«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РӘМІЗДЕРДІ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛЫ МҰРАТ

Ту, Елтаңба, Әнұран – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген ерекше сезім осы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден бастау алады. Сондықтан Елтаңбамыз бен Туға, Әнұранға ресми және бейресми іс-шараларда құрмет көрсетілуі маңызды. Бұл азаматтарымыздың бойында патриоттық сезімді шыңдау мен өскелең ұрпақтың жадында жатталуына үлкен үлес қосады. Рәміздерге құрмет тақырыбы төңірегінде солтүстікқазақстандықтардың пікірін білгенді жөн көрдік.

Бауыржан МУСИН,

грек-рим күресінен спорт шебері:

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – біздің ұлттық рухымыздың, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің символы. Әрбір ел азаматы үшін бұл рәміздер – тек елдіктің белгісі ғана емес, жүрекпен сезінетін қасиетті ұғымдар.

Мен үшін көк байрағымыздың желбіреуі – жеңістің, абыройдың, ел намысын қорғаудың белгісі. Халықаралық жарыстарда еліміздің Туы көкке көтерілген сәт – менің өмірімдегі ең маңызды, мақтанышқа толы мезеттер. Сол сәттерде бойымды шексіз қуаныш пен жауапкершілік сезімі билейді.

Әнұранымыз орындалғанда көңілім ерекше толқиды. Бұл мені жаңа биіктерге жетелеумен қатар, елімнің болашағына деген сенімді арттырады. Рәміздер – біздің тарихымыздың айғағы, болашаққа бастар жолымыздың бағдаршамы.

Бүгінгі ұрпақ, әсіресе жастар, рәміздердің мәні мен маңызын терең түсінуі керек. Олар – ұлттың намысы, елдің айбыны. Рәміздерді құрметтеу – Отанға деген сүйіспеншіліктің, азаматтық борыштың айқын көрінісі. Сондықтан біз рәміздерді биік ұстап, жас ұрпаққа үлгі болуға тиіспіз.

Закиржан МАМЛЮТОВ,

Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

– Мемлекеттік Туды үйімнің ауласына іліп қойғаныма бірнеше жыл болды. Таңым сол Туды көрумен атып, күнім дәл солай батады. Мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілік пен құрмет артса, еліміз де дами түседі. Себебі рухани, мәдени құндылықтарсыз, өз тарихын, рәміздерін бағаламайтын ел алысқа бармайды.

Жалпы мемлекеттік рәміздер – әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алуға тиіс. Біз еліміздің Әнұранын жаттап қана қоймай, оның әр жолында берілген мағынаны терең ұғынып, жүрекпен сезінуіміз қажет. Туымызға деген құрмет – ол тек салтанатты сәттерде ғана емес, күнделікті өмірімізде де көрініс табуы керек. Әсіресе ел рәмізі көтерілгенде, кеудеге қолды қою – біздің рәміздерге деген сый- құрметіміздің, ар-ожданның айғағы.

Ең әсерлі сәттердің бірі – халықаралық жарыстарда көк байрағымыздың көкке көтерілген сәті. Сол мезетте бүкіл әлем Қазақстанның көк туын көріп, біздің еліміз туралы біледі. Бұл жүректе мақтаныш пен туған жерге деген махаббатты оятады.

Меніңше, біз қазірден бастап жас ұрпақтың бойына осы құндылықтарды сіңіруіміз керек. Ел рәміздеріне деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілікті бала кезден санаға сіңіру маңызды. Қазақстан азаматы – ол рәміздерін қадірлейтін, жерін құрметтейтін азамат.

Сәлімхан СӘБИТОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Мемлекеттік рәміздер күнін атап өту – ел тарихына деген құрметтің, ұлт болашағына деген сенімнің белгісі. Бұл – елге, жерге деген сүйіспеншілікті, азаматтық жауапкершілікті ұғындыратын маңызды мереке. Біз – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және мәдени-ағарту ұйымдарының белсенді өкілдері ретінде, осы күннің мән-маңызын терең сезіне отырып, оны жас ұрпаққа жеткізуді азаматтық парызымыз деп білеміз.

Қазақстан – жүзден астам этнос бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт ел. Ал бірлік пен келісім – Тәуелсіздіктің басты тірегі. Мемлекеттік рәміздер – осы бірліктің, елдіктің және тұтастықтың нышаны. Олар – баршамыз үшін ортақ құндылық, ортақ мақтаныш.

Көк Туымызды әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген азаматтарымыз – еліміздің абыройын асқақтатып жүрген нағыз ұлт мақтаныштары. Мысалы, Геннадий Головкиннің рингтегі жеңістері, Димаш Құдайбергеннің әлем сахналарындағы өнері, Нұрқожа Қайпановтың күрестегі табыстары – Туымызды төрге шығарып, әнұранымызды шырқатып жүрген жарқын мысалдар.

Осындай ұлтжанды, білімді, талантты ұл-қыздарымыздың қатары арта түссін. Себебі ел рәміздерін құрметтеу – азаматтық сананың, патриоттық тәрбиенің көрінісі.

Сауалнаманы жүргізген Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp