«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНЕ – АЙРЫҚША ТАЛАП

“Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында белгіленген экономикалық даму қағидаттары шағын және орта биз­несті қолдауға негізделген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей күрделі жағдайда пандемияның ауыр зардабын кәсіпкерлік саласы өте-мөте сезініп отырғанын, осыған орай экономикалық қиындықты еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілетінін, төлем мерзімі кейінге шегеріліп, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылатынын атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы ахуалдың әлі де күрделі екенін ескеріп, шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды.

Бүгінде жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау аса маңызды. Бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуде, бизнес ахуалын жақсартуда мемлекеттік кіріс органдары кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуіне байланысты. Былтыр түсімдер, 2019 жылға қарағанда, 18,6 млрд. теңгеге артық орындалды. Республикалық бюджетке 4,8 млрд., жергілікті бюджетке 13,8 млрд. теңге артық түсті. Биыл бірінші тоқсанда да оң көрсеткіш байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджет 2,1 млрд. теңгеге, жергілікті бюджет 1,1 млрд. теңгеге ұлғайды. Бюджетті толықтыруда қосымша резервтерді іздестіру бағытындағы іс-шаралар өз жемісін беріп келеді. Салықтық және кедендік әкімшілендіру нәтижесінде бюджетке қосымша 7473,9 млн. теңге түсті. Оның ішінде камералдық бақылау бойынша – 1762,2 млн., салық тексерулері бойынша – 1272,9 млн., ЕАЭО шеңберіндегі жанама салықтар – 637,8 млн., әкімшілік акциздер – 408,2 млн., қарыз-салық береше­гін өндіріп алу 384,7 млн. теңгені құрады.

Президент салық және кеден саласын цифрландыру арқылы “көлеңкелі экономиканың” кез келген көріністерімен ымырасыз күресу міндетін жүктеді. Осы мақсатта департаментің барлық құрылымдарына озық технология­лар енгізілген. Мәселен, “Электрондық шотфактуралар” ақпараттық жүйесі бойынша былтыр 3366183 электрондық шот-фактура берілді. “ККМ-Онлайн” арқы­лы 16831 салық төлеушіге қызмет көрсетілді. “E-Salyq Azamat” ақпараттық жүйесі салық төлеу үрдісін анағұрлым оңтайландырды. Салық төлеушіге тек 4 деректеме ғана ұсынылады. Бұрындары төлем 2-3 күн ішінде жүргізіл­се, енді санаулы минуттар жеткілікті.

Биыл 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау енгізілгені белгілі. Жекелеген азаматтар декларациялаудың бірінші кезеңінде салық есептілігі формасын (активтер мен міндеттемелер туралы декларация) электрондық түрде жібере алады. Осы уақыт аралығында екі мыңға жуық адам “E-Salyq Azamat” қосымшасының қызметін пайдаланды. Сондай-ақ бұл мобильдік қосымшада жұмыскерге есептелген жеке табыс салығының, зейнетақы жарналарының, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру аударымдарының сомаларын қарап шығуға мүмкіндік беретін “жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу” сервисі ашылды. Бұдан бөлек, “Астана-1”, “Виртуалды қойма”, “Тауарларды таңбалау”, “Тәуекелдерді басқару”, “Тауарлар қозғалысын қадағалау” ақпараттық жүйелері іске қосылған.

Мемлекеттік кірістер органдары жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі – халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету. Былтыр 581 812 қызмет көрсетілсе, соның 573 253-і салық, 8 559-і кеден саласына тиесілі. Жыл сайын электрондық түрде көрсетілетін қызметтердің үлесі артып, 98,8 пайызға жетті. Оның ішінде мемлекеттік кірістер комитеті арқылы 569 075 қызмет көрсетілді. Электрондық салық есептілігінің үлесі 99,6 пайызды құрайды. Қағаз түріндегі қызмет – 1,2 пайыз ғана. Бүгінде салықтар мен алымдардың 40-қа жуық түрі бар. Президент Үкіметке Салық кодексін және заңға сәйкес актілерді егжей-тегжейлі қайта қарауға тапсырма берді. Ондағы мақсат – салықтық міндеттемелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын барынша азайту. Бюджетті әртараптандыру мен толықтырудың қосымша тетігі ретінде салықтық мөлшерлемелерді жіктеу жөнінде де сан-салалы жұмыстар күтіп тұр.

Президент халықаралық салық салу жүйесінің нормаларына да ерекше назар аударуды талап етті. Мұның өзі шетел инвестициясын тартуға және тапқан табысты елімізге қайта құюға барынша ынталандырар еді. Тауарларды әкелу жөніндегі қызметті әкімшілендіру барысында былтыр бюджетке ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған тауарларға 17726,6 млн.теңге немесе республикалық бюджетке түсетін түсімдердің 41,5 пайыз сомасында құн салығы түсті. 621 салықтық тек­серу жүргізіліп, 1473 млн. теңге мөлшерінде салық пен өсімпұл есептелді. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға 40 кедендік тексеру жүргізіліп, өндірілген кедендік төлемдер 42,1 млн. теңгені құрады. 36,9 млн. теңге өсімпұл өндірілді. Камералдық бақылау қорытындысы негізінде салық төлеушілерінің атына 76 273 млн. теңге көлемінде 29 173 камералдық бақылау құжаты жолданды. Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде 4073 млн. теңге өндірілді. Капиталдың елімізден сыртқа шығарылуына қатаң бақылау бір сәт те босаңсымайды.

Тұтастай алғанда, облыстың сыртқы сауда айналымы 751,9 млн. долларды құрады. 78 пайызы экспортқа, 16 пайызы импортқа тиесілі. 2019 жылға қарағанда, сыртқы сауда айналымы 11 па­йызға өсті. 21 түрлі экспорттық тауардың 98,9 пайызын кедендік баж салынбайтын өсімдік тектес ауыл шаруашылығы өнімдері құрады. Астық негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, Иран, Бельгияға жөнелтіледі. Шетелден өндірістік және электр жабдықтары, сүт өнімдері, ауыл шаруашылығы және және өнеркәсіптік мақсаттағы көлік құралдары, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер әкелінеді.

Пандемияға байланысты төлем қабылеті төмендеген жекелеген салық төлеушілерге қатысты оңалту және банкроттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. 2020 жылы банкроттық рәсім жалпы кредиторлық берешек сомасы 957485,1 млн. теңге болатын 188 борышкерге жүргізілді. Түскен қаражаттың 198,0 млн. теңгесі кредиторлық талаптарды өтеуге жұмсалды. “Оңалту және банкроттық туралы” Заңның 11-бабы тәртібімен лауазымды тұлғаларды субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы 21 талап арыз беріліп, 5927,3 млн. теңгенің өтініші қанағаттандырыл­ды. 7 кәсіпорынға оңалту рәсімі жасалып, 351,6 млн. теңге кредиторлық берешек өтелді.

Мемлекеттік кірістер департаменті осы жылдың алғашқы тоқсанын да нәтижелі көрсеткіштермен қорытындылап отыр. Белсенді іс-шаралар өз жалғасын табады.

Төлеген ҚАБДӨШЕВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp