Жыл басынан бері облысымызда мемлекеттік қызметтен өз еркімен 169 адам кеткен екен. Олардың мұндай қадамға баруына еңбекақының аздығы, жұмыс жүктемесінің шектен тыс көптігі себеп болған.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңіріміздегі филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Айыртау аудандарында, Петропавл қаласында және ауыл шаруашылығы, индустриялық-инновациялық даму басқармаларында кадрлар тұрақтамайтынын ашық айтты. Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттік қызметшілер таңның атысынан күннің батысына дейін, кейде, тіпті, демалыс күндері де жұмыс істеуге мәжбүр. Осының барлығы ет пен сүйектен жаралғандардың діңкелетері сөзсіз. Мұны мойындаған департамент басшысы мемлекеттік қызметтегілердің жұмыс уақытынан тыс еңбек етуі басшыларға тікелей байланысты екенін атап көрсетті. Жоғары жақ та бұл мәселені шешуге ынта танытып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және сәйкесінше департаменттерге мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесінің сақталуын қадағалау құзыретін беруді қарастырып отырған көрінеді.
Әдеп жөніндегі кеңестің өткен тоғыз айда атқарған жұмысы да қорытындыланды. Аталған кеңестің сегіз отырысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты 11 тәртіптік іс қаралып, оның сегізі бойынша тиісті шаралар қолданылған. Белгілі болғандай, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа барғандардың қызметін жалғастыруына жол берген. Тек департамент араласқаннан кейін ғана Мағжан Жұмабаев аудандық мәдениет бөлімінің, Уәлиханов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары, Тайынша қаласы әкімі аппаратының бас маманы қызметінен босатылыпты.
Баспасөз мәслихатында кейбір басшылардың Әдеп нормаларын өрескел бұзып, қоғамдық орындарда жат қылықтарымен көзге түскен мемлекеттік қызметшілерді жауапкершілікке тартуда ескерту жасаумен ғана шектелгені айтылды. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстық департаменті мұндай басшылардың өзіне шара қолдану мақсатында облыс әкімінің атына ұсыныстар әзірлеуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “100 нақты қадам” Ұлт жоспары бағдарламасының 9-қадамында мемлекеттік қызметшілерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекітуді және үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыруды тапсырған болатын. Алайда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Айыртау және Тимирязев аудандарындағы мемлекеттік органдар жылдың басында мамандарының біліктілігін арттыруға ынта танытып, қаржы бөлгенімен, оқытуға асығар емес. Бір сөзбен айтқанда, кейбір мемлекеттік органдар кадрларының біліктілігін арттыруға бөлінген қаржыны игере алмаса, өзгелері оқудың шығынын төлей алмауда. Ғалым Тұрсынбаев аталған органдар жыл аяғына дейін бұл мәселені заң талаптарына сәйкес шешпесе, әңгіме ауаны басқаша болатынын жеткізді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.