«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА” АҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Астанада “Самұрық-Қазына” АҚ Трансформациясының тұсаукесеріне арналған форум барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламаның негізгі мақсаттарына тоқталды.  

“Трансформация бағдарламасы бірнеше мақсаттарды қарастырады. Біріншіден, “Самұрық-Қазына” қорына кіретін компаниялар құнын арттыру. Екіншіден, “портфельмен басқару” тиімділігін арттыру. Үшіншіден, Үкімет пен қор директорлар кеңесі, қордың басқармасы, сондай-ақ, қор мен оның “портфельді компаниялары” арасында жауапкершіліктерді нақты ажырату”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Президент бұған кедергі келтіретін мәселелер де аз еместігін атап өтті. Елбасының айтуынша, трансформация – бұл күрделі жұмыс. Әлемде осы жолмен жүрген 100 мемлекет болса, соның 70-нің жолы болмаған. “Біз сол 70-тің ішінде емес, қалған отызының арасында болуымыз керек. Өйткені, сол отыз елдің бүгінгі жетістіктері адамды таңғалдырады. Біз де бұған ұмтылуға тиіспіз”, – дей келе Президент мысал ретінде сингапурлық “Темасек” қызметін алға тартты.

“Қазақстан – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз жолымен жүре бастаған жас мемлекет, біз жақында Тәуелсіздігіміздің 23 жылдығын атап өтеміз. Біз осы жылдарда айтарлықтай жұмыс атқардық. 1994-1995 жылдардағы 2100 пайыздық инфляцияны еңсердік, тақыр жерден мемлекет тұрғыздық, оның ішкі-сыртқы саясатын қалыптастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Елдің ахуалын ең төменгі деңгейден 16 есеге жеткіздік, қазақстандықтардың табысы 12 есеге өсті. Бүгінгі күні біз мүлде басқа Қазақстанды қалыптастырдық, мүлдем жаңа ұрпақтар өсті. Тіпті, әлемнің ең жақсы курорттарында демалатындардың арасында да қазақстандықтар бар. “Болашақ” бойынша ғана емес, басқа да жолдармен әлемнің ең жақсы университеттерінде оқитындар да қазақстандықтар”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте Елбасы өткен жолдардың ешқайсысы оңай болмағанын, дағдарыстарды еңсеруде де көптеген қиындықтар кездескеніне тоқталды.

“Мен мұның барлығын не үшін айтып отырмын? Алда қойылған міндеттердің барлығы – бұрынғыдан бетер ауыр. Бұрынғыдан бетер маңызды. Неге? Өйткені, біз даму сатысын өттік, оны еңсердік, бұған мақтануға да болады. Алайда, әлемнің озық отыз елінің қатарына кірмек болсақ, онда оңай болмайтыны анық”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

“Самұрық-Қазына” ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруы тиіс, деп атап көрсетті Президент. Назарбаев Университеті базасында құрылған ғылыми-зерттеу орталығы бұл тек алғашқы қадам ғана. Зерттеу зертханаларын құру керек. Компаниялардың өздері ғылыми орталықтарға әлемнің жетекші ғалымдарын тартуы тиіс. Әлемнің көптеген компаниялары дәл осылай жасайды”, – деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы қордың зерттеу және әзірлеме жұмыстарына шығындайтын қаржысы орташа тәулікте 10 есеге артуы керектігін баса айтты. “Жаңа өнімдер технологиясының өзіндік инновациясын құрмай, қор еш уақытта да өз өнімділігін көтере алмайды және әлемдік нарыққа шықпайды”, – деді Президент.

 “ҚазАқпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp