Петропавл қаласындағы «Достық молл» сауда үйінде өткен «Салық туралы қарапайым тілмен» атты республикалық акция барысында есепшілер мен кәсіпкерлер тәжірибелі мамандарға өз сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды. Қаржы министрлігі – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі аясында ел көлемінде өткізілген шараның басты мақсаты – жиналған қауымды жаңа жылдан бастап Салық кодексіне енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен таныстыру.
Петропавл қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Лилия Әбілеваның айтуынша, іс-шара барысында жеке кәсіпкерлерге бақылау-кассалық аппараттарына қатысты, микро және шағын бизнесті салық төлеуден босату, кәсіпкерлер үшін арнаулы салық режимін қолдану шарттары, декларациялау жайлы бірқатар түсініктемелер берілді.
Кеңес алуға келгендер мамандарға көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарын қойды. Кәсіпкерлерді әсіресе POS-терминалдармен жұмыс істеу тәртібі толғандырады екен. Осындай сұрақпен жүгінген есепші Дина Симонова бұл кездесудің пайдасы зор екенін атап өтті.
“Біз үшін осындай іс-шаралардың пайдасы зор. Сондықтан жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегім бар. Себебі, ғаламтор арқылы барлық сұрақтарға жауап табу мүмкін емес. Телефон арқылы хабарлассақ та, толыққанды жауап ала алмаймыз. Сондықтан, білікті маманның түсініктеме бергені дұрыс деп санаймын”, – деді ол.
Келгендер мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдеріне сауалдарын қойып, жауап алды.