«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚ СОҢЫ – ӨКІНІШ

Айыртау ауданында бір күнде екі отбасы көршілерін ажал аузынан алып қалды. Түнгі сағат бір кезінде Карловка ауылының тұрғыны Ринат Зайнудинов көршісінің үйінің төбесі жанып жатқанын терезеден көріпті. Ол үйде үш қарт адам тұратынын білетін Ринат көп ойланбастан көмекке ұмтылды. Жолай сол маңайда тұратын әпкесі Любовь Стрелкованы көмекке шақырып, екеуі шырт ұйқыда жатқан үй иелерін далаға алып шықты. Бірақ көмекке келген басқа көршілері оларды түн ішінде далада қалдырған жоқ. Көп ұзамай оқиға орнына «Кирилловка-Айыртау» ЖШС-нің ерікті өрт сөндірушілер жасағы мен 48 шақырым қашықтықтан өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жетті. Көптеп-көмектеп жүріп, олар тілсіз жауды түнгі үш жарымда ауыздықтады.

 Ринат Зайнудинов пен Любовь Стрелкова болмаса, үй иелері оянбай қалар ма еді, кім біледі… Өйткені өрт тез арада тарап, үйдің төбесі опырылып ортаға түсті, қабырғалар, үй жиһазы, тұрмыстық техника мен үй иелерінің жеке заттары өртенді. Алайда Ринат пен Любовь ерекше ерлік жасадық деп ойламайды. «Біздің орнымызда басқа біреу болса, дәл осындай қадамға барар еді», деген олар көршілерінің пештерін уақтылы жөндемегеніне өкініш білдірді.


Айыртау ауданындағы осы күнгі қайғылы оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Саумалкөл ауылында 5-қабатты үйдің 1-ші қабатынан өрт шықты. Үй иесі – 68 жастағы ер адам төсекте темекі шегіп жатып, ұйықтап кеткен екен. Өртсөндірушілер келіп жеткенше, қатты уланған оны көршілері далаға алып шығып, «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің қолына тапсырған екен. Қазір ол орталық аудандық ауруханада жатыр. Оның өмірін көршілері Алексей Доценко мен Руслан Байбусинов сақтап қалды.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp