«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛТЫ МЕН СӘНІ ҮЙЛЕССЕ…

Қазақтың тойы қай кезде де тәрбие мектебі болған. Халық ауыз әдебиетіне сүйенер болсақ, бұрындары тойларда әдет-ғұрып пен салт-сана шыңдалып, өнерпаздардың бағы сыналып, аттың жүйрігі, мықты балуандар мен елдің дауын шешетін шешендер анықталған екен. Жастар өзара танысып, әнмен жырға шөлдеген халықтың рухани қажеттілігі өтелген. Бүгінгі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн-маңызы да өзгеше.

Жуырда “Soltústіk Qazaqstan” газетінде жарияланған мақалада (“Тойдың да естісі бар, есері бар”, “Soltústіk Qazaqstan” газеті, 11 қазан, 2018 жыл) даңғаза да дақпырт, малшашпақ тойлар турасында кеңінен айтылған екен. Шындығында осы тақырып бүгінгі күні көпшілік болып ой қозғайтын түйткілді мәселеге айналып отыр.

Алыс-беріс болмаса, ағайын-туыс жат боларын білеміз. Сондықтан той қазақтардың арасын жақындастырып тұрған нәзік жіп іспеттес. Әйтсе де “алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады” демекші, ысырапшылдыққа салынбай, салты мен дәстүрі үйлесімділікте өткен тойдың куәсі болғымыз-ақ келеді.

Тойдың шырқы сыйлап шақырған қонақтардың уақытында келмеуінен де бұзылатынына мән бермейтініміз рас. Кешкі жетіге шақырған қадірлі меймандар тоғызда әрең жиналған соң тойдың алғашқы дастарқанынан тұрғанша түннің бел ортасы болады емес пе?! Кеш қарайған сайын адамның тағамға да, ойын-сауыққа да зауқы соқпайтыны белгі-лі. Ендеше, тойға уақытында барғаннан жас та, кәрі де ұтылмаса керек.

Тойдың көңілді, мазмұнды өтуі, әрине, асабаға тікелей байланысты. Қонақтар мен той иесінің арасын жарасымды үйлес­тіріп отыру асабаның шеберлігіне тән. Ұш­қыр ой, ұтқыр сөз, әдемі қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме қонақтарды жалықтырмайтыны белгілі. Алайда, жаттанды сценарий, орынсыз әзілімен отырыстың сәнін кетіріп, қонақтарды мезі ететін асабаларды да көріп жүрміз. Қандай да болмасын әзілдің де, әңгіменің де астарында сол күнгі той иелеріне лайық тәрбиелік мәні бар ой жатқаны жөн емес пе?! Асқақ өнерді тамашалаған сайын халықтың жүрегін ой тербейді. Ендеше, тойдың өз деңгейінде өтуі үшін асаба әні мен күйі, сөзі мен әзілі жарасқан бесаспап, тума талант болуы шарт.

Қазіргі тойларымызда тілек айту бәсекеге айналып барады. Сөз бермесе, ренжитінді шығардық. Тойдың негізгі уақытының жартысынан көбін тілек-жарысқа жұмсаймыз. Осы жерде топтың ішінен жасы үлкен, аузы дуалы, айтары бар бір-екеуі сөйлесе, қалғандары қосылып құптап жат-са, нұр үстіне нұр емес пе?!

Тойда сөз жарысымен қатар би жарысы да сәнге айналып ба-рады. Жарасымды би болса жақсы ғой. Әдептен озған қыз-жігіттердің киімдерін шешіп тастап, жын соққандай билейтінін де, асабаның нұсқауымен қисынға келмейтін арсыз ойындардың ойналатынын да көзіміз көріп, көрген сайын бетіміз дуылдап жүр.

Қарызданып-қауғаланудан, қымбат әртістерді шақырып, дақпырт той жасап, ұпай жиғаннан да бас тарту керек. Одан да неке қиған жас жұбайлардың санасына дәс­түрлеріміздің ұлағатты үрдістерін үйлену тойының үстінде де үлгі ете білсек, жастардың үйлене салып ажырасуға жүрегі дауаламас еді. Тойда ұлттық құндылықтар сақталатын болса, бұл келешек ұрпағымыз үшін жасаған жақсылығымыздың бір парасы деп ойлаймын.

Әрине, отбасылық тойларға әртүрлі адамдардың пікірі мен көзқарасын таңа беруге болмайды. Дегенмен, ұлттық әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлерімізді тұрмысқа енгізуіміз қажет. “Салты мықтының халқы мықты” деген бабаларымыз. Озығын алып, тозығын тастап, өзге ұлттың қаңсығын тықпаламай, ұлттың өркениетке икемделген тұстарын жетілдіре пайдалансақ, сонда ғана тойдан рухани жағы­нан да тойып қайтатын боламыз.

Ұлтымыздың қазынасы – тойды ретке келтіруіміз қажет. Жаназада ысырапшылдыққа, аста-төкке жол бермеу мақсатында өңірімізде қабылданған шешім сияқты той мәселесінде де салт-дәстүрлердің сақталуына, той шығынына, асабаға қойылатын талаптарға қатысты арнайы ереже қабылдайтын уақыт жеткен сияқты.

Сағат ҚУАНДЫҚОВ,

ардагер-ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp