– Қазақ жерінде тұрып қазақтың тілін білу, әдебиеті мен мәдениетіне құрметпен қарап, салт-дәстүрлерін дәріптеу – болашағын осы қасиетті өлкемен байланыстырған әрбір адамның абыройлы міндеті. Күш-қауқары, ерік-жігері бола тұра бұл міндетті орындауға ықылас танытпайтын адамдардан нағыз патриот шықпайды, – деп бастады әңгімесін иран қызы Саида Бекбуди.
Қазақшаға келгенде алдына жан салмайтын өзге этнос өкілінің бұл әңгімесіне ерекше сүйсіндім, ана тілімнің мәртебесін асырған оны бауырымдай іштарта, жылы қабылдағаным да жасырын емес.
Мемлекеттік “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасымен өңірімізге оқуға келген оңтүстік өрендерінен қазақтықтың иісі аңқып тұрады ғой. Сондықтан да болар оларды жақынымыздай көріп, жылышырай танытамыз. Саида да – осы бағдарламаның игілігін көргендердің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданына қарасты Көктерек ауылында туып-өскен иран қызы қазақ тілін емін-еркін меңгеруінің себебін отбасындағы қазақылықпен ұштасқан тәлім-тәрбиемен байланыстырады.
– Мен қазақ балаларымен бірге оқып, бірге ойнап-өстім. Көктеректегі Саттар Ерубаев атындағы қазақ мектебінде білім алдым. Анам да, әкем де, туыстарым да қазақ тілін білуге, қазақтың мәдениетін құрметтеуге баса мән берді. Әкем тағдырдың тәлкегімен туған жерінен көз жазып қалған аталарымды өзегінен итермей, қонақжайлықпен қабылдаған, бір үзім нанын бөліп беріп, төрінен орын ұсынған қазақ халқының жақсылығын, қайырымдылығын бізге үнемі өсиет қылып айтып отырады. Осындай ғажап елге адал қызмет етуді басты мақсатым деп білемін. Менен кейін ержетіп келе жатқан інілерімнің де арманы осыған саяды, – дейді Саида.
Бұрын аяқ басып көрмеген бейтаныс Петропавл қаласында білім аламын деген ой оның үш ұйықтаса түсіне де кірмепті. Теріскейге ұстаздарының бағыт-бағдар беруімен табан тіреген екен. Бүгінде ол Петропавлдағы Борки кентіндегі кәсіптік-педагогикалық колледждің электрмен жабдықтау мамандығының екінші курсында оқып жүр. Аталмыш мамандықты таңдауының да өзіндік себебі бар.
– Әлемде электр қуатына тапшылық айқын байқала бастады. Оның сырын жер бетіндегі адам санының көбеюімен, адамзаттың тұтынушылық қабілетінің өсуімен түсіндіруге болады. Біздің өмір сүруіміз үшін электр қуатының алар орны ерекше. Күн сайын оған деген сұраныстың артуынан, тұтынушыларды толық қамтамасыз ету әлем елдерінің басты мәселесіне айналып отыр, – деген Саида келер жылы Астана қаласында “Болашақтың энергиясы” тақырыбымен өткізілетін “ЭКСПО – 2017” көрмесіне өз жобасын ұсыныпты.
Бұл халықаралық көрмеде қуат өндірудің тиімді, арзан, табиғатқа зияны аз тәсілдері мен әдістері көрсетіледі деп жоспарлануда. Еліміз ғана емес, бүкіл әлем мемлекеттері қуат өндірудің жаңа әдісі мен үнемдеу жолдарын іздестіріп жатқанда оған маман әрі азамат ретінде өз үлесін қосуды жоспарлап жүрген иран қызының бұл бастамасына сенім артушылар да көп.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
