«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫҚТЫ ОҢТАЙЛАНДЫРУ ТИІМДІ

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында салық саласының мөлдірлігін арттыру үшін бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтып, 2017 жылы қазіргі қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізу қажет екені айтылған болатын.

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының төртінші бағыты салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңына сәйкес кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңмен енгізу көзделуде. Жалпыға бірдей декларациялау 2017 жылдан бастап енгізілмек. Жаңа форматта өз табыстары мен мүлкін жариялаудың бірінші кезеңінде азаматтық қызметшілер, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұлттық компаниялардың әкімшілік қызметкерлері декларация тапсырмақ. Екінші кезеңде 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасының барлық азаматтары декларация тапсыруға міндетті болады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен кезекті брифинг барысында кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңмен енгізу мен қолданыстағы салық режимін оңтайландыру мәселелері жөнінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Лилия Әбілева айтып өтті.

Брифингте Лилия Мырзатайқызы “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бағдарламасының 42-қадамына кеңінен тоқталды. Республиканың аумағынан тыс жерде орналасқан мүлікті жария ету (мүліктер, басқа адамның атына жазылған мүліктер, құнды қағаздар, қатысу үлестері) жұмыстары мемлекеттік кірістер органдарына арнайы декларация тапсыру арқылы өткізіледі. Декларация тапсыруға барлық азаматтар міндетті болмақ. Оның ішінде жылжымайтын мүлкі бар кәмелеттік жасқа толмаған балаларының атынан да декларация тапсырылады. Басқарма басшысы салық декларациясын қабылдау және өңдеудің орталық желісін құру мәселесі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қарауында екенін айтты. Орталық салық төлеушілердің электронды құжаттарының бірыңғай мұрағатына кіру мүмкіндігі болады. Декларанттар салықты бақылау бойынша шешім қабылдау үшін тәуекел санаттарына бөлінеді. Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 625-бабы бойынша тәуекелдерді басқару жүйесі оларды бағалауға негізделген және тәуекелді анықтау мен ескерту мақсатында салық қызметі органдары дайындайтын және қолданатын шараларды қамтитынын, сондай-ақ, тәуекелдерді бағалау нәтижелері негізінде салық бақылауының нысандарын саралап қолдану жүзеге асырылмақ.

Отырыста 44-45 қадамдар бойынша да жан-жақты мағлұмат берілді. Лилия Әбілеваның айтуынша, қазіргі таңда жанама салық салу тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінде қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізу мәселесін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жан-жақты зерттеуде. Сатудан алынатын салық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Делдалдық сипаты жоқ әлеуметтік маңызды тауарлар мен жұмыстарда, білім беру, медициналық қызмет көрсету, халықаралық тасымал және тағы басқаларында сатудан түсетін салықты алмау ұйғарылуда. Сонымен бірге кейбір қолданыстағы жеңілдіктер қысқартылуда. Отырыс соңында қолданыстағы салық режимін оңтайландырудың бірқатар артықшылықтары бар екендігі айтылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp