Бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың XXXIII сессиясында 17 мәселе қаралды. Сессия жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылу барысы баяндалды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдоланың айтуынша, салалық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жасалған талдау нәтижесі олардың бағдарлама талаптарын тиісті түрде орындамай келгенін көрсеткен. Қоғамдық дертпен күресте құзыретті ведомство ғана емес, барлық мемлекеттік органдар да белсенділік танытулары қажет деген департамент басшысы бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа соққы берер өңірлік бағдарламаны әзірлеу қажеттігінің туындап отырғанын айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалаушылық, әсіресе, мемлекеттік сатып алу саласында орын алатыны мәлім. Облыстық мәслихаттың депутаты, “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәрібай Мұсырман алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу ісімен айналысатын дербес мемлекеттік орган құруға қатысты ойын жеткізді.
Келесі мәселеде 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында республикалық бюджетті 10 пайызға қысқартуды тапсырған болатын. Бұл шамамен – 700 миллиард теңге. Осыған байланысты облыстық бюджет туралы мәслихаттың өткен жылғы шешіміне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың мәлімдеуінше, республикалық бюджеттен облысқа бөлінуі тиіс мақсатты трансферт 13 миллиард 261 миллион теңгеге кемісе, жекелеген трансферттер мен несиелер бойынша қаржы көлемі 5 миллиард теңгеге артқан. Жалпы, облыстық бюджет көлемі 7 миллиард теңгеге қысқартылды.
Сессия қарауына ұсынылған өзге де мәселелер тұрақты комиссия отырысында жан-жақты қаралғандықтан, депутаттар олардың әрқайсысы бойынша қабылданған шешімдерді бірауыздан мақұлдады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.