Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күресте алдын алу шараларына ерекше назар аударылады. Осы мақсатта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мемлекеттік қызметшілерге арнап түзеу мекемелеріне “саяхат” ұйымдастыруды қолға алған болатын.
Кезекті экскурсия барысында ауылдық округ әкімдері мен Қызылжар аудандық әкімдігінің бөлім басшылары әйелдер түрмесіне барды. Мемлекеттік қызметшілер белгіленген тәртіпке сәйкес әскерилендірілген күзеттің тексеруінен өтіп, байланыс құралдары мен құнды заттарын кіреберісте қалдырып кетті. Ішке кіргеннен кейін олар сотталғандар тұрып жатқан орындарды аралап, күн тәртібімен танысты, асханада да болды.
Мемлекеттік қызметшілер түзеу мекемесінің акт залында сотталғандармен кездесті. Шалыс басқан нәзік жандардың арасында өзінің басынан өткен жайтты баяндап, өкінішін білдіргендер де табылды.
– Анам мені жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Есейгенде оның бұл еңбегін өтеймін деп армандаушы едім. 22 жасымда есепші мамандығын меңгеріп, білім бөліміне қызметке орналастым. Алайда, оңай пайда табамын деген ой тура жолдан адастырды. Бюджет қаржысын жымқырғаным үшін жеті жылға сотталып, мүлкімді тәркілеу туралы үкім шығарылды. Мен бұл әрекетім үшін қатты өкінемін. Жұрт қатарлы адал еңбек етіп, туыс-туғандардың ортасында өмір сүрудің өзі бақыт екенін түсіндім, – деді ол.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге ашкөздік пен тәртіпке бағынбаушылықтың салдары қандай жағдайға әкеп соғуы мүмкін екендігін көрсету. Себебі, мемлекеттік қызметшілер “бармақ басты, көз қыстылық” әрекеттің салдары мен одан шегетін қиындықты ұғынуы тиіс. Алдын алу шаралары біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болғанымен, сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер жазадан қашып құтылмайды.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.