Елімізде лаңкестер ұйымдастырған қайғылы оқиға – дінімізге, салтымызға, заңымызға қарсы жасалған қылмыс. Дін атын жамылған лаңкестердің іс-әрекеттері шариғат тұрғысынан үлкен күнә болып саналады. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында зорлық-зомбылық жасау – біздің дінімізге қарсы келу. Еліміздің бірнеше азаматы бұл қылмыстың құрбаны болды. Ислам діні мұндай әрекеттерге жол бермейді және кісі өлтіру үлкен күнәға жатады.
Лаңкестердің дәстүрлі емес жат ағымдағы топтардан шыққандары сөзсіз. Ақ пен қараның ортасы болмайтыны секілді, дін мен қылмыс – бір-біріне қарсы түсінік. Асыл дініміз жамандықтан тыйып, бейбітшілікке, татулыққа, құлшылық пен ғибадатқа, адамгершілікке және төзімділікке шақырады. Ақтөбе қаласындағы оқиғаны дінмен байланыстыру – қателік. Жалпы шариғаттың үкімдеріне келсек, ислам діні бойынша себепсіз, жазықсыз адамның өмірін қию – ең ауыр қылмыс әрі үлкен күнә. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ислам атын жамылған теріс пиғылды топтар асыл дінімізге кір келтіріп, қоғамға жаман жағымен танытқысы келеді. “Ел аман, жұрт тыныш заманда жан түршігерлік қылмысқа барғандардың адамгершілік қасиеттерден жұрдай болғаны анық. Алланың құзырында да, мемлекетіміздің заңы алдында да қылмыс жасағандар ең қатал жазаға тартылады деп сенеміз”, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты мәлімдемесінде.
Қорыта айтқанда, бұл лаңкестік құбылысты бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастырып, оның алдын алу жолдарына атсалысуымыз керек. Осы оқиғаның құрбаны болғандардың жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтып, сабырлық тілейміз. Алла оларға рақым етсін!
Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.