Өңірде 22517 адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырды. Соңғы аптаның өзінде 2650 тұрғын тұмауратты. Бұдан сырқаттану көрсеткіші ақпан айында тіпті жоғарылай түскенін байқаймыз.
24 ақпандағы дерек бойынша тұмау вирусының 288 жағдайы тіркелді. Соның ішінде А типті вирусты 170 адам жұқтырды. Қауіп тобындағы адамдарды зертханалық тексеру кезінде 14 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдердің үлесі жоғары екені анықталды. Жіті респираторлық вирустық инфекциямен 14 жасқа дейінгі балалар көп сырқаттанса, жүкті әйелдердің үлесі тек бір пайызды құрайды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті күн сайын білім беру ұйымдарында оқушылар санына мониторинг жүргізеді. Өңіріміздегі 4 мектепте жаппай сырқаттану орын алды. Балалардың жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттануына байланысты Петропавл қаласындағы №9, 24, 26 орта мектептердегі бірқатар сыныптарда сабақ уақытша тоқтатылды. Ал №6 орта мектеп бір аптаға жабылды.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” демекші, кез келген аурудың алдын алған жөн. Сондықтан ауру белгісі анықталса, бірден дәрігерге көріну қажет. Кейбір адамдар өздігінен емделеді. Бұл дұрыс емес. Аурудың алдын алу үшін науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу қажет. Бөлмені желдетіп, тазалық сақтау маңызды. Қолды жиі жуып, дәрумендерге бай тағам тұтынған жөн. Әсіресе, ағзаның қорғаныш қабілетін қалыптастыру үшін “С” дәрумені бар өнімдерді тұтынып, қарақат, тұздалған орамжапырақ пен цитрусты пайдалану артық болмайды. Таза ауада серуендеп, суда жүзіп, тыныс алу гимнастикасы мен күн сайын сауықтыру жаттығуларын жасау маңызды.
Салтанат БЕКҚОЖИНА,
облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы.