Жуырда “Даму” қоры облыстық филиалының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында “Жеке кәсіпкерлер үшін салық салу мәселелері бойынша Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы” өз істерін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған семинар өтті.
Семинар барысында жеке кәсіпкерлерге салық заңнамасына осы жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген кіріс салығын есептеудегі шаруа қожалықтары бойынша қолданылатын бірыңғай жер салығы және басқа да көптеген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерді қосымша құн салығын төлеушілерді тіркеу бойынша қандай өзгертулер енгізілгені, салық есебінің саясатын жүргізудің қандай қажеттігі бары, жанама салықтарды есептеуде өзгертулер енгізілді ме және жанама салықтар бойынша құжаттар қалай рәсімделеді деген сұрақтар қызықтырды. Осы және басқа көптеген мәселелер бойынша өз істерін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге тереңірек түсінік беруге көп жыл жұмыс өтілі бар орталықтың бухгалтер-аудиторы әрі кеңесшісі Валентина Киренко көмектесті.
Салық салу мен бухгалтерлік есептің қыр-сырына қанығуға аталмыш семинарда бизнестің қоғамдық тамақтандыру, білім беру, өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы мен сауда қызметтері салалары сияқты әртүрлі бағыттың өкілдері қызығушылық танытты.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.