Мұғалім мамандығын таңдап, еңбек ете бастағаныма он үш жыл болды. Қиындығы, қызығы мен қуанышы мол еңбек жолымдағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Ұстаздардың ішінде математика пәні мұғалімдерінің жүгі ауыр. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады. Ұлы Абай: “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады”, – деп бекер айтпаған.
Меніңше, жақсы ұстаз – бұл қай кезде де, ең алдымен, кәсіби деңгейі жоғары, зияткер, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Сондықтан ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық мүшесі деп есептеймін және солай болуы тиіс. Өзім бұл міндетті жемісті орындау, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін көптеген жаңа әдіс-тәсілдерді алып, өз іс-тәжірибемде ұтымды пайдалануға тырысамын.
Әлемдік өркениетке сай сапалы білім беру және ақпараттық зияткерлік ресурстарды өз бетімен алатын, талдай білетін, идея беретін, үнемі даму үстінде болатын, жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлға қалыптастыру маңызды. Талап биігінен көріну мақсатында әр сабақты түрлендіріп өткізуге тырысамын. Сабақ – ұстаздың көп ізденуінен, еңбек етуінен туатын педагогикалық шығарма. Оның барысында небір күрделі қиындықтар, әртүрлі жағдайлар кездеседі. Сол кедергілерді түбегейлі зерттеп, әркімнің жеке көзқарасын ескере отырып, ой таразысына салып, тиімді шешуді мақсат етемін. Ұстаз жігерлі, ойшыл, шығармашыл бола отырып, сол қасиеттерді оқушы бойына сіңіре білуі керек деп ойлаймын. Сонда оқушылар да өз бетінше оқып, ізденіп білім алуға үйренеді.
Сабақ кезіндегі көтеріңкі көңіл-күй, өзара түсіністік, достық қарым-қатынасты қалыптастыру да мұғалімнің шеберлігін қажет етеді. Алдымдағы әр оқушының мінез-құлқын, темпераментін, жинақылығын, ұстамдылығын және денсаулығын ескере отырып, жұмыс істеуге тырысамын. Оқушылардың математикалық ой-өрісін дамыту, пәнге деген қызығушылығын ояту – басты мәселе. Күнделікті сабақтағы бір сарындылық оқушылардың ынтасын, қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан оны түрлендіріп, жаңа технологияны барынша қолданып өткіземін. Сонда сабақ мазмұны ашыла түседі, өйткені, жаңалық әр оқушының бойындағы жақсы қасиеттерді қалыптастыруға, әлеуметтік өмірдегі үдерістерге өзінше баға беру мен пайымдай алушылыққа үйретіп, адамдармен қарым-қатынас жасауға тәрбиелейді, зейіні артып, есте сақтау қабілеті дамиды. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің нәтижесі сапалы білімге әкеледі.
Мәншүк БИМУРЗИНА,
Алқатерек орта мектебінің
математика пәні мұғалімі.
Ақжар ауданы.