Облыстық мәслихатта өткен семинар-кеңеске мемлекеттік органдардың, жергілікті сайлау комиссияларының, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров үстіміздегі жылы еліміздегі сайлау туралы қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде саяси партиялар мен үкіметтік емес сектордың сайлау процестеріне неғұрлым белсенді қатысуына мүмкіндік туғанын атап өтті.
– Бүгінгі семинар-кеңес – сайлау туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге, мемлекеттік органдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл мен түсіністік деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізу мәселесіне арналады, – деді ол.
Семинар-кеңес барысында сайлау процесіндегі азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды, жергілікті өкілетті органдар депутаттарының сайлауын өткізу кезінде пропорционалды сайлау жүйесіне көшуге, мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты сайлау заңнамасындағы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың сайлау процесінің негізгі қатысушылары бола отырып, сайлау заңнамасына сәйкес, атап айтқанда, сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыруда, өз өкілдерін сайлау лауазымдарына ұсынуда, сайлауды бақылауда, сайлау процесіне қатысушыларды электоралдық оқытуды ұйымдастыруда құқықтары мен өкілеттіктерінің кеңейтілгеніне назар аударды.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, “Ақпараттық-техникалық орталық” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ерлан Қосмұратов сайлаушылар туралы мәліметтерді өзектендіру жөніндегі жұмыстар, Орталық сайлау комиссиясы бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы Ольга Захарова сайлау комиссияларының өкілеттігі туралы жиналғандарға кең мағлұматтар берді. Еліміздегі қолданыстағы сайлау туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес келесі жылдан бастап сайлау учаскелері тұрғындар санына байланысты құрылатын болады. Мәслихат депутаттары да соған сәйкес сайланбақ. Өйткені, сайлау учаскелерінің құрамы соңғы жиырма жыл бойы өзгертілмеген. Осы жылдар ішінде еліміздің он бір өңірінде халық саны көбейген, ал көші-қон салдарынан алты облыстың тұрғындары азайған. Жергілікті билік органдарының міндетіндегі сайлаушылар тізімін жасау жұмысының тиімділігін арттыру, “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды дауыс беру жүйесін енгізу мәселесі де келесі жылдан бастап қолға алынбақ.
Семинар-кеңес барысында қатысушылар қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес бұл науқанға саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуына, сайлау туралы заңнамаларға енгізілген кейбір өзгерістерге байланысты жергілікті атқарушы органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын реттеу мәселелеріне қатысты түсініктер алды.
Алқалы жиында сайлау туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге байланысты сайлаушылар тізімін жасау мен учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын жандандыру, оларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Қанат Сәрсембаев, үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстар жайында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Бекшенов, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара байланысты дамыту хақында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова әңгіме өрбітті.
Семинар-кеңеске қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына астаналық меймандардан нақты жауап алып, өзара тәжірибе алмасты.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.