«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЙЛАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары ауыл-аймақты аралап, сайлаушылармен жүздесіп, өтініш-тілектерін тыңдауда.

Осы аптаның басында Парламент Мәжілісінің депутаттары Кәрібай Мұсырмен мен Сергей Звольский Мағжан Жұмабаев ауданында болып, Булаево қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысып, аудан орталығында қоныс аударушыларға арнап салынған үйлерді көріп, тұрғындарымен тілдесті. Сондай-ақ, халық қалаулылары Қазақстан мен Ресейдің шекарасындағы “Қарақоға” кеден бекетінің жұмыс жағдайымен танысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі былтырғы күзде мұнда фитосанитариялық бақылау бекетін ашқан еді.
– Турасын айтсақ, бұл бақылаудың ұйымдастырылуы шалағай болып шықты. Қаржы министрлігіне қарайтын кеденшілер мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің өкілдері бір ғимаратта қоян-қолтық жұмыс істеп жүр. Ал фитосанитариялық бақылау бекетінің қызметкерлері “өгей баланың” кейпінде екен. Бір кезде болған бірлескен жұмыс тәртібі ұмытылған. Ресей жақтан бері өткен автокөліктер мұнда фитосанитариялық бақылау бекеті барын білмей, қазақстандық кеденшілер мен шекарашылардың тексерістерінен өткен соң тоқтамай тарта береді екен, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.
Сонымен қатар депутаттар Петропавл қаласындағы “Есіл” бизнес-орталығында орналасқан облыстық кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіп кешенінің өзекті мәселелерін талқылаған кеңеске қатысты.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp