Ел намысын халықаралық байқауларда абыроймен қорғап жүрген
“Sensitive” бал биі ансамблі өздерінің онжылдық мерейтойын атап өтті. Есту қабілеті төмен жасөспірімдердің өнері кәсіби шеберлерден кем емес. Тек қолдың нұсқауымен ғана билейтін өнерпаздардың әр қимылы сүйсіндіреді.
Әнді құлағымен емес, жан дүниесімен, жүрегімен сезіне білетін өнер ұжымы он жылдық мерейтойға бір жарым ай бойы тыңғылықты дайындалыпты.
– Ансамбль құрылған кезде балалармен жұмыс істеу қиын еді. Оларға би қимылдарын әуен ырғағына сай түсіндіру керек болды. Ал қазір біз сол ауыртпалықтың барлығын өткердік. Республикалық, халықаралық байқауларда менің тәрбиеленушілерімнің жеңімпаз атанғандарына қуаныштымын, – дейді “Sensitive” бал биі ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикова.
Ансамбль есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат тәрбиеленушілерінен құралған. Өнер ұжымында 30-дан аса биші бар. Олардың қатары жыл сайын толығып отырады.
Мың бұрала билеген бишілердің өнеріне тәнті болған көрермендер 2 сағат бойы рухани азық алып, тамаша көңіл-күйге бөленді. Концерт соңында ансамбльға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі сыйланды.
Ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарап, жоспарлы жұмыстарын жүзеге асыруға талпынған өнер ұжымы мамыр айының соңында Испанияда өтетін халықаралық байқауға қатыспақ.
Байболат ҚҰЛТАНОВ.