«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫМШЫЛАР САНЫ АРТҚАН

“Өз үйім – өлең төсегім” демекші, баспаналы болуды әркім-ақ армандайды. Міне, 13 жылдан бері өңір тұрғындарының осы арманы “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалының көмегімен жүзеге асып келеді. Жақында банк мамандары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қаламызда ашылған үш кеңес беру орталығының жұмысымен таныстырды.

Аталмыш банкте алғашқы жарнаны жинап, пәтерді мемлекеттік бағдарлама арқылы да, одан тыс та сатып алуға болатынын біреу білсе, біреу білмейді. Сонымен қатар баспанаға қол жеткізу үшін табысты растап, мүлікті кепілге қоюдың да қажеті жоқ. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ашылған кеңес беру орталықтарында бұл мәселелер егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Қазақстан Конституциясы көшесі, 11, 202-кабинет, Е.Букетов көшесі, 31 “А” (“Әлем” бизнес-орталығы) және Интернационал көшесі, 72 (“ТДК” сауда үйі) мекенжайларында орналасқан орталықтар ашылғаннан бері филиалға кеңес алуға келетін тұрғындардың ұзын сонар кезегі едәуір қысқарған. Банктің жетекші кеңесшісі Рустам Сералиевтің айтуынша, әрбір клиентпен жеке жұмыс жүргізіледі. Аталмыш орталықтардың кеңесшілері тұрғындарға Петропавлда құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлер жайында мәлімет беріп, депозит ашуға көмектеседі. Сонымен қатар банк бағдарламалары туралы туындаған сұрақтарға жауап беру – кеңесшілердің міндеті. Олар жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін де, демалыс күндері де жұмыс істейді. Сұрақтарды әлеуметтік желілер арқылы жіберу мүмкіндігі де қарастырылған.

Банкте 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы жинаған салымшыларға жыл соңында 20 пайыз мемлекеттік сыйақы беріледі. Сондай-ақ, бұл сыйақыны есепшотына бірден 481 мың теңгеден көп қаржы салған азамат та ала алады.

Бүгінге дейін 40 мыңнан астам салымшының 18 млрд. теңге қаржысы банк есепшотына түскен.

– Өткен жылдың 11 айында салымшылардың саны 12 мыңға артты. Бұл уақытта мыңнан астам адамға 7,4 млрд. теңгенің қарызы берілді. Жалпы 13 жылда банк қолдауының арқасында 6641 солтүстікқазақстандық өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Қазіргі таңда шаһарда құрылыс жұмыстары қызған. “Жас өркен” шағынауданында да тұрғын үйлердің пайдалануға беріліп жатқаны белгілі. Сондықтан да есеп-шот ашып, ақша жинап жатқандардың қатары қалың, – дейді банк филиалы директорының орынбасары Райхан Әбдірахманова.

Салымды комиссиясыз банк терминалдары арқылы және “Қазпочта” АҚ-ы облыстық филиалының бөлімшелерінде салуға болады. Бұл, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін қолайлы. Сондай-ақ, ақшаны банкке үйден шықпай-ақ, онлайн әдісімен де аудару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қызмет түрі www.egov.kz сайтының және интернет-банкингтің көмегімен жүргізіледі.

 Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp