Облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері арасында самбо күресінен бесінші республикалық чемпионат өтті. Бәсекеге еліміздің әр облысынан 100-ге тарта балуан қатысып, 8 салмақ дәрежесінде сайысқа түсті.
Спорттық шараны құттықтау сөзімен ашқан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Бөкенбай Жүсіпов бұл доданың мақсаты қызметкерлерді отансүйгіштікке тәрбиелеу, саламатты өмір салтын ұстанып, оны насихаттау, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің имиджін көтеру екендігін айтып, балуандарға жеңіс тұғырын бағындыруға тілектестігін білдірді. Бұдан соң Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, дүбірлі дода басталды.
Тартысты бәсекеде балуандарға залда жиналған әріптестері қол соғып, айрықша қолдау көрсетті.
– Боз кілемде жасындай жарқырап, үздік нәтижеге қол жеткізген қызметкерлер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің құрама командасына қабылданды. Енді олар үстіміздегі айдың соңында Ақтөбе қаласында самбодан құқық қорғау органдары, күштік құрылымдар қызметкерлері арасында өтетін ел біріншілігінде бақ сынайды, – деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аға инспекторы Әділ Қайырбаев.
Жарыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үшінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының балуандары иеленсе, екінші тұғырға шығысқазақстандық самбошылар тұрақтады. Ал өңіріміздің құрамасы республикалық доданың жеңімпазы атанды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.