«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САБЫННЫҢ ТҮРІ САН АЛУАН

Күнделікті теледидар мен ғаламтордан сабын жарнамасының сан түрін көзіміз шалады. Бұл өнімнің соншалықты жарнамаға ие болуы тұтынушылар тарапынан сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Археологтар сабын жасау туралы деректерді осыдан 4,5 мың жыл бұрынғы Шумерлердің жазбаларынан тапқан. Білетіндер қазақта да сабын жасау технологиясы болғанын айтады. Адамның тұрмыстық жағдайы жақсарған сайын, жуынуға арналған құралдардың да түр-түрі пайда болуда. Бүгінде сабын тек тазалық құралы ғана емес, косметика ретінде де қолданысқа енген.

Жыл өткен сайын қазақстандықтардың сабынға деген сұранысы артып келеді. Мысалы 2018 жылы ел тұрғындары 50 мың тонна сабын сатып алса, бүгінде отандастарымыздың бір жыл бойы жуынуына 60 мың тоннадан астам өнім кетеді. Әзірге бұл сұраныстың басым бөлігін импорт есебінен өтеп келеміз. Тазалық құралдары нарығындағы отандық өндірушілердің үлесі – 30 пайыздың маңайында. Десе де қазақстандық кәсіпорындар да қарап отырған жоқ. Осыдан бес жыл бұрын елімізде 16 мың тонна сабын шығарылса, бүгінде бұл көрсеткіш 22 мың тоннадан асады. Осы уақыт ішінде аталған салада елге белгілі ірі компаниялар пайда болды. Алайда сауда орындарынан байқағанымыз, жұртшылық отандық өнімді сатып алуға асықпайтын сыңайлы. Көбі сөрелерден шетелдік белгілі брендтердің сабынын іздеп кетеді. Соған қарағанда көпшілік елімізде жуынуға қажетті құралдардың өндірісі дамып келе жатқанынан хабарсыз болса керек. Сауда орындарындағы бұл үрдіске жарнаманың жоқтығы да себеп.

Өңірдегі ең ірі сабын өндіруші – «Радуга» серіктестігі. 2019 жылы мұнда қатты және сұйық сабын өндіретін өндіріс орны іске қосылған. Компания «Deluxe» брендімен танымал кір сабын, қатты, сұйық сабындар мен ыдыс жууға арналған сұйықтықтар шығарады. Эконом сег ментке арналған, моншаға арналған, хош иісті, балалар сабындарының әр түрі қала дүкендерінде қолжетімді. Бағасы да тұтынушылардың қалтасына көп салмақ салмайды. Бүгінде үйінде сабын қайнататын шағын кәсіпкерлердің де қатары артып келеді. Өңірде бал мен түрлі табиғи майлардан сабын жасап, сонысын қосымша табыс көзіне айналдырып отырғандар бар. Қажет болса қатты сабыннан түрлі мүсіншелер жасап беретіндерді де табуға болады.

Есіл ауданының орталығындағы Явленка ауылының тұрғындары Гүлстан Жарасбаева мен Ақнұр Ерғалиева кірсабын шығаратын шағын кәсіпорын ашқан. Олар «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, сабын жасауды қолға алған. Бұған дейін аудандағы Николаевка ауылында сабын қайнататын үлкен цех болған. Алайда ол әлдеқашан жабылып қалған. Жергілікті тұрғындар осы істі өз қолдарына алып, сабын өндіруді қайта бастаған екен.

–Шикізат ретінде қой мен сиырдың майын пайдаланамыз. Оны ауыл тұрғындарынан сатып аламыз. Кейін қажетті қоспалары мен хош иістендіргіш қосып, кір сабын жасаймыз. Мұндағы бастысы – қоспаларды мөлшерімен дәл өлшеп қосу. Кейін оның бәрін өңдеп, сығымдап, станоктан өткізіп, кептіреміз. Жергілікті халық арасында «Есіл» кір сабынына деген сұраныс жоғары, – дейді кәсіпкер Ақнұр Ерғалиева.

Бір жарым жыл ішінде мұнда 5 мыңдай қатты сабын өндірілген. Дайын өнім жергілікті дүкендерде ғана емес, Көкшетау, Астана қалаларында да сатылады. Алдағы уақытта сұйық сабын шығару жоспарларында бар.

–Жасыратыны жоқ, сөрелерде отандық сабындардың үлесі жартысына да жетпейді. Көбі – Ресей, Беларусь өнімдері. Қырғызстан тауарлары да бар. Бүгінде жұртшылық бет, қол күтіміне көп мән береді. Сондықтан да сапалы сабын алғылары келеді. Ал жергілікті өнім ол талаптарға сай бола бермейді. Олардың өндіру технологиясы қарапайым, табиғи қоспалары аз. Сондықтан көпшіліктің сұранысына шетелдік белгілі брендтер ие, – дейді «Magnum» супермаркетінің қызметкері Диаз Аманкелді.

Мамандар сабын таңдағанда оның құрамы мен сақтау мерзіміне мән беру керек екенін айтады. Егер құрамында синтетикалық қоспалар көп, сақтау мерзімі тым ұзақ болса, сапасына кері әсер етеді. Тері аурулары бар адамдар мен балаларға жуынатын құралдар таңдағанда мұқият болу керек. Арзан бағасы, хош иісі мен жағымды түсіне қарап кез келген сабынды сатып ала беруге болмайды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp