«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛТАНАТ ТАҢДАҒАН ЖОЛ

Салтанат Жапарованы кішкенекөлдіктер аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер ретінде таниды. Салтанат Сапарбекқызының әкесі жылжымалы автодүкеннің жүргізушісі болған. Бала күнінде әкесінің жолын тосып жүретінін еске алған Салтанат өзінің сауда-саттыққа жақын тұруына осы жайттың оң әсері болғанын жоққа шығармайды. Мектеп бітірген соң Салтанаттың таңдауы Көкшетау қаласындағы кооператив техникумы болады. Өзінің еңбек жолын туып-өскен “Ұялы” кеңшарында бастайды.

Бүгінде ол – Кішкенекөл ауылында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген нәзік жандардың бірі. Жұбайы Қайрат екеуі отбасылық бизнесті бастап, 2005 жылы аудан орталығында бос тұрған “Тұрмыстық қызмет үйі” ғимаратын сатып алып, іші-сыртын жөндеп, бастапқыда шаштараз бен кітап дүкенін ашқан еді. Істері өрге басқан сайын кәсіпкерлікті кеңейтіп, бүгінде ол жерді ойын-сауық орталығына айналдырды.

Ерлі-зайыпты іскер жандар кәсіпкерлікке қолдау көрсететін “Даму” қоры бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, жақында мейрамхана бизнесін қолға алды. Ондағы 150 орындық “Малика” дәмханасы мен жастарға арналған ойын-сауық отауы демалысқа келетіндер қатарын көбейте түсті.

– Бизнес ізденісті, шығармашылықты талап етеді. Әр кәсіптің өз қиындығы, өз артықшылығы болатыны сөзсіз. Сондықтан жақсы табыс көзін қалыптастыру үшін тыным таппай еңбектену керек. Дұрыс құрылған жоспар бизнестің жолын ашады. Біздің отбасылық кәсіпте 11 жерлесім тұрақты жұмыс істейді. Шамамыз келгенше қайырымдылық шараларынан да шет қалмаймыз, – дейді кәсіпкер.

Салтанат 1 маусым күні, күз мерекесінде, Жаңа жыл ертеңгіліктерінде, “Мектепке жол” акциясы мен аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсету шараларында ерекше белсенді.

Өн бойына Абай атамыз айтқан бес асыл қасиетті дарыта білген Салтанат Сапарбекқызы – өз отбасында ғана емес, ел ішінде де бірлік пен ынтымақты, сыйластық пен қамқорлықты қалыптастыратын адам. Іскерлігімен де замандастарының алдында. Осындай жанға көпшіліктің берер батасы да, айтар алғысы да мол.

Сарман АЯЗБЕКОВ,

журналист.

Суретті түсірген автор.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp