«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХIII конференциясы болып өтті.

Облыстың барлық өңірінен 130 делегат қатысқан алқалы жиынды “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов ашты.

Партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы баяндама жасаған Ерік Хамзаұлы өңір бойынша әр салада қолға алынған жоспарлы жұмыстарға да тоқталды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, әсіресе, елді мекендерде шағын және орта бизнесті дамыту, аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау, денсаулық сақтау, білім салаларындағы жаңашылдықтарды жүйеге енгізу сияқты кең ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырыла бермек. Өңір басшысы тау-кен өндірісі саласындағы инвестициялық жобалар туралы айта келіп, Тайынша ауданында цирконий өндіруге кіріскен инвестор компанияның жұмысын жандандыру үшін қатаң талап қойылып отырғандығын, ал Есіл ауданындағы алтын кенін игеру технологиясын өзгертуге тура келетіндігін мәлім етті. Ал Айыртау ауданындағы Сырымбет кен орнында қалайы өндіруге әзірлік жұмысы басталып, оған қазірге дейін 2 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда жаңадан 600 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Конференцияда сөз алған “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәрібай Мұсырман Қызылжар өңіріндегі демографиялық жағдайды жақсартудың ерекше маңыздылығына назар аударды. Оның айтқан пікірін құптаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов халық санының азаюына байланысты соңғы үш жыл ішінде біздің облыс республикалық бюджеттен жан басына қарай есептеліп бөлінетін трансферттер түріндегі 32 миллиард теңге қаржыдан қағылғанын мәлімдеді.

“Астык Stеm” ЖШС директоры Сергей Звольский ауылды жерде еңбек ете білген адам үшін қазір барлық жағдай жасалып жатқандығын айтты.

Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің мұғалімі Ирина Тухватулина білім саласындағы жағымды жаңалықтарға тоқталып, бүгінде 3 тілді білу заман талабы екенін баса айтты. Аталмыш білім ордасында 9 ұлттық бөлімше жұмыс істейтіндіктен, оқушылар 4-5 тілді меңгеруге ден қойып отырған көрінеді.

Конференцияда “Нұр Отан” партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттыққа 31 адам ұсынылды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp