардың саны көбейіп, халықтың сенімін пайдалану арқылы мол пайда тауып жүргені жасырын емес. Олардың әрекетіне тосқауыл қою үшін бірнеше маңызды қадам жасау қажет. Ең алдымен, кез келген кәсіби қызмет лицензиялануы немесе белгілі бір стандарттарға сай болуы керек. Қазақстанда психологтар мен коучтар қызметі нақты реттелмегендіктен, кез келген адам өзін маман ретінде таныстыра алады. Сондықтан ресми сертификаттау және лицензиялау жүйесін енгізу қажет. Психология, коучинг саласында қызмет көрсететіндер арнайы білім алғанын растайтын құжатқа ие болуы тиіс.

Көп жағдайда адамдар қаржылық қиындықтардан немесе өмірлік дағдарыстардан шығудың оңай жолын іздеп, жалған уәделерге сеніп қалады. Сондықтан халықтың медиа және ақпараттық сауатын арттыру өте маңызды. «Жылдам байытамын», «Кепілдендірілген нәтиже беремін» деген сөздер – алаяқтықтың негізгі белгілері. Журналистер мен сарапшылар коучинг пен психология саласындағы алаяқтық схемаларды әшкерелейтін материалдар жариялап, халықты ескертуі керек.

Қоғам алаяқ коучтар мен жалған психологтарға қарсы бірігіп, заңнаманы жетілдіріп, ақпараттық жұмыстарды күшейту арқылы ғана бұл мәселенің алдын ала алады. Әр азамат өзінің қаржысын, уақытын және сенімін кімге тапсырып жатқанын мұқият тексеруі керек. БАҚ, әлеуметтік желілер және құқық қорғау органдары бірлесе әрекет еткенде ғана алаяқтардың жолы кесіледі деп ойлаймын.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

ӨМІРДЕРЕК

Туған жері: Алматы қаласы.

Туған жылы:  1976 жылғы 5 ақпан.

Марапаты: «Ақпарат саласының үздігі».

Қызметі: «Qyzyljar» телеарнасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp