«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚ СОҢЫ – ӨКІНІШ

Қазіргі төтенше жағдай кезінде жасөспірімдерді үйде ұстап отыру оңай емес. Күн жылынып, көктем шыға бастаған кезде олар төрт қабырғаға телміріп отыруға құлықсыз. Көпшілігі таза ауада серуендегенді қалайды. Алайда мамандар қазір өзен-көлдердегі мұз қауіпті екенін ескертеді. 23 наурыз күні Петропавлдағы Жеңіс саябағының маңында бір жасөспірім Есіл өзеніне батып кете жаздады. Саябақта қыдырып жүрген петропавлдық әйел төтенше оқиғаның куәгері болып, кейін бұл туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

 «Мұз үстінде жүрген үш баланы көрдім. Біреуі өзеннің арғы жағалауында, екеуі мұз үстінде ойнап жүрді. Мұз ери бастаған. Бір кезде ұлдардың бірі мұз астына құлап кетті. Періштесі қақты ма екен, мен көмекке ұмтылғанша, бала өзі шықты. Сол сәтте қуаныштан жылағым келсе де, ұлдарға ұрсып алдым. Олар өздері де қорқып кеткен екен. Енді қайтып мұз үстінде ойнамауға уәде берді. Ата-аналар, балаларыңызға абай болыңыздар!» – деп жазды Елена.
Дәл сол күні осындай оқиға Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылының маңында орын алды. 29 жасар ауылдық Алексей қауіпсіздік ережелерін елеместен, құтқару кеудешесінсіз балық ауламақ болған. Жағадан шамамен 50 метр ұзағаны сол еді, ери бастаған мұз шыдас бере алмады. Жақын маңда екі жігіт жүрмегенде, 2020 жылдың 23 наурызы Алексейдің өмірінің соңғы күні болар ма еді, қайтер еді… Петропавлдағы колледж студенттері төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жақсы меңгерген екен. Олар құтқарудың оңтайлы тәсілін қолдана отырып, батып бара жатқан адамды мұздан шығарып алды.
Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің екінші курс студенті 19 жасар Никита Казаковты және Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің екінші курс студенті 20 жасар Дмитрий Есиковті ата-аналары мен оқу орындары мақтан тұтуға толық хақысы бар. Олар қауіпті мұздан тайсалмай, өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, батып бара жатқан адамға көмекке келді. Жанымызда осындай жастар жүргені ертеңгі күнге сенім ұялатады.
Айта кетейік, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жеке құрамы алдын алу іс-шараларын үнемі өткізеді. Тек өткен демалыс және мереке күндері осындай 93 шара өткізіліп, 3000-нан астам балықшы қамтылды. Қазір мұз аса қауіпті екенін естеріңізге саламыз. Балаларды су айдындарына жібермеуді, мұздың қаупі туралы ескертуді ұсынамыз.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp