
Үстіміздегі жылы халық пен билік арасын жалғаған “алтын көпірге” айналған Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына ширек ғасыр толып отыр. Осыған орай облыс орталығындағы Оқушылар сарайында салтанатты шара өтіп, жергілікті мәслихаттардың жұмысы қорытындыланды, алдағы жоспар сараланды.
Алдымен халық қалаулыларын айтулы күнмен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.
– Депутаттар күрделі кезеңде еліміз үшін маңызды мәселелерді шешуге атсалысты. Сіздерге халық зор сенім артып, қолдау білдіріп отыр. Биылғы жыл жергілікті мәслихат депутаттары үшін жемісті болды. Алдағы уақытта да еліміздің даму жолында табысты еңбек ететіндеріңізге сеніміміз мол, – деген Марат Иманбайұлы еліміздің қоғамдық өміріндегі, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, өзекті мәселелердің түйінін тарқатудағы мәслихат жұмысының маңыздылығына тоқталып, халық қалаулыларының жарқын істерін атап көрсетті. Облыстық мәслихаттың депутаты Алтынбек Сапаров Ноғайбай елді мекенін заманауи ауылға айналдырып, көшелерді жарықтандырып, әр үйге су тартып беріп, жерлестерінің алғысына бөленсе, “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры Юрий Шоль Заградовка ауылында жабық хоккей қорапшасын, демалыс орталығын, жұмысшылар үйін салған. Халық қалаулысы Еркебұлан Мәмбетов Меңгесер ауылында осызаманғы тауарлы-сүт фермасын ашып, 35 жерлесін жұмыспен қамтығанын тілге тиек еткен Марат Тасмағанбетов депутаттарға артылған жауапкершілік жүгі ауыр екенін атап көрсетті.
Халық қалаулыларының ширек ғасыр ішіндегі тындырған істері жайлы облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко баяндады. Мысалы, алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаттары есепті кезең ішінде 38 сессия өткізіп, әртүрлі мәселелер бойынша сексеннен астам шешім қабылдаған. Сондай-ақ, халық қалаулылары бекітілген кестеге сәйкес әр ай сайын сайлаушылардың өтініш-тілектерін тыңдап, мәселелерін шешуге барын салады.
Бұл күні өңірді дамытуға үлес қосқан депутаттар мен мәслихаттар хатшыларының еңбегі еленіп, марапатқа ие болды. Тимирязев аудандық мәслихатының хатшысы Сабыр Мұстафин ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің, ал ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту жолындағы еңбегіне орай облыстық мәслихаттың депутаты, Айыртау ауданындағы Константиновка орта мектебінің директоры Василий Мантариди Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге сүбелі үлес қосқан халық қалаулыларына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.