«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САЛ МАЛДЫ, САЛ ЖАНДЫ. АЯНБА!”

Түн етегі түріліп, төңірек бозамықтанып ке­леді екен. Далада шамның жарығына ша­ғылысқан ақ ұлпа қар ұшқындап тұр. Та­ңертең іссапарға жүргелі отырғандықтан, осы бір көріністі жақсылыққа жорыдым. Тас­қа басқан таңбадай халқымыздың өткені мен бүгінін қағазға қаттап, рухани құнды­лық­ты насихаттап, ұлттың ұлы мұраты үшін қызмет етіп келе жатқан облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің 100 жылдығы қарса­ңын­да газет оқырмандарымен кездесу үшін Аққайың ауданын бетке алдық. Бір ға­сыр­лық тарихы бар өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын шежірелі газет жай­лы ойға шомған көңіл жапырағынан айы­рылған күзгі ағаштай жүдеу. “Кітап, газет оқы­­майтын қазақты алда не күтіп тұр?” де­ген ой маза берер емес. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандармен жүздесу­ге асыққан біздер діттеген жерге қалай тез жеткенімізді аңғармай қалдық. Алдымен қазақ тілінде оқытатын мектеп жанындағы интернаты бар Смирнов №3 орта мектебінің ұстаздарымен кездестік. 

– Алдағы жылдың ақпан айында “Soltús­tіk Qazaqstan” газетінің алғашқы санының жа­рық көргеніне 100 жыл толады. Айтулы ша­ра қарсаңында аудандарды аралап, оқыр­мандарымызбен кездесуді ұйғардық. Газет – халықтың ортақ игілігі. Біздің газеті­міз республикадағы байырғы басылымдар­дың бірі. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айын­да “Egemen Qazaqstan” республика­лық газетінің алғашқы санының жарыққа шыққанына бір ғасыр толады. Екі-үш айдан кейін іле “Кедей сөзі” деген атаумен шыққан болатын. Қазіргі “Soltústіk Qa­zaqstan” газеті сол “Кедей сөзінің” мұра­гері, – дей келе “Қызылжар-Ақпарат” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлей­менов газеттің тарихына аз-кем тоқталып, ба­сылымда әр жылдары Мағжан Жұма­баев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов, Са­фуан Шәймерденов сияқты Алаштың асыл ұлдары еңбек еткенін мақтанышпен жеткізді. Қазақтың марғасқа перзенттерінің ізі сайрап жатқан газеттің мерейтойы қар­саңында атқарылатын шаруалармен таныс­тырған Жарасбай Қабдоллаұлы өткен бас­пасөзге жазылу науқанында қолдау көрсет­кен бір топ адамды Алғыс хатпен мара­паттады. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Борис Бая­шев, өлкетанушы Жұмабек Сансызбай сияқ­ты еңбек ардагерлері мен аталмыш бі­лім ордасының директоры Серғазы Сәдуа­қасов бар. 

Отырыста газеттің өткен тарихы жинақ­тал­ған “Дәуір дастан”, “Қарашаңырақ” кітап­тары оқырмандар назарына ұсынылып, со­нау жылдары ағартушылық қызметпен ай­налысқан қарт басылымның өзекті мәселе­ле­рінің бүгінгі күнге дейін маңызы жойыл­ма­ғаны айтылды. Соның ішінде газеттің тара­лы­мын көбейту, оқырмандардың санын арт­тыру редакция ұжымы үшін маңызды міндет болып саналады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары газеттің таралымы күрт төмендеп кетті. Бір кездері он мың данамен таралған облыстық газеттің бүгінгі жай-күйімен көзі қарақты оқырман да таныс екен. Құндылық пен құнсыздықтың күресі жүріп жатқан за­манда рухани байлықтан көз жазып қалу­дың сәл-ақ алдында тұрмыз. Ақпараттық дәуір кезеңінде өмір сүріп жатқан қоғамның санасын виртуалды әлем жаулап алғанын ұстаздар да жоққа шығармайды. Өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдаушылық білдірген Жа­расбай Қабдоллаұлы ұлттық тамыры­мыз­дан ажырап қалмас үшін жастарға дұ­рыс жол көрсетуде ұстаздар қауымына ар­тылған жүктің салмағын сараптай келе, ру­ханияттың тірегі – кітап пен газет екеніне тоқ­талды. Ұлт болашағын тәрбиелеуші – ұс­таз. Ал ұлағатты ұстаздың өзі газет оқы­маса, болашақ ұрпақтан не күтуге болады?
– Осы ауданнан редакцияда қызмет істе­ген азаматтар көп болды. Кейін өзіміз де олар­мен бір ұжымда еңбек еттік. Рәшид Бәдірленов, Серік Қасенов, Мұхамедқали Нұр­ғожин, Тұрысбек Кәдіров сияқты жер­лес­теріңіздің баспасөзге сіңірген еңбегі аз емес. Жаны жайсаң азаматтардың есімін ұлықтау игі іс. Келесі жылдың мамыр айын­да соғыс ардагері, бас редактордың орын­ба­сары болып еңбек еткен Рәшид Бәдір­леновтің туғанына 100 жыл толады. Осыған орай аудан орталығындағы бір көшеге оның атын беру туралы бастама көтергелі отыр­мыз. Газеттің мерейтойы қарсаңында бұл мә­селе шешімін тапса құба-құп, – дей келе Жарасбай Қабдоллаұлы игі бастамаға ау­данның ардагерлер ұйымы да ұйытқы бола­тынына сенім білдіріп, жиналғандарды ұлтқа ортақ басы­лым­ның таралымын көбейтуге үлес қосуға шақырды. Өңіріміздегі ана тілінде тарайтын жалғыз облыстық басылымға баспасөзге жазылу науқанында қолдау көрсетіп, бірлігі мен берекесі жарасқан ұлттың ұлы мұраты жолында аянып қалмайтындарын айтқан аққайыңдықтар халықтың көзі, һәм үні болған газеттің қоғамдағы орны мен беделі жайлы ой қозғап, ұсыныстарын жеткізді.
– Ұлы ойшыл, Әбу Насыр әл-Фараби ру­ханияттың төрт бағанасын анықтап жазып кетті. Руханият болмаған жерде мемлекет өмір сүрмейді. Облыстық газетпен мен со­нау жетпісінші жылдардан бері тығыз бай­ланыстамын. Алғашқы өлеңдерім осы газет­те басылды. Бүгінгі күнге дейін мерзімді ба­сылымдарды үзбей оқимын. Өңірде ең көп газет оқитын белсенді оқырман екенімді мақтанышпен айта аламын. Ал газет қоғамның мүддесі үшін қызмет атқарады. Сондықтан өңір­де жалғыз қазақ тілінің намысын күйт­теп жүрген басылымның таралымын көбей­туге атсалысып, мүмкіндігімізше қолдау көр­сеткеніміз жөн, – деді руханият жанашыры, еңбек ардагері Жұмабек Сансызбай. Ал бі­лім ордасының директоры Серғазы Сәдуа­қасов өңірде бір кездері қазақ мектептерінің ашылуына ұйытқы болған тілшілердің еңбе­гін жоғары бағалап, баспасөзге жазылу нау­қа­нында намысқа тырысатындарын жеткіз­ді. Ұстаздардың атынан сөз алған қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әйгерім Қазиева редакция ұжымы, тілшілер қауымы әдебиетке құштар оқушылармен кездесу ұйымдастырса деген ұсынысын ортаға сал­ды. Бұл орайда, облыс орталығындағы бір­қатар білім ордаларының оқушыла­рымен осындай кездесулер ұйымдастырылып жат­қанын айтып өткен жөн. Сондықтан әр оқыр­манның өтініші біз үшін маңызды.
Осы әңгіме Аралағаш ауылының тұрғын­да­рымен кездесу барысында да жалғасын тапты. Жақында 100 жылдығын атап өткен Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебіне жиналған қауымның пікірінен облыстық басылымның бүгінгі тыныс-тір­шілігіне қанық екенін аңғардық. Көргені көп, көкейге түйгені мол ауыл ақсақалдары газет ұлттың қамқоршысы, жанашыры екенін айта келе, қарашаңырақтың мерейтойы қар­саңында мерзімді басылымның таралымын көбейтуге мүмкіндіктерінше қолдау білдіре­тіндерін жеткізді.
– Ауылға пошта ара-тұра келетіндіктен, бір кездері газеттен қол үзіп қалдық. Құдай­ға шүкір, қазір аптасына бірнеше рет газет қо­лымызға тиеді. Тарихи мақалаларды тұ­шынып оқимын. Мұндай материалдар оқыр­мандарға керек. Жастарға тәрбиелік мәні бар хадистерден үзінді берілсе, тіпті жақсы болар еді. Мәселе, адамды дінге бұру емес. Танымдық әңгіме, ой-тұжырымдар адамды тәрбиелейді, – деді ауыл имамы Көкөш Қаңтарбаев.
Бүгінде жүзден астам шаңырақ түтін тү­те­тіп отырған ауылдың әлеуметтік мәселе­ле­рі ретімен шешімін тауып жатқанын айтып өткен жөн. Тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Дінге бет бұрған тұр­ғындар үшін намазхана мен алыстан мен мұн­далап тұрған үшқабатты мектептің сыр­ты­на күрделі жөндеу жүргізілген. Мектеп де­мекші, білім ордасында жиырма бес ұстаз еңбек етіп, жүзге жуық бала білім алуда. Өкінішке қарай, ұстаздардың арасында өткен жартыжылдықта “Soltústіk Qazaqstan” газетіне жазылған адам саусақпен санар­лықтай. Бірақ ұлт, тіл, дін, діл мәселесіне кел­генде жүрегінде намысы бар қазақ аянып қалмасы анық. Сондықтан аралағаштықтар сенімге селкеу түсірмес деген ойдамыз.
Келесі бағытымыз қаймағы бұзылмаған Дайындық ауылы болды. Түтіні түзу ұшқан ауыл тұрғындарының тұрмысы ауылға кіре берісте-ақ аңғарылып тұр. Бір көшенің бо­йында орналасқан шағын ауыл болса да, мұн­дағы тыныс-тіршілікке көңіл марқайды. Ор­талықтандырылған ауыз су, жылумен қам­тамасыз етілген тұрғындардың көңілі тоқ. Бастысы барлығы жұмыспен қамтыл­ған. Заманауи үлгіде салынған шағын орта­лық, мектеп, спорт кешені мен мешіт ауыл­дың ажарын аша түскендей. Бір ғасырлық тарихы бар өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағының мерейтойы қарсаңында ат ізін салған жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовке ризашылығын білдірген ауыл тұрғындары газеттің өткен санында (22 қа­зан, №124) “Әр шаңыраққа – “Soltústіk Qazaqstan”!” тақырыбында жарық көрген Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы тұрғындарының солтүстікқазақстандықтарға Үндеуін бір­ауыз­дан құптады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, іссапар ба­рысында өткен жартыжылдықта баспасөзге жазылу науқанында газетімізге қолдау біл­дірген Аралағаш, Дайындық ауылдарында­ғы жанашырларымыз Жұмабай Нұртази­нов, Айман Әлімтаева, Талғат Рамазанов сын­ды бір топ адамға Алғыс хат берілді. Ауылдың гүлденуіне ғана емес, ру­ханияттың дамуына да айрықша үлес қосып жүрген “Дайындық” жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігінің директоры Біржан Шаймерде­новке де дәл осындай құрмет көрсетілді. Елдің ертеңін ойлаған, рухани құндылықтың мән-маңызын түсінген, соны санасына түй­ген осындай ел азаматтарының газетке қол­дау білдіруі маңызды. Айтылған сөз – атыл­ған оқтай. Біз үшін аңқылдаған ауыл адам­дарының уәдесі орындалуымен құнды. Ал түнде ұшқындаған ақ ұлпа қарды жақсы­лық­қа жорығаным бекер емес екен. Аққайың ауданы тұрғындарының өңір айнасы, ұлты­мыздың жанашыры – “Soltústіk Qazaqstan”-ға деген пейілдері ақ екен.

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp