Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың жоғары сынып оқушыларына өздерінен кіші ұлдарға әлімжеттік көрсетті деген айып тағылуда. Таяқтың астына түскен баласының денсаулығының сыр бергенін байқап, көңілі күпті болған ата-ана бірден полицияға шағымданған.
Облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің мәлімдеуінше, Сергеевка қаласының тұрғыны Бүркітбай Сүлейменов жоғары сынып оқушылары 8-сыныпта оқитын ұлын соққының астына алғанына қатысты 1-ші қалалық полиция бөлімшесіне шағым түсірген. Интернат басшылығы мен спорт саласының шенеуніктері бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз болған. Аталған факті бойынша құжаттар жиналып, қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер екі тарапты беттестіріп те үлгеріпті.
Қылмыстық іске қатыстылардың барлығы кәмелеттік жасқа толмағандар болғандықтан, аталған іс облыстық ішкі істер департаментінің жіті бақылауында, дейді полиция қызметкерлері.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.