«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛТАНАТТЫҢ АҚИҚАТЫ МЕН АРМАНЫ

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту орталығы мен “Казкоммерцбанктің” “Құс жолы” корпоративтік қайырымдылық қоры бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін “Жұлдыздарға қара!” жобасын жүзеге асырып жатқанына биыл оныншы жылға аяқ басты. Аталмыш банк тарапынан жыл сайын қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға 100 миллион теңге қаржы бөлінеді. 2005 жылдан бері республика бойынша 600-ге жуық адам жобаға қатысуға ниет білдіріп, оның ішінде 187 адам байқау негізінде “Құс жолы” қорының грантын ұтып алды. Біздің өңірден де бірнеше адам осы жоба арқылы өз кәсібін жандандыру үстінде.

Былтыр осы банктің қайырымдылық қорының грантына ие болғандардың қатарында петропавлдық Салтанат Қарағожина да бар. Он саусағынан өнер тамған білікті қолөнерші жеке кәсіпкерлігін заңды түрде биыл ғана құжаттағандықтан, ол жас кәсіпкер ретінде аталмыш бағдарламаға қатысуға құқылы. Банктің жоба негізінде бөлген 200 мың теңге грантына өз қаражатын қосып, заманауи тігін машинкасына қол жеткізгенді.

Салтанат Әскерқызының тігіншілікпен айналысқанына 34 жыл болыпты. Оның біз көрген әрбір қолөнер туындысының түр үйлесімділігі, сән үлгісі, тігістері мен ойықтарының әсем қиыстырылғандығы соншалықты – бұйымдар көздің жауын алады. Әңгіме барысында кәсіби шебер:

– Біздің отбасында бес қыз өстік те, әжем марқұм мені тігіншілікке баулыды. Өзі іс тігіп жатса, мені қасына шақырып алатын. Баламын ғой, ойнағым келсе де, оның қасына жіпсіз байланушы едім. Әжем менің көмегім керек болған сыңай танытып, біресе машинканың құлағын бұратады, біресе инеге жіп сабақтатады, мата кестіреді, әйтеуір, мені жанынан шығармаудың амалын жасайтын. Бүгінде ойлап қарасам, ол әжемнің менің денсаулығымның нашарлығына байланысты болашағыма бағыт бергені, осы өнерден нанын тауып жейді дегені екен. Өзі де осы тігіншілікпен соғыс жылдары бес баласын асырағанын айтып отыратын. Сонда бір тон тігіп, көрші ауылдың орыс тұрғындарына бір таба нанға немесе бір пісіріп жейтін картопқа айырбастайды екен. Оның бойында Құдайдың берген шеберлігі болды. Ал мен үйренумен, талпынумен тігіншілікті табыс көзі еттім, – дейді.

Салтанат кез келген киімді тігетін шеберліктің шыңына жеткен. Қандай тапсырыс болса да, оны орындаудан қаймықпайды. Осы жылға дейін “Зингер” аталатын ескі тігін машинкасымен тігіншілік жасап жүрген мүгедек жан бүгінде сатып алынған швециялық заманауи құралды жанның рахаты деп отыр. Соңғы үлгідегі тігін машинкасына бағдарламаны дұрыс енгізсең болғаны, ол өз жұмысын атқара береді. Тіпті, оның құлағын ұстаудың да қажеті жоқ, басқа шаруаңды тындыра бер. Техниканың тіліне жетік ұлы анасының ісіне қажетті барлық бағдарламаны қойып береді. Ең бастысы – қолөнерші үшін тұтынушылардың кез келген талғамын орындау мүмкіндігі ұлғайған. Бүгінде тұтынушылардың сұранысында шек жоқ екені рас. Кейбіреулер, тіпті, Интернеттен көріп ұнатқан киім үлгісінің көшірмесін қолөнершіге әкеліп, тігіп беруге бұйымтайын білдіретін көрінеді. Ал қас шебердің қолы епті, кез келгенін жарасымды етіп тігіп береді. Салтанат осы кәсіппен шұғылдануы арқылы өз отбасының әл-ауқатын көтеріп, балаларын жеткізіп алды. Қарағожиндер отбасы Жамбыл ауданынан 2004 жылы облыс орталығына көшіп келіп, ипотекаға үй алып, ерлі-зайыпты екеуі кез келген еңбектен ерінбей табыс тауып, банктегі қарыздарын оңай қайтарған. Бүгінде отанасы үйдегі тігіншілікпен айына 100 мың теңгеден астам кіріс әкелетінін айтады. Алайда, бұл қолөнершіге төленетін ақы басқа тігіншілердің алатын төлемінен әлдеқайда төмен.

– Бүгінде әншілер мен бишілердің тапсырысы жиіледі. Жаңа тігін машинкасымен олардың киім-кешектеріндегі ою-өрнектерді оңай саламын. Сондай-ақ, ұзатылатын қыз жасауы да маған табыс көзі болып отыр. Қыз баланың жасауын жинап беру – жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Әрине, бүгінгі халықтың әл-ауқаты жаман емес. Сондықтан кім болсын қызын құтты орнына қондырған кезде оның мерейін өсіргенді қалайды. Ал берілген тапсырыстарды бір-біріне ұқсамайтын етіп тігіп беру – маған міндет, – дейді қолөнерші.

Қыста күн ұзаққа үйде отырғандықтан, тігіншілік – көңілге қонымды ермек әрі жақсы табыс. Салтанат табиғат аясында еңбек еткенді ұнататындықтан, жазда күні бойы бау-бақшаның маңындағы жұмыстарды атқарып, кешкілік басталған тігіншілік түннің бір уағына дейін созылып кететін кездер жиі болады екен. Шеберді қуантатын тағы бір жай – бүгінде тігіншілікке қажетті заттардың дүкен сөрелерінде толып тұрғандығы.

Қолөнер шығармашылық ізденістен туындайды десек, артық айтқандық емес. Сондықтан Салтанат бір сәт қиял мен арманға берілмесе, оның қолынан жауһар туындылардың шығуы да екіталай. Алайда, шебер өзінің бала арманының аяқсыз қалғанына қамығатынын да сездірді.

– Иә, өмір деген қас-қағымда өте шығады екен. Күйбең тіршілікпен арманың мен мақсатың кейінге шегеріліп, уақытты өткізіп алған кезде көкіректе өкініш қалады екен. Жастау кезімде өзімнің “Сән үйімді” ашуды армандайтын едім. Бірақ жігерсіздік басымырақ болып, мақсатым жүзеге аспай қалды. Жас өткен сайын денсаулық та бұрынғыдай емес, бүгінде аса жауапты жұмыстарды қолға алуға тіпті күмәндімін. Сондықтан жас буынға айтарым: арманның тізгініне дер кезінде жармасып, оны жүзеге асыруға тырысу қажет. Әрбір іс-әрекеттің өз мезгілі бар екенін есте сақтаған жөн, – дейді ол.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp