«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Салғырттық себеп

Өткен аптада өңірімізде 24 өрт оқиғасы орын алып, 2 адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен кезекті баспасөз мәслихатында ведомство бастығының орынбасары Орал Әбдірахманов мәлімдеді.

Өрттердің 22-сі жеке тұрғын үй секторында орын алса, екеуі көліктердің ақауынан болды. Мәселен, 12 желтоқсан күні Есіл ауданындағы Явленка ауылында екіқабатты моншадан өрт шығып, оқиға орнынан 71 жастағы қарияның мүрдесі табылды. Келесі күні облыс орталығының Войков көшесіндегі екі пәтерлі тұрғын үй өртеніп, салдарынан 66 жастағы үй иесі қаза тапты. Ал 15 желтоқсанда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында екіқабатты тұрғын үйдің пәтерінен өрт шығып, газ баллоны жарылып, денесін күйік шалған 1972 жылы туған азамат ауруханаға жеткізілді.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 686 өрт оқиғасы тіркелсе, оның дені жеке тұрғын үй секторына тиесілі. От ортасында қалған 47 адам қаза тапса, 19 азамат әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Ал шығын көлемі 122 миллион теңгеден асып отыр. Өрттің шығуына, негізінен, мұржаны тазаламау және электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуда. Сондай-ақ, тұрғындар пешті қараусыз қалдырып, электр құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамайды. Жиында департамент бастығының орынбасары мұндай жауапсыз әрекеттердің салдарынан өрт шығатынын ескертті. Өрттің алғашқы белгілері анықталған жағдайда дереу “101”, “112” телефондарына хабарласу қажет.

Баспасөз мәслихатында қыс айларындағы қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Департаменттің төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Серік Наурызбаев 14 жедел іздеу тобы мен жол талғамайтын 39 техника дайын тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, қысқы жолдарда қырағылық таныту қажет. Сапарға шығар алдында метеорологиялық хабарламаға назар салсаңыз, тіпті, жақсы. Әйтпесе, жолда оқыс оқиғаға тап болуыңыз мүмкін.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp