Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы төлеу шеңберінде банктердің салымшылардан өтініш қабылдау мерзімін 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартты. Бұл шешім теңгедегі депозиттің өтемақысына құқығы бар салымшылардың барлығын қамту мақсатында және банктердің өтініші бойынша қабылданды.
2015 жылғы 18 тамыздағы операциялық күннің соңында салымшының екінші деңгейдегі банктерде және “Қазпочта” АҚ-да теңгеде ашылған депозиті болған жағдайда оған өтемақы төленеді. Бұл ретте банк шотындағы салым 1 миллион теңгеден аспауға тиіс.
Өтемақы төлеу жеке тұлғалардың мерзімді депозиттері бойынша жүзеге асырылады. Өтемақы алу үшін салымшы депозитті қайта ресімдеген күннен бастап кемінде бір жыл бойы депозит шотын сақтауға міндетті.
Салымшылар үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанына дейін банктердегі депозиттерін қайта ресімдеу үшін өтініш жасаулары қажет. Түсініктемелер мен кеңестерді Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Солтүстік Қазақстан филиалынан, яғни Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 6-үй мекенжайы бойынша немесе мына телефондар арқылы алуға болады: 8 (7152) 46-06-09, 46-20-14.