«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛАДА КӨШБАСШЫ АТАНҒАН КӘСІПОРЫН

“СевКазРодник” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін бұрынғы атақты “Союзцелинвод” тресіне қарасты өндірістік кәсіпорындардың жұрнағы десе болады. Жұрнағы деп жұпыны ғана айтсақ та, қандай қиын жағдайларда болсын өндірісін тоқтатпаған оны өңіріміздегі отандық темір-бетон шығаратын кәсіпорындардың бірегейі деуімізге толық негіз бар. Тоқырау жылдарының өте ауыр кезеңінде осы тектес зауыттардың барлығы дерлік жұмысын тоқтатып, жабылып қалған кезде тұрмысқа қажетті темір-бетон құбыр шығырларын шығарумен айналысқан өңірдегі жалғыз кәсіпорын осы болды.

Бұл туралы кәсіпорында 1984 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, бүгінде аталмыш серіктестікті басқарып отырған Сағат Хамзин жақсы біледі.

– Үлкен жекешелендіру науқаны бізді де соқпай өткен жоқ. Сол күйзелісті кезеңде трестің темір-бетон зауыты да тоқырап, тұралай бастады. Қалайда өндірістің құлауына жол бермеу мақсатында кәсіпорындағы тілектес жігіттер бірігіп, “Водстройиндустрия” кооперативін құрдық. Бірақ бірер жылдан соң одан да мән кетуге айналды. Әйтеуір, оны банкроттыққа ұшыратпай, аман алып қалғанымызға тәубе қылдық. Ол кездегі кооператив ісімен айналысқандар біледі, мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бола қоймады. Содан бірге жүрген төрт жігіт бірігіп, “Каркас” ЖШС-ін құрдық. Бұл құрылымда 2011 жылға дейін жұмыс істедік. Бір айтып өтерлік жай, қаншалықты қиындық көрген кезімізде де өнім өндіру үзілген емес. Басты өніміміз – су резервуарлары болмаса да, тұрмыстық құбыр шығырларын үнемі шығарып отырдық. Ал 2011 жылдан бастап жеке өзім басқаратын, қазіргі “СевКазРодник” ЖШС-і жұмыс істей бастады. Осылайша өндірісті біртіндеп жолға қоюыма кәсіпорында көп жыл бас технолог, бас инженер және директорлық қызметтер атқаруымның септігі тиді деп ойлаймын, – дейді Сағат Хамзаұлы.

Бүгінде аяғынан нық тұрған серіктестік жалғыз құбыр шығырларының толық жиынтығын ғана емес, өздерінің негізгі өнімі – панель қабырғалы су резервуарларын шығарады. “Ақ бұлақ” бағдарламасының аясында жүргізіліп жатқан магистральды су құбырларын жаңғырту жұмыстарының арқасында соңғы жылдары оған сұраныс артып отыр. Тек облыс көлемінде ғана емес, республиканың өзге өңірлерінен де тапсырыс берушілер бар. Атап айтқанда, өзіміздегі “Перспектива” ЖШС-нен басқа, астаналық “Ақжол” ЖШС-і, Көкшетаудың Гидрогеологиясы және Алматы қаласындағы “Каспий контракт торс” фирмасы 250 және 500 текше метрлік су резервуарларын алады.

Кәсіпорын осы су резервуарларын шығарудың өздеріндегі жаңа технологиясын инновациялық патентке ұсынды. Ондағы басты жаңалық – панель бөліктерін жүк көліктеріне сыярлықтай мөлшерде жасау болып табылады. Оның бұрынғы мөлшердегі панельдерден артықшылығын қазірдің өзінде сезініп отыр. Су резервуарларының панель құрамалары “КамАЗ” сияқты жүк көліктерінің қорабына еркін орналастырылады, енді оған арнайы платформалық жүк тасымалдағышқа тапсырыс бермейді.

Қазақстан бойынша мұндай су резервуарлары осы кәсіпорындағыдан басқа Алматы және Ақтөбе қалаларында ғана шығарылады. Бірақ олардан сапасы жағынан алда тұрғаны панельдерінің республика өңіріне кең тарап отырғанынан аңғарылады. Шығарылатын су резервуарларының сыйымдылық көлемдері әртүрлі, 100, 250, 500, 1000 және 2000 текше метрді құрайды. Олар үш бөлікті құрама бөліктерден тұрады, біріншісі – резервуарлық панель қабырғалары, екіншісі – бұрыштама панель қабырғалары және үшіншісі – резервуардың түп панелі. Су құбырлары желісінің елді мекендер түйінінде таза су қоймаларын жасайтын осы панельдерден басқа, кәсіпорын 1,0, 1,5 және 2,0 метрлік құбыр шығырларын, олардың қақпақтары мен түптерін шығарады. Сондай-ақ, нақтылы тапсырыстар түссе қабырғалық іргетас блоктары мен дуал плиталарын жасап бере алады.

Темір-бетон жасау кәсіпорны 2014 жылы өз тұтынушыларына 138 миллион теңгенің қызметін көрсетті. Қазір серіктестік қоймасында 15 миллион теңгенің дайын тауар өнімі жатыр. Негізінен олар – су резервуарларының қабырға панельдері. Өйткені, қыс айларында су құбырлары желісінде құрылыс жұмыстары жүргізілмейтіндіктен, оларға сұраныс бола қоймайды. Жалпы кәсіпорын қыс айларында темір-бетон өнімдерін шығаруды тоқтатады. Негізінен сұранысқа байланысты металл конструкциялық өнімдер шығарумен айналысады және жаз айларында өздеріне қажет болатын темір арматуралар дайындайды. Онда қазір үш дәнекерлеуші қол үзбей жұмыс істеуде. Цехтағы озат дәнекерлеушілердің бірі Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, қазір молынан дайындап алмаса, жаздағы тапсырыс көп кезде оған үлгере алмайды. Сондай-ақ, қолдары босаса, темір пештер, темір есіктер мен қоршаулар жасайтынын айтады.

Ал негізгі темір-бетон өнімдерін шығару жұмыстары күн жылыған сәуір айынан бастап, желтоқсанға дейін жүргізіледі. Өйткені, олардың құю және кептіру алаңдары кәсіпорынның ауласында, ашық жердегі балкалы кранның астында орналасқан. Оның өзі дайын өнімдерді көтеріп, артып жөнелтуге қолайлы. Өндіріске қажетті көптеген материалдарды астаналық фирмалардан алады. Айталық, арматуралық металдар, сондай-ақ, жылдам бекігіш және суыққа төзімді қоспалар да сол жақтан әкелінеді. Мысалы, суыққа төзімді криопласт қоспасының 1 литрі 100 килограмм цементке қосылса, бетон 30 градустық аязға дейін шыдамды болады. Сол сияқты рекамика тез кептіргіші де бетонға беріктік береді.

– Бізде барлығы 22 адам еңбек етеді. Соның ішінде өзімнен басқа төрт адам – кәсіпорын құрылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан майталмандар, әртүрлі салада жұмыс істейді. Айталық, Валентина Запорожец кеңсе қызметкері, есепші болса, Виктор Денисов – механик, Александр Свиридов – механизатор және Сергей Ткаченко дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Сондай-ақ, тындырымды істерімен көзге түсіп жүрген бетоншылар бригадирі Наил Хамидуллин мен “КамАЗ” жүргізушісі Дулат Өткелбаевты да осындай өндіріс майталмандарының қатарына қосуға болады. Соған лайықты кәсіпорнымызда еңбеккерлердің орташа айлық еңбекақыларының да біршама тәуір екенін айтып өтуім керек. Ол бізде атқарылған жұмыс көлеміне байланысты, тікелей өндірісте еңбек ететіндердің табысы 130-180 мың теңгеден айналады. Оған жыл қорытындысы бойынша берілетін сыйақыларымыз қосылады. Қысқы төрт-бес айда жұмысшыларымыздың қатаң 60 мың теңге жалақымен ғана жұмыс істегеніне қарамастан, жылдық орташа айлық еңбекақылары 120-130 мың теңгеден кем шықпайды. Сондықтан ұжымдағы кадр тұрақтылығы мықты, – дейді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын қаламызда қайта құрылып, осызаманғы озық технологиямен жұмыс істей бастаған “Единство” ЖШС-індегідей толық автоматтандырылған жағдайда болмаса да, жаздағы қызу еңбек науқаны кезінде бір құйғанда 60 құбыр, олардың отыз шақты қақпағы мен түптерін және 14 су резервуарының қабырға, бұрыштама панельдерін шығара алады. Тұрғындарды сумен жабдықтау қызметіндегі сүбелі үлесі үшін оның ұлттық бизнес рейтингісі бойынша құрама темір-бетон және бетон конструкцияларын өндіретін еліміздегі 40 шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарының арасында 2013 жылы алдынғылардың қатарына қосылып, “Алтын рейтингке” енуі тегін болмаса керек. Өндірістік үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін серіктестік басшысы Сағат Хамзин Қазақстан экономикасының “Даңқ жұлдызы” медалімен марапатталды. Сондай-ақ, 2014 жылы сала көшбасшысы атағын алды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕР: серіктестік басшысы Сағат Хамзин.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp