Мен – жеке кәсіпкермін. Атқарып жүрген ісіме орай еліміздегі, өңіріміздегі, соның ішінде өзім тұратын аудандағы экономикалық ахуалдан, бизнесте қалыптасқан жайғдайдан хабардар болу – басты мақсатым. Мұны білмейінше, тиыннан теңге құрау мүмкін емес.
Ал қазір елімізде теңгенің еркіндікке жіберілуіне байланысты тұрғындардың арасында болашаққа алаңдаушылық туындап отырғаны анық. Бұл ахуал әлемдегі экономикалық дағдарыстың салдарынан орын алып отырғаны белгілі. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың есіне салып, ашық айтты да. Мәселен, биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «…таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды» дей келіп, Елбасы әлемдік нарықтарда баға құлдырап жатқанын, тұтастай алғанда экономикалық өсімнің баяулап отырғанын айғақтады.
Мұның ақиқаттығына әлемдік экономикадағы қазіргі қалыптасқан жағдай көзімізді жеткізіп отыр. Теңгенің АҚШ долларына, Ресей рубліне шаққандағы бағасының арзандағанын көрдік. Осыған байланысты Елбасымыз Ақордада экономикалық саясаттың алдағы шараларын талқылаған кеңес өткізгенін теледидардан тыңдап, газеттерден оқыдым.
Иә, қалыптасқан жағдай қиын екені рас. Қазақстанның ең іргелі экспорт қайнары мұнай болса, оның әлемдік бағасы арзандап кетті. Ал негізгі сауда серіктестеріміз Ресей мен Қытай тарапынан біздің отандық экспорттық өнімдерге деген сұраныс күрт төмендегені белгілі. Жаһандық экономикадағы осындай дағдарыс біздің еліміздің ішкі жағдайына өзінің салдарын тигізбеуі мүмкін емес.
Аталған кеңесте Елбасы Қазақстанның ірі кәсіпкерлерімен, алпауыт бизнесмендерімен бас қоса отырып ақылдасты, тығырықтан шығудың жолдарын атап көрсетті. Бұл кеңестен ұққаным – Н. Назарбаевты әлемдегі экономикалық жағдайды күні бұрын сараптай білетіні, соған сай сын-қатерден шығудың амалдарын ерте бастан қарастырғаны. Біз осы ыңғайда бұдан бұрындары да мұндай тығырықтан Елбасының бастауымен аман-есен шыға білгенімізді ұмытпауға тиіспіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әркім өзінің қарақан басының қамын күйттемей, ұйымшылдықпен, білек біріктіре отырып ұйысуымен қиындықтарды еңсере алатынымызды есімізден шығармайық.
Қиындыққа тап болған жағдайдағы іс-қимылдың үш нұсқасының ішінен теңгенің еркін айырбас бағамының енгізілуі және инфляциялық таргеттеуге көшу дұрыс деген Елбасы ұйғарымын мен өз басым қолдаймын.
Мен қазақтың «Сабыр түбі – сары алтын» деген даналығын әр кез ойымнан шығармаймын. Абыржып, әр қиырға шапқаннан гөрі, бәрімізге сын болғалы тұрған осы кезде біріксек, берекеге жетісетінімізді білейік.
Біз әу баста ағайынды алты жігіт ынтымақтың арқасында егін егіп, мал өсірдік те, кәсібіміздің көзін таптық. Аспаннан майшелпек жауған жоқ. Бәріне шыдадық, қиындықтарға қарсы тұрып, төтеп бердік. Марқұм ата-анамыздың ақыл-кеңесімен бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығардық. Әсіресе, ұсынақты, қиыннан қиыстырып жол таба білетін әкеміздің көрегендігі, ақылмандығы, жан жомарттығы бізге үлкен демеу болды. Асыл анамыз, жастай әкеден айрылған анамыз он баласына сабырлы болуды үйретті. Өзімізге ғана емес, өзгелерге де игілік жасауды құнттап отырды. Міне, осының арқасында нәпақа иеленіп келеміз.
Қандай жағдайда да тоқтамды, сабырлы адам жеңіске жетіп, жеміске кенеледі. Сондықтан бұл қиындықты да еңсереміз дегім келеді.
Қазбек ШАЯХМЕТОВ,
жеке кәсіпкер.
Шал ақын ауданы.