«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«САЛАДАН ҚҰСЫМ САЛДЫМ ТАУ ҚИЯЛАП»

Қазақ өнерінің тарихында өлең-жырдың кеніндей болған тұлғалар­дың бірі – Құлтума Өтемісұлы. Өкінішке қарай, заманында атағы алты Алашқа жайылған ақынның көп мұрасы бүгінгі күнге жеткен жоқ. Ал елге белгілі әндері осы күні көп айтыла бермейді.

Сарыарқаның сайын даласында туған Құлтума осы маңдағы елді түгел аралап, кешегі Біржан мектебінің ізбасары саналған. Оның «Құл­туманың әні» атты туындысы қызылжарлық Мұса Асайыновтың орындауында алтын қорда сақталып қалды. Ал «Демалыс» дейтін әні ақынның Қызылжарға келген сапарында туған. Деректерге сүйенсек, Құлтума Алтай-Қарпықтың шонжары Аққошқар Сайдалының асында 9 күнде 18 ақынды жеңіп, ешкімді беттетпеген екен. Ол өз заманында­ғы Шөже бастаған белгілі ақындармен сөз қағыстырған. Біржан сал өзінің бір өлеңінде оның өнері туралы былай дейді:

«Алтайда Құлтумамен болдым жолдас,

Осылай салады екен «Тайпалманы».

Алайда оның бұл «Тайпалмалы» әні бүгінгі күнге жетпеген. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди оның «Үш көтерме», «Тау қиялап» ән­дерін «Абай» операсын жазуда пайдаланған. Бұның ішінде «Үш көтер­ме» әнінің қандай жағдайда туғаны туралы дерек жоқ болғанымен, «Тау қиялап» туындысы туралы ел арасында айтылар әңгіме көп. Оның өнері туралы Ахмет Жұбанов: «Құлтума бері келе өзі сияқты ақын, әншілермен танысады. Сол арадағы белгілі әнші-ақындар Шөжемен, Орынбаймен танысады. Олар Құлтуманы сынайын деп айтысқа шақы­рады. Бірақ Құлтума ешкімнен кем түспейді», – деп жазады.

Құлтума Кереку жақта сапарлап жүрсе, түскен үйінде бір сұлу қыз бар екен. Түні бойы сол үйде жыр төккен ақын ертеңінде де сонда қа­лады. Кезі келгенде Дәме қызбен тілдесіп, көңілдері жарасады. Дәме ақынға өзінің амалы жоғынан, лажсыз басқа біреуге тұрмысқа бара жатқанын жеткізеді. Екеуінің арасындағы байланысты біліп қойған қыздың шешесі қонаққа кету керегін тұспалдап жеткізеді. Осылайша екі жан қимай қоштасады. Алайда Құлтума қайда жүрсе де Дәмені ұмыта алмаған. Сөйтіп жүргенде Дәменің еліне баратын бір жолдасы­нан оған хат жазып жібереді. Көңілі шалқыған ақын өзінің «Тау қия­лап» әнін шығарады. Әннің бірінші шумағында ол өзінің сұлу қызға сәлемдеме жібергенін айтады.

«Саладан құсым салдым тау қиялап,

Жас кезде әрбір істен еттім талап.

Бергенім сәлемдеме ала қағаз,

Ішіңнен оқы, қалқам, құпиялап».

Осылайша көңілі қалаған адамына қосыла алмаған қазақ қызының тағдыры Құлтума өлеңіне де арқау болады.

«Жақсының сөз сөйледім жиынында,

Көзіңнің болдым ғашық қиығына.

Бір жаман мал берем деп кетер алып,

Жазмыштың не шара бар бұйырығына», – деп аяқтайды ақын өз әнін.

Тағы бір нұсқа бойынша хатты Құлтума емес Дәме қыздың өзі бірінші жазған деседі. Ал ақын бұл әнін оған жауап ретінде шығарған. Дәме де сол маңдағы атағы шыққан дәулетті біреудің қызы болса ке­рек. Кейін бұл туынды туралы Ахмет Жұбанов: «Ән аса көңілді, екпінді, тіпті Құлтума Дәменің қасында тұрып, оның тал бойын құшып мәз бо­лып тұрғандай. Әлде әннің аруақтысы Дәмені көз алдына келтіріп, сүйгенімен қосылатын бір күнгей кезеңдерді көз алдына елестетті ме екен дейсің. Осы кездегі адамның қиялын, арманын киноның не театрдың сахна суретімен беретіндей техника жоқ кезде Құлтумадай суреткер дыбыс дүниесімен көз алдына Дәменің образын келтіріп, көңілін бір серпіп тастаған сияқты», – деп жазады.

Өнерімен Сарыарқаны тербеген Құлтума ақын 1915 жылы дүние­ден озды. Ал арада қырық жылдай уақыт өткеннен кейін Абайдың 100 жылдығына қойылған әйгілі «Абай» операсында «Тау қиялап» әні үші нші актыдағы хордың тақырыбы етіп алынды.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp