«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жұмыс жоспарына сәйкес 38 нысанда бақылау шаралары жүргізілді. Осы орайда 16 614,3 млн. теңге бақылауға алынып, орын алған бұзушылықтардың үлесі 18,9 пайыз, яғни 3 146,7 миллион теңге екендігі анықталды. Бұл мәліметтерді өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, бақылауға алынған қаражаттың жалпы көлемі 4 224,7 млн. теңгеге, бұзушылықтардың сомасы 34 пайызға өскендігін көруге болады.

Тексерудің қорытындысы көрсеткеніндей, 1942,6 млн. теңгеге – Бюджет кодексінің, 251,3 млн. теңгеге – Салық кодексінің, 212,6 млн. теңгеге – “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңының және электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу ережесінің, 223,1 млн. теңгеге – “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңның, 5,2 млн. теңгеге – “Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс жұмысы туралы” Заңының, 4,9 млн. теңгеге бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп-қисап ережесінің нормалары бұзылған. Осы орайда өндіріліп алуға тиісті сома – 156,2 млн. теңге. Ал қабылданған шаралардың арқасында 90,6 млн. теңге қайтарылды.  

Аққайың, Уәлиханов және Шал ақын аудандарының мемлекеттік кірістер басқармаларында жүргізілген тексеру шаралары 251,3 млн. теңгенің бұзушылығын анықтады. Ал бұдан бюджетке түсетін қаржы – 42,4 млн. теңге.

Қазақстан Республикасының салық заңнамасы жергілікті бюджетке түсуге тиісті 41,8 млн. теңге салық қарызын мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын және мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін қамтамасыз ету тәсілдерін қолданудың толықтығын және уақыттылығын бақылау кезінде бұзылған. Сондай-ақ, салық төлеушілерден жергілікті бюджетке түсуі тиіс 99,3 млн. теңгені төлеу жөніндегі міндеттемені орындауға қажетті бақылау жүргізілмеген, 34,5 млн. теңге салық және басқа да міндетті төлемдер бюджет есебіне негізсіз алынған, салық төлеушілердің дербес шоттарында негізсіз шетке шығарылған жазбалар жүзеге асырылған, жалпы сомасы 75,4 млн. теңгені құрайтын бюджетке төленген төлемді есептеу және азайту жөніндегі жазбада да бұзушылықтар бар.

Аққайың, Уәлиханов және Шал ақын аудандарының жер қатынастары бөлімдері бірқатар заңнамалардың бұзылуына жол берген. Соның салдарынан 2,8 млн. теңге жергілікті бюджетке түспей қалған. Тарқатып айтар болсақ, жасалған шарттардың талаптарының орындалуына бақылау жүргізілмей, сомасы 1 млн. теңгеге берілген жер телімінің төлемі сұралмаған. Жер телімдерін сату-сатып алу шарты бойынша оның сатып алу құнын төлеуді кешіктіргені үшін 0,5 млн. теңге көлемінде айып төлемі де есептелмеген. Сондай-ақ, жалға беру құқығындағы сомасы 1 млн. теңге болатын жер телімінің сату-сатып алу шартында көрсетілген талаптардың орындалуына бақылау жүргізілмепті.

Жоғарыда аталған бұзушылықтар лауазымды тұлғалардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтамайтындығын, мемлекеттік органдардың міндеттемелерін толық көлемде орындамайтындығын дәлелдейді. Ал бұл олқылық салық және басқа да міндетті төлемдердің жергілікті бюджетке толық және уақтылы түсуіне кедергі жасауда.

Бюджет қаражатын жұмсау кезінде (2 892,3 млн. теңге) жиі кездесетін бұзушылықтар бар. Мәселен, жергілікті бюджетке түсімдер (1 226,7 млн. теңге) көлемін нақтылау және түзету дәлелсіз, құжаттарсыз жүзеге асырылады. Білім мекемелерінде типтік штаттар мен штаттық нормативтер (454,5 млн. теңге) сақталмайды. 351,9 млн. теңгеге аудандық бюджеттің балансына есепке алынбаған нысандарға жөндеу жасалған. Бюджет шығыстарын жоспарлау кезіндегі тиісті рәсімдер тәртібін бұзушылық (273,4 млн. теңге), мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану (222,9 млн. теңге), мемлекеттік сатып алу рәсімі (212,6 млн. теңге), өсімпұлы есепке алынған бюджеттік кредиттер (72,1 млн. теңге) ғана емес, жоғары тұрған бюджетке 12,5 млн. теңге нысаналы трансферттер де қайтарылмаған.

Бюджет қаражатын пайдалануда бұзушылықтардың басым бөлігі (527,0 млн. теңге немесе 18,2 пайыз) білім ұйымдарының үлесінде. Одан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласы (453,7 млн. теңге немесе 15,7%) болса, денсаулық сақтау ұйымдары (112,4 млн. теңге немесе 3,9%) бұл үштікті тұйықтайды.

“Қызылжар орталық аудандық ауруханасы” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын тексерген кезде жалпы сомасы 52,9 млн. теңгені құрайтын қаржы тәртібін бұзушылық анықталды. Орын алған бұзушылықтар аталмыш нысанда еліміздің заңнамаларының нормаларын сақтау деңгейі төмен екендігін көрсетті. Осы орайда бас дәрігер ескерту түрінде, 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке (5 сөгіс, 2 ескерту) тартылды.

Жергілікті бюджеттің атқарылуын және Қызылжар ауданының аумағын дамытуды бағалау үшін аудандық бюджеттен қаржыландырылатын 9 ұйымда бақылау шаралары жүргізілді. Бюджет көлемі 4 393,8 млн. теңгені құрайтын аталмыш ұйымдарда 1 009,8 млн. теңгеге (23 пайыз) қаржы тәртібін бұзушылық анықталды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы (117,5 млн. теңге) және рәсімдерді орындау тәртібін (564,9 млн. теңге) бұзу да бар.

Аудан бюджетін жоспарлауды бағалау 2014 жылға арналған түсімдер болжамы жеті кіріс көзі бойынша 3,8 млн. теңгеге, ал 2013-2014 жылдарға арналған меншікті кірістің жоспарын нақтылау 68,4 млн. теңгеге есептеусіз және негіздеусіз төмендетілгендігін көрсетті.

Қызылжар ауданында жүргізілген тексеріс барысында “Қызылжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі”, “Қызылжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі” мемлекеттік мекемелері баланстарында жоқ нысандарға 351,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгені белгілі болды.

Білім бөлімінде оқушылар саны кепілдендірілген бекітілген нормативтерге сай келмейтін сегіз мектепті ұстау фактісі анықталып, бұдан келген бұзушылықтар сомасы 257,4 млн. теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, 6 миллион теңге бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылған.

Осындай бұзушылықтарға жол берген 11 лауазымды тұлғаның сегізі – тәртіптік, үшеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жергілікті бюджеттің атқарылуын және Мағжан Жұмабаев ауданының аумағын дамыту барысын бағалау үшін бюджет көлемі 3506,1 млн. теңгені құрайтын 10 нысан бақылауға алынды. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы – 326,6 млн. теңге. Бұған қоса, жалпы сомасы 66,9 млн. теңгені құрайтын рәсімдерді орындау тәртібін бұзудың 81 фактісі анықталды.

Аудан бюджетке түсетін түсімдерді болжаған кезде және 2013-2014 жылдарға арналған меншікті кірістерінің жоспарын нақтылау тиісті есептеусіз және негіздеусіз жасалуынан сәйкесінше жалпы сомасы 4,7 және 68,4 млн. теңгені құрайтын бұзушылықтарға жол берген. Аудан шығыстарын жоспарлау кезінде де 85,6 млн. теңге сомасында дәл сондай бұзушылықтар орын алған.

Негізгі қаржы тәртібін бұзушылық ретінде ауданның 25 мектебінде оқушылар санының бекітілген нормативтерге сәйкес болмауынан 2013-2015 оқу жылдары жалпы сомасы 197,2 млн. теңгеге кіші, орта және аға буындардағы педагогикалық ставкаларды нормативтен тыс ұстауын, сәйкес бейіндері бойынша арнаулы педагогикалық немесе кәсіби білімі жоқ оқытушыларға бос ставкаларды алмастыру кезінде жалпы сомасы 7,7 млн. теңге жалақы есептелген және төленгенін атауға болады. Сондай-ақ, автожолдарға 5,1 млн. теңгеге сапасыз ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған, 2,9 млн. теңге сомасында активтер мен қорларды есепке алу мекеменің қосалқы шотында жүргізілгенін, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзудың салдары 18,8 млн. теңгені құраған.

Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде жол берілген заң бұзушылық үшін 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандарының аумағын дамыту бағдарламасын іске асыруды бағалау жоспарланған нысаналы индикаторларға және нәтижелер көрсеткішіне қол жеткізу жөнінде мемлекеттік органдардың істеп жатқан жұмыстарының тиімсіз екендігін көрсетті.

Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қабылданатын іс-шаралардың тиімсіздігіне, бағдарламаны жүзеге асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың бірлесе атқарушылардың тарапынан формальдық әрекеттің болуына анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар дәлел.

Жүргізілген тексеріс іс-шаралары қаржы тәртібін сақтау, бюджет қаражатын тиімді басқару деңгейінің төмендігін, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджет жүйесінің негізгі қағидаттарын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының нормаларын сақтамайтындықтарын көрсетті.

Тексеруге алынған нысандардың қаржы тәртібін бұзуы көбіне-көп бюджетті жоспарлау, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезінде, мемлекеттік сатып алу үдерісін жүзеге асыру саласында. Сондай-ақ, бұзушылықтар жалақы төлеміне, іссапарлық шығыстар өтеміне, орындалмаған жұмыс көлемі үшін төленетін төлемге, бюджет қаражатын тиімді пайдаланбауға байланысты.

Тексеру іс-шараларының материалдары бойынша 159 тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бақылау материалдары бойынша салынған әкімшілік айыппұл сомасы 13,2 млн. теңгені құрады.

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 142-бабының 10) тармақшасына сәйкес бақылау нысандарының жауапты тұлғаларының Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін сақтамау фактілері бойынша 7 ұсыным мәслихаттарға жолданды.

Дулат ЕДІРЕСОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp